«Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының жетекшісі, танымал марафоншы Марат Жыланбаев қазір түрмеде жеке заттарынан айырылып, еденде ұйықтауға мәжбүр.
14 мамырда Жыланбаев отбасына қоңырау шалып, түрме қызметкері төсек жаймасын, орамалын, сағатын, дәрі-дәрмегін және күнтізбесін алып кеткенін, әрі еш түсініктеме берілмегенін жеткізген.
– Әдетте Марат сәрсенбі сайын хабарласады. Бұл жолы да хабарласты, бірақ ерекше қобалжып тұрды. Ол өзінің тәртіптік изоляторда отырғанын және бұл әрекеттердің моральдық қысым екенін айтты, – деді әйелі.
Жыланбаев сәуір айында аштық жариялап, оны 40 күннен кейін, 4 мамырда, денсаулығына байланысты тоқтатқан. Жұбайының айтуынша, ағзасы қатты әлсіреп, диарея болып, дәрігерлер оған тек Линекс пен Фестал берген.
Сондай-ақ, екі айдан бері оған газет-журналдар берілмейді, хат алмасуға да мүмкіндік жоқ. Әйелінің айтуынша, Жыланбаев құқық қорғаушылардан енді газет жібермеуді сұраған.
– Ол жаймалары алынған соң еденде жатуға мәжбүр. Маған: «Келесі сәрсенбіде хабарласпасам, басыма бірдеңе болды деп біліңдер», – деді. Не істерімді білмей отырмын, – дейді жұбайы.
Азаттық Степногорск қаласындағы №4 түзеу мекемесінің басшысы Қанат Тұлақовқа бірнеше рет хабарласқанымен, жауап ала алмаған. Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне ресми сұрау жіберілгенімен, жауап әлі келмеген.
2023 жылғы қарашада Астана қалалық соты Марат Жыланбаевты «экстремистік ұйым ісіне араласты» және «экстремизмді қаржыландырды» деген айыппен 7 жылға бас бостандығынан айырған. Ол бұл айыптауларды жоққа шығарып, істің саяси астары бар екенін айтқан. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп таныды.
Ал ресми билік елде саяси тұтқын жоқ, ешкім пікіріне бола қудаланбайды деген ұстанымда.
Алайда, халықаралық ұйымдар Қазақстанды Марат Жыланбаевты босатуға үндеп келеді. Жақында International Partnership for Human Rights ұйымы оған тағылған айыптарды бейбіт оппозициялық қызметі үшін жазалау деп бағалады.