Шымкент сыра зауытының жұмысшылары ереуілге шықты (ФОТО)

/uploads/thumbnail/20170708224300650_small.jpg

Шымкент сыра зауытының 35 жұмысшысы бүгін ереуілге шықты, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Зауыт басшылығына наразылық білдірушілер өздерінің үш айдан бері еңбекақыларын ала алмай отырғандарын айтады. Олардың айтуынша, жалақы бойынша зауыт әр жұмысшыға орта есеппен 150-200 мың теңге қарыз көрінеді. Жұмысшылардың кейбірі зауыт қожайыны тұтқындалған соң, еңбекақыдан үмітін үзіп, жұмыстан шығып кетіпті.

«Біз бар болғаны еңбекақымыздың төленуін талап етеміз. Басқа ештеңе керек емес. Қазір өткен жылғы желтоқсан айы, биылғы қаңтар, ақпан айлары үшін 35 жұмысшы жалақыларын ала алмады. Біразын басшылық ақысыз демалысқа жіберді, кейбіреуін жұмыстан шығарды. Ал, кейбіреулер өз еркімен жұмыстан кетті. Біздің барлығымыздың отбасымыз бар. оларды қалай да асырау керек. Біздің талаптарымызға оң көзқарас танытуды және адал еңбекақымыздың төленуін сұраймыз», - дейді күзетші болып жұмыс істейтін Шалқар Байзақов.

Алайда, зауыт басшылығы күзетшілерге қатысымыз жоқ деп отыр. Күзетшілер болса, өздері жұмыс істейтін «Вымпел» күзет фирмасы мен сыра зауытының құрылтайшысы бір адам екенін айтуда.

Оқиға орнына келген ОҚО бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы Бастар Есқараев жұмысшыларды сабырға шақырып, олардың арыздарын жинап алып кеткен.

Б. Есқараевтың айтуынша, зауыт осы уақытқа дейін жұмысшыларына 27 миллион теңге жалақы қарыз болып келген. Бұл сома бүгінде толық өтелген көрінеді.

Естеріңізге салсақ, зауыт құрылтайшысы, белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов ақпан айының басында қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталып, тұтқынға алынған болатын.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар