Павлодар облысында жұмыс сапарымен жүрген Елбасы «B.B.NURA» ЖШС-ға тиесілі нефрология және эфферентті терапия орталығында болды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау мекемесіне бас сұққан Н. Назарбаев орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, мамандарымен кездесті. Елбасы кездесуде халық өмірін жақсартуда денсаулық сақтау саласының маңызы туралы айтты.
«Осы уақытқа дейін ел аумағында 1300 денсаулықсақтау нысаны салынды. Осының арқасында 10 жыл ішінде адамдардың орташа өмір жасы 72 жасқа дейін ұлғайды. Дағдарысқа қарамастан біз 1 қаңтардан бастап медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 28 пайызға өсірдік», - деген Елбасы дәрігерлер қауымы туралы күлдіргі әңгіме айтуды да ұмытпады.
«Мына орталық мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында салынғаны маған ұнап отыр. Мұндай орталықтар елдің барлық аймақтарында болуы тиіс. Сіздер дәрігерлердің үш түрі болатынын білесіздер ме? Дәрігерлер «Құдай берген», «Құдайға қараған» және «Құдай сақтасын» деген үш түрге бөлінеді. Паавлодарда сол нағыз «Құдай берген» дәрігерлер жұмыс істейді», - деді Елбасы.
Дәрігерлер болса, өз кезектерінде Нұрсұлтан Әбішұлына денсаулықсақтау саласына түсіністікпен қарағаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Пікір қалдыру