Асқар Әнуарұлы Жакулин – алаштың ардақты бір азаматты арамыздан кетті. Әнуар мен Фатиманың сары домалағы болып 50 жыл бұрын дүниеге келген Асқар атына заты сай шарықтап Алатаудың асқар шыңына дейін самғап көтерілді. Халық баласы ретінде қыранды көк туын жамылып соңғы мәңгілік мекеніне аттанды. Бақұл бол, бауырым!
Отыз жылдай достасып, аға-бауыр болып жүргенде оның қаншалықты шарықтап көтерілгенін көзімізбен көрдік. Енді соның бәрі сағыныш. Енді Асқардың Жәкула атасына арналған кітаптың соңғы сөзінде халқына, достарына қарата жазған “сіздерді шексіз қадірлейтінім сияқты, мен де сіздердің мәңгілік сүйікті жандарыңыз болып қалуға тырысып бағармын-ау!” дегеніндей болды. Біздер үшін мәңгілік сағыныш болып қалды. Енді сол асыл қасиеттерін айту арқылы ғана сағынышымызды басамыз.
Асқардың атасы Жәкула Шығыс Қазақстан облысында туып-өскен адам. Ол кісі ел басқарып, болыс болған, сол замандағы көзі ашық, көкірегі ояу, алдыңғы қатарлы ел ағаларының бірі. Тарихи деректер Жәкуланың Алаш көшбасшыларымен ниеттес, тілектес болғанын айтады. Кейін совет үкіметінің бай-манаптарды кәмпескелеуі басталғанда қуғындауға ұшырап, 1928 жылы Қытайға өтеді. Жәкула жас кезінде Омбының фельдшерлер мектебінде оқыған. Кейін Қырғызстанның Пржевальск қаласында 25 жыл бойы дәрігер қызметін атқарған адам. Оның екі баласы Мағауия мен Әнуар да Қытайға қарасты Шыңжаңда ел ісіне араласқан қайраткер тұлғалар. Кейін Қытайдың қызыл коммунистері жасаған «Мәдениет төңкерісінде» қуғын-сүргінге ұшырайды. Асқардың әкесі Әнуар сонда, түрмеде көз жұмады. Әнуардың тағдыры белгілі жазушы Қажығұмар Шабданұлының “Қылмыс” романында да көрініс тапқан. Ол ұзақ әңгіме әрине. Асыл дос, тектінің тұяғы Асқардың бойында елден ерек қасиеттер көп еді, соның төртеуін тілге тиек еткім келеді.
Асқар лидер еді…
Асқар Әнуарұлы Жакулин – қытайдағы басқарушы зиялылар отбасында дүниеге келді. Атадан, әкеден, анадан келген тәрбие оны жастайынан ұлтшыл етті. Пекиндегі студенттік өмірі осы бағытын ұштай, жетілдіре түсті. Өйткені, 80-жылдары қытайда жүргізілген «мәдениет зор төңкерісінің» солақай саясаты басылып батыспен қайтадан араласа бастаған кезі еді. Қытай орталығы Бейжіңде әр қайсы университеттерде түрлі еркін идеялар айтылып, қызу пікір сайыстар болып жататын кездер еді. Асқар қытайдағы негізін америкалықтар қалаған ШинХуа университетінде оқып жүріп, сондай дебаттарда ұшқыр, ақылды ойларымен жарқырап, лидерлік қасиетін көрсетіп жүретін.
1988-жылы Қытай әдеби журналында “Алыстағы ақ отау” деген бір хикаият жарияланды. Онда ұлты қытай жазушы қазақтар туралы жаза келіп, «қазақтар қонағының қойнына қызын салып береді» деген мазмұнда сөз айтады. Бұл оқиға қазақ студенттерін қатты ашуландырды. Сонымен бейжіңдегі студенттер бас қосып жиналыс өткізіп, «үнсіз қалуға болмайды!» деп шештік. Сонда не істеуміз керек? Түрлі көзқарастар айттық. Сол кезде Асқар “тыныш митингіні” ұсынды. Қытай ұлттық істер комитетінің ғимаратты алдына барып, жүздей қазақ студенттері плакаттарымызды жазып отырдық. Қытай ұлттық істер комитетінің басшылары мен шыңжаңнан келген біраз қазақ басшылары бар студенттерді жиын залына кіргізіп пікірлесті. Асқар және біразымыз сахнаға шығып, қазақтың намысы тапталды деген пікірлерімізді білдірдік. Діттеген мақсатымызға жеттік. Журналға айып пұл салынды, жазушыға ескерту берілді. Сол кездегі тірлігіміз туралы кейін әңгімелескенде қайран Асқар “сол кезде қазақтың намысы шетін еді ғой, бізді қорғайтын адам жоқтай сезілуші еді. Соның бәрі отарлық, өзімізге деген сенімсіздіктен екен ғой. Қазір қаншама өстік” деп күліп еді.
Асқар өте әділетшіл еді…
Ол қазақтың жоғын жоқтаумен бірге өзге дүниеге де сергек қарай бастады. 1987-жылдың көктемінде Тибеттің орталығы Лахса қаласында тибеттермен қытайлар арасында қанды қақтығыс болды. Қытай үкіметі ереуілшілерді оқпен тоқтатты. Қан ақты, қоғамдық пікір екіге жарылды. Сол кездегі бір дебатта Асқар билік жай халыққа оқ атқаны ешқашан тура емес дегенді дәлелдемек болды. Бірақ қытай студенттер өз пікірлерін жақтап тұрып алғанда ашуланып, “билік олардың талабына оқпен жауап бергенін тура десеңдер, бір күні сендердің талаптарыңа сондай жауап беруі мүмкін” деген еді. Айтқандай келіп, еркіндікпен демократия талап еткен қытай студенттерінің 1989 жылдың жазында Тиананмин алаңында оқпен таратылғанын бүкіл дүниежүзі көрді. Ол кезде университетті тамамдаған Асқар батыс демократиялы елді өз көзімен көруге, білімін толықтыруға жол іздей бастады да, Германияға оқуға кетті.
Асқар өте іскер еді…
Түркияда, Германияда бизнестің алғашқы әліппесінен өткен ол 1990- жылдардың ортасына қарай Бейжіңге қайта оралып, «құрлыс-сауда» компаниясын ұйымдастырып, ғасыр соңына дейін бірталай нәтижелерге жетті. Миллиардтардың бәсекесі арасынан биігінде болды. Талай ғимараттар салды. Қытайдағы тұңғыш “ауыл” деген қазақ сайтын құрды. Бірақ соның бәрі жүрегіндегі ұлтына, еліне деген ынтығын баса алған жоқ. Жаңа ғасырдың басында бәрін тастап Алматыға біржолата көшіп келді. Осыдан бастап университеттен соң әр тарапқа кеткен басымыз Алатау бөктерінде қайта қосылды. Асқар айтушы еді: “Біз бақытты қазақтармыз. Қанша қан мен тер көз-жасты Құдай көрді. Әділеттілік жеңіп, Тәуелсіздік келді. Енді аянбай жұмыс істеп осы Тәуелсіздікті нығайтуымыз керек” -деп. Айтқандай өзі аянбай жұмыс істеді. Қазақ-қытай арасында ең нәтижелі жұмыс істеген “Ас-ай” компаниясын құрды. Қаншама игілікті істерді істеді. Қаншама адамдарға жұмыс берді. Шаһит болған алаш арыстарына ас берді. Жақсы оқыған оқушыларға степендия тағайындады. Қаншама бағаналы шешімдер жасап арттағыға ізі мен сөзі қалды.
Асқар өте білімді еді…
Студент кезінен өзгеге ұқсамас тәсіл, ынтамен білім жинады. Ағылшын, неміс, қытай, орыс, түрік тілдерін еркін меңгерді. Қайран ер! “Бизнисті тастап, қай министірлік басына министр етіп қоя қойса алып жүріп кетесің ғой” – деп әзілдеуші едік. Асекең де расында сондай қарым-қабілет бар еді. Қайран ер! Тарихтан, технологиядан, экономикадан, саясаттан тіпті діннен білімі мол болды. Соның бәрін бір басына жинап, ұлтына ағыл-тегіл берер жаста арамыздан аттанып кете барды… Бір кем дүние-ай!
Соңында Айдана есімді қызы, Айқұт есімді ұлы қалды. Солар ғұмырлы болсын, Алашшыл әулеттің ардақты перзенттері арманыңның жалғасындай жарқырап көрінсе екен дейміз! Алдыңнан Алла жарылқасын! Дұға қыламыз. Бақұл бол, бауырым!
Азат Кәрімұлы
Пікір қалдыру