Елбасы: Қорғанысты күшейту керек

/uploads/thumbnail/20170708151406150_small.jpg

Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңеске министрліктің және ҚР ҚК Бас штабының басшылығы, департаменттер мен бас басқармалар бастықтары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары мен қолбасшылары қатысты, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы елдің қорғаныс қабілетін нығайту мәселесіне әрдайым зор көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Қазақстандықтар армияның жауынгерлік қабілеттілігіне және өз міндеттері мен Жоғарғы бас қолбасшының бұйрықтарын орындай алатынына сенімді болуға тиіс. Соңғы жылдары армияны қаржыландыру барынша артты, үшжылдық бюджет жиынтығы бір триллион теңгеге жақындады. Ал бұл тіпті Еуропаның бай елдері әскери шығындарын ғана емес, әлеуметтік бағдарламаларын қысқартуға мәжбүр болып отырған әлемдегі экономикалық жағдайлардың қазіргідей қиын кезіндегі жағдай. Мемлекет қарулы күштер мен әскери қызметшілер үшін барлығын жасауда. Тек өткен жылы ғана 7 мыңға жуық әскери қызметші тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 5430 адамға тұрғын үй жалдауға өтемақы төленді. Қарулы күштер офицерінің ақшалай үлесінің орташа мөлшері – 170 мың теңге. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету – ел азаматтарының барлық санаты арасында ең жоғары деңгейде. Мұндай қамқорлыққа жауап ретінде Қазақстан халқы армиямыздан – жоғары жауынгерлік дайындық, ал әскери қызметшілерден – кіршіксіз тазалық күтуге құқылы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті министрліктің орталық аппаратының және өңірлік қолбасшылықтың, әртүрлі әскер түрлерінің жетекшілері қойған міндеттерді орындауда халық алдында жауапты екеніне назар аударды.

– Біз әскери өнімді тек Ресейден емес, өзге елдерден де сатып аламыз. Армияның әлемдік санаттағы озық үлгілерді қолдана отырып, қайта жарақтануға мүмкіндігі бар. Біз бұл бағытта ешкімнен артта қалуға тиіс емеспіз. Елдің әскери-өнеркәсіптік кешені тікұшақтар, әскери оптика, радиолокация және радиоэлектронды күрес жүйелерін құрастыруға кірісті, сондай-ақ әскери-теңіз флоты үшін кемелер жасалуда, авиациялық және броньды техника жөндеу ісі ұйымдастырылған. Бірақ бұл да жеткіліксіз, ол жұмыс аясын кеңейте түсу керек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жаңа қорғаныс зауыттарын салу елдің индустриялық дамуының маңызды бағытының бірі екенін айтты.

– Әскери зауыттар жұмысы есебінен өзге салалар да дамиды, сондай-ақ экономиканың басқа секторларынан тапсырыстар түсе бастайтын болады. Сондықтан Қорғаныс министрі Үкіметпен бірлесіп, қандай нысандар салатынымыздың айқын жоспарын жасауға тиіс. Мәселен, патрондар мен снарядтар өндірісі мәселелерін кейінге қалдыруға болмайды. Әскери-техникалық жаңғырту қарқынын одан әрі үдете түсіп, армиямыздың қайта жарақтандырылуы үдерісін жандандыру қажет. Тек қарулы күштерді ғана емес, құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтерді де қамтамасыз ету үшін елдің әскери-техникалық кәсіпорындары шығаратын өнімдер номенклатурасын одан әрі кеңейткен жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қарулы күштер қатарындағы кадр жұмысына өзгерістер енгізу қажеттігіне назар аударды.

– Қарулы күштердің негізі – офицерлер, сержанттар, яғни өз өмірін саналы түрде Отанына қызмет етуге арнаған адамдар. Тәрбиелік және патриоттық жұмыстарды жетілдіру, солдаттан генералға дейінгі моральдық рухты күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдау қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қарулы күштерді дамытуға назар аудару әрбір мемлекеттің парызы екенін атап өтті және министрліктің бүкіл әскери құрамының қызметіне табыс тіледі.

http://baq.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар