2 сәуір күні Әзірбайжан мен Армения арасындағы даулы аймақ Таулы Қарабақ автономиялы облысында тағы да қарулы қақтығыс басталды. Тарихта екі елге алма кезек өтіп келген өлке кеңес жылдары, дәлірек айтсақ 1920 жылы 5 шілдеде Әзірбайжан құрамындағы өлке болып бекітілді. Алайда, кеңес одағы ыдырар алдында Таулы Қарабақ автономиялы облысы өзін Армения құрамына қосу туралы бастама көтере бастады. 1989 жылы 15 қыркүйекте Әзірбайжан тарапы Таулы Қарабақ автономиялы облысын басқару жөніндегі ерекше комитетті тарату туралы қаулы қабылдағаны да бар. Алайда, КСРО ыдырағаннан кейін, 1991 жылы Таулы Қарабаққа қатысты дау қайта басталды. Негізгі тұрғындарын этникалық армяндар құрайтын аймақ ұзақ жыл Әзірбайжан республикасының құрамында болып келді. Осы тұрғыдан Әзірбайжан республикасы Қарабаққа қатысты қыңыр саясатты елдің аумақтық тұтастығына қауіп төндіру деп бағалауда.

Күні кеше басталған қарулы қақтығысқа қатысты Қазақстандағы танымал саясаттанушы Досым Сәтбаев ratel.kz сайтында өз ойын білдірді. Саясаттанушы бұл қақтығыс аймақтық деңгейден асып түсіп, Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңнің жаңа сатысына айналса, Қазақстанға да оңайға соқпайтынын айтып отыр.
«Кез-келген «уақытша тоқтатылған» қақтығыстар ерте ме, кеш пе қайтадан бас көтереді. Жалпы қақтығыстардың туындау формулалары осыны көрсетеді. Сондай-ақ, Таулы Қарабақта болып жатқан жаңа қақтығыстар ешкімді таң қалдырмауы тиіс. Кешегі әскери іс-қимылдарға дейін де мұнда тұрақты түрде екі тараптың арасындағы ірілі-ұсақты қақтығыстар болып тұрды» деген ол мұның бұрынғы КСРО аумағындағы тарихы 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың басынан басталмайтын, тамыры одан да тереңде жатқан аумақтық-этникалық қақтығыс екендігіне назар аудартады.

«Бұл жолы Армения Әзірбайжанның бұл қылығының артында Түркия тұр деп ашық айыптады. Бұл жерде әңгіме Бакуды қолдайтынын білдірген түрік басшысы Ережеп Ердоған туралы болып отыр. Анкараны айыптай отырып, Ереван Сирия мәселесінде Түркияны өзінің геосаяси қарсыластарының қатарына қосып алған Кремльге белгі беріп отырғаны да түсінікті. Осыған байланысты Кремль мен Анкара арасындағы ахуал қиындай береді», - деген Д. Сәтбаев осы қақтығыстардың Түркияның посткеңестік елдерге бағытталған шабуылы деп бағаланып кету ықтималдығын жоққа шығармайды.
«Ресейдің енді Түркия қақтығысушы тараптардың бірін қолдау арқылы посткеңестік кеңістікте өз ойынын бастады деп айыптауына негіз бар. Мұның арты қауіпті. Өйткені, Әзірбайжанға қарағанда Армения ықпалды мүшесі Ресей болып табылатын Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымына мүше мемлекет. Ресей бұл ұйымды ерте бастан өзінің геосаяси ойындарының әскери құралы етуге мүдделі. Мұны басқалардан бұрын сезген Өзбекстан ҰҚКШҰ-ға мүшелігін тоқтатып қойды», - дейді Д. Сәтбаев.
Саясаттанушы, жалпы ұйым ішінде де жүйелік кемшіліктердің жоқ еместігін айтады. Мәселен, өткен жылы желтоқсан айында ҰҚКШҰ атынан Армения Қарулы күштері Бас штабының бастығы Юрий Хачатуров ұйым атынан сөйлеп, ұйымға мүше барлық елдер Ресейдің Сириядағы әскери қимылдарын қолдайтынын, ал, ресейлік әскери ұшақты атып құлатқан Түркия тарапын ашық айыптайтытын мәлімдеді. Бұл ұйымға мүше басқа мемлекеттердің осы мәселеге орай жасаған мәлімдемелеріне қайшы болды және Қырғызстан, Қазақстан, Белорусия сынды елдердің наразылығын туғызды. Ол елдер ешкімге ұйымға мүше барлық елдердің атынан сөйлеу құқығы берілмегеніне назар аудартып, өз келіспеушіліктерін білдірген еді.
«Осы соңғы қақтығысқа байланысты да ҰҚКШҰ тарапынан мәлімдемелер жасалуда. Мысалы, ұйымның баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов қарулы қақтығыстарды шешу міндетін Бакуге артып отыр. Мұнда да бұл мәлімдеменің ұйымға мүше барлық елдермен келісіліп жасалу мәселесі түсініксіз болып отыр», - дейді саясаттанушы.
Саясаттанушыны ұйымның Бас хатшысы Николай Бордюжаның соңғы уақытта, әсіресе, Украинадағы жағдайлардан соң, түрлі халықаралық мәселелерге орай ресейлік ұстанымға жақын саяси мәлімдемелерді жиі жасап жүргені алаңдататын көрінеді. Бұл мәлімдемелер Қазақстанның көпвекторлы саясатымен қабыспайтын көрінеді.
«Мысалы ол Еуроодақ пен НАТО тек Ресейге ғана емес, ҰҚКШҰ-ға да дұшпандық ойлайды деп мәлімдеді. Алайда, ұйымға мүше кей елдердің ЕО-мен де, НАТО-мен де әріптестік байланысы бар екендігін ескермеді. Кеше ғана Брюссельге жасаған сапарында Қазақстан басшысы Н. Назарбаев Еуроодақ Қазақстан үшін ең маңызды экономикалық әріптес болып қала беретінін басып айтты. Ал, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың маусым айында НАТО парламенттік ассамблеясы делегациясымен кездесуде еліміздің Солтүстік-Атлантикалық блокпен әріптестікке зор мән беретінін мәлімдеген еді», - дейді Д. Сәтбаев.
Егер ешқашан халықаралық мойындауларға ие болмаған Қарабақ аймағындағы қақтығыс Ресей мен Түркия арасындағы кикілжіңнің бір бөлігіне айналса, ресми Астана үшін қиын жағдай тууы мүмкін. Бұл еліміздің дипломатиялық қарым-қатынастардағы жұмысын біз ойламаған бағыттарға бұрып жіберуі мүмкін.
«Ресей мен Армения Қазақстанның ҰҚКШҰ-дағы және Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптесі болса, Түркия мен Әзірбайжан – Қазақстан да мүше болып отырған Түркітілдес мемлекеттер әріптестігі кеңесіне (Түрксой) мүше. Мұның сыртында, былтыр Ресей мен Түркия арасындағы сауда соғысы басталғанда Түркия мен Қытай жүк тасымалын Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия арқылы тасымалдау жөніндегі келісімге келгені бар. Бұл келісімдер Қазақстанның пікірі ескеріле отырып жасалды. Сондай-ақ, Әзірбайжан Ақтау теңіз портаны Еуропадан, оның ішінде Түркиядан тауар тасымалдау үшін маңызды транзиттік аймақ болып отыр. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауға қатысты да Баку мен Астана бір ұстанымда», - деген Д. Сәтбаев Таулы Қарабақтағы бұл қақтығыс 90-жылдардағыдан басқаша сипат алатынына назар аудартады.
«Қалай болғанда да, 90-жылдарға қарағанда бұл жолы Қазақстанға өзін қақтығысты шешуші модератор рөлін ойнау оңайға соқпайды. Соңғы рет мұндай талпыныс 2010 жылы, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болып тұрған кезде жасалған. Ол талпыныс оң нәтиже бермеді, бірақ. Алайда, Арменияның ЕАЭО-ға мүшелікке өту мәселесі қаралғанда Қазақстан басшылығы Ереван ұйымға тек халықаралық қауымдастық мойындаған шекара сызығы аясында ғана өту талабын қойды. Армения амалсыз Қазақстанның талабына мойынсұнып, одаққа Таулы Қарабақсыз өтті. Қазақстанның бұл ұстанымы Бакудың өтінішімен жасалғаны белгілі. Алайда, Ереван тарапы қатты наразылық танытты», - дейді Д. Сәтбаев.
Соған қарағанда өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялаған Таулы Қарабақ автономиясындағы осы қақтығыс арқылы Армения ЕАЭО-ға мүше болар алдында аңдаусызда айырылып қалған аймақты қайта қайтарып алуды көздеп отырған жоқ па деген де ой келеді?
Әзірлеген: Дархан Мұқантегі