Өткен аптада Қазақстандағы БҰҰ Өкілдігінде республика тарихындағы тұңғыш елші ханым Ақмарал Арыстанбековамен кездесу өткізілді. Кездесуде БҰҰ тарихы туралы деректі фильм көрсетіліп, Ақмарал Хайдарқызы Қазақстанның халықаралық ұйымға мүше болу тарихы туралы дәріс оқып, жас дипломаттардың сұрақтарына жауап берді. Қазақстанның 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясының қорытындысы бойынша Қазақстан БҰҰ-ға мүше болып қабылданған. Бүгінгі таңда республикада БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, барлығы 15 өкілдік жұмыс істейді.
Қазақстанның 1 дәрежелі дипломаты, республика тарихындағы тұңғыш елші ханым Ақмарал Арыстанбекова 1991-1992 жылдары Ресей Федерациясының Біріккен Ұлттар Ұйымындағы бас кеңесшісі болып қызмет атқарды. 1992 жылдың 15 сәуірінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақмарал Арыстанбекованы Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы Тұрақты өкілі етіп тағайындады. Бұл қызметті ол 1999 жылға дейін атқарады. 1997 жылдың 11 желтоқсанында Киото қаласында (Жапония) қабылданған климаттың өзгеруі жөніндегі Киото хаттамасына қол қою да Ақмарал Хайдарқызына тапсырылады. 1999-2003 жылдар аралығында Ақмарал Арыстанбекова Француз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елші бола жүріп Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарды. Қазақстанның БҰҰ-дағы алғашқы Тұрақты өкілі болған Ақмарал Арыстанбекова жетекші мемлекеттердің елшілерімен, Бас хатшымен және Бас Ассамблеяның басшысымен кездесіп, республиканың Ұйымға мүше болып қабылдануын жылдамдату мәселелерін талқылаған бірегей елші ретінде тарихта қалды. «1991 жылдың желтоқсан айында Қазақстанның тәуелсіздігі туралы декларациядан кейін екі күн өткенде Сырты істер министрі ретінде мені Президент Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркке жас республиканың БҰҰ-ға кіруіне дайындық шараларын атқаруға жіберді», деп еске алады ол өз естелігінде.
1992 жылдың 3 қаңтарында Қазақстан Республикасының БҰҰ-ға мүше болып қабылданғаны туралы мәлімдемесі құжат түрінде Қауіпсіздік Кеңесіне ұсынылады. 1992 жылдың 23 желтоқсанында Қауіпсіздік Кеңесі Бас Ассамблеяға Қазақстан Республикасын Бірікен Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдауды ұсынды. «Маған ел Президенті мен Қазақстан халқы атынан биік мінберде тұрып сөз сөйлеу құрметі бұйырды. Артынан Қазақстан туы көкке көтерілді. Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелікке қабылдануы ел тәуелсіздігінің айқын нышаны еді», — дейді Ақмарал Арыстанбекова.
Еліміз халықаралық аренада көріне бастаған кезде Президент Н.Назарбаев республиканың Біріккен Ұлттар Ұйымымен ықпалдастығының маңызын атап көрсетті. Қазақстанның бастамасымен 2003 жылдың тамыз айында Алматы қаласында Біріккен Ұлтттар Ұйымының дамушы елдер мәселелеріне арналған конференциясы ұйымдастырылды. 2005 жылы халықаралық терроризммен күресті күшейту мақсатында Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі контртеррорлық комитетінің отырысын өткізді. Қазақстан БҰҰ-ның ең маңызды мекемесінің бірі – Экономикалық және әлеуметтік кеңесіне қабылданды. 2006 жылдың қараша айында Бас Ассамблеяның пленарлық отырысында БҰҰ-ға мүше 192 елдің 187-сі Қазақстанның ЭКОСОС-қа мүше болып енуін жақтап дауыс берді. Бұл ұйымға Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші болып енді. Қазақстанда БҰҰ комиссияларының Орталық Азияның мәселелерін шешуге арналған кең ауқымды мәжілістері де өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мінберінде алғаш рет 1992 жылдың қазан айында Бас Ассамблеяның 47-сессиясы кезінде сөз сөйлеуі республика үшін тарихи маңызы зор оқиға болды. Елбасы халықаралық дәрежедегі баяндамасында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру жөнінде ұсыныс айтқан болатын.
Шарафат Жылқыбаева
Пікір қалдыру