Абай облысындағы әскери бөлімде 18 жастағы Саламат Сәбитов көз жұмды. Оның туыстарының айтуынша, сарбаз әскерге денсаулығында ақауы бола тұра алынған. Саламат наурызда Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылып, үш апта ғана қызмет еткен. Ант қабылдап та үлгермеген.
Туыстарының сөзінше, оған омыртқа мен көз мәселелеріне байланысты «әскерге жарамсыз» деген анықтама берілген. Соған қарамастан, оны танк бөліміне жіберіп, кейін жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түскен. Сарбаздың өліміне ми қабынуы мен менингит себеп болғаны айтылды.
"22 сәуірде екі қызметкер түнгі сағат 22.00-де үйге келді. Ұлымды әскери міндетінен жалтарып жүр деп айыптап, қылмыстық қудалау қаупі төнетінін айтты. Тіпті іс әскери прокурорға берілетінін жеткізді. Әйтпесе бізге төрт миллион теңге айыппұл төлеуге тура келетінін алға тартты. Ал менде ондай ақша жоқ. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Таңертең оны сол жерден әскерге алып кетті. Алайда бұл кезде мен жұмыста болдым. Оны пойызда болған кезде ғана көрдім. Мезгіл-мезгіл қоңырау шалып тұрдық. Ештеңеге шағымданған жоқ. Содан кейін ұлым жансақтау бөліміне түсті. Командир бәрі жақсы екенін айтып, алаңдамауымды өтінді. Алайда біз сенбей туысқанымызды жібердік. Туысымыз Саламаттың комаға түскенін хабарлады. Содан мен ауруханаға таңертең жеттім. Сол күні оның жүрегі тоқтап қалды", – деп жылады сарбаздың анасы.
Саламаттың анасы баласын әскерге жібермесе, айыппұл салынатынын айтып, қорқытқанын жеткізді. Қорғаныс министрлігі сарбаздың өлімін растады. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр.