БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН МЕН НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ ЖЕР САТУДЫ ҚОЛДАП ОТЫР МА?

/uploads/thumbnail/20170708234246581_small.jpg

Қыс бойы шулап жүріп, көктем шығысымен сайлау өткіздік. Билік жүйесінің ықпалды бір тармағы, заң шығарушы орган парламенттің халық жасақтайтын бөлігі мәжіліс депутаттарын сайлап алдық. Оның қалай өткені өз алдына бөлек әңгіме, әрине. Алайда, билікшілі бар, сыншылы бар, біраз азамат ҮІ шақырылымдағы мәжіліске өткен депутаттардың ішінде қалай десек те қазақшыл, мемлекетшіл, ел мен жердің тағдырына алаңдайтын, тіл мен діннің мәселесінен теріс айналмайтын азаматтар өтті деп бөріктерін аспанға атқанын білеміз.

Сайлауды бір жақты етіп, көңілі жайланған билік сәуір айында атқа мінді десек те болады. Ай бастала салысымен қоғамға түрлі бастамаларын жариялай бастады. Президенттің аузымен айтылған «мектептердегі бес күндік оқыту жүйесінің» өзі үлкен шуға айналып отыр. Оқушылар аптасына бес күн оқығанымен, төртінші сабақ тоқсаны жаздың ортасына дейін созылады деген әңгіме шығып, атқарушы биліктің шикі жұмысы тағы да әшкере болды. Одан соңғы үш тілді оқыту жүйесін жетілдіру мәселесі де көпті алаңдатпай қоймады. Негізі бұл мәселе бұрыннан айтылып жүрсе де бұл жолы шенеуніктер аталған жүйені енгізуге мықтап кіріскендей. Білім, мәдениет, денсаулық саласын басқаратын вице-премьер Дариға Назарбаева ханымның өзі білек сыбанып, осы бастаманы насихаттауға кірісіп кетті.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың аузымен айтылған жер сату мәселесі қоғамдағы наразы көңіл күйді одан сайын өршітіп жіберді. Бұл тіпті әділетсіздік пен көзбояушылықтан басқа ештеңе көрмей отырған ел ішіндегі әне-міне тұтанғалы тұрған отқа май құйғандай болып отыр. Билік биыл 1,7 миллион гектар жерді сатылымға шығаратын көрінеді. Ауылшаруашылық мақсатта пайдалану үшін. Бұрын ұзақ мерзімге жалға беріліп келген мұндай жерлердің сатылымға шығуы қазынаға қалай да ақша құюдың амалы екенін елдің бәрі түсінді. Алаңдатқаны – бұл жер учаскелерін шетелдіктердің иеленіп кету мүмкіндігі. Өткен жылдан бері жан-жақты айтылып жүрген «100 нақты қадам» жоспарын жүзеге асыру үшін қабылданған заңдар мен оларға енгізілген өзгерістер барысында Жер кодексіне шетелдіктердің Қазақстанда жер сатып алуына мүмкіндік беретін нормалар еніп кеткен көрінеді. Заңгер, қоғам белсендісі Мақсат Ілиясұлы бірер күннен бері осылай дабыл қағуда.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам ұлттық жоспарын» жүзеге асыру үшін 2015-жылдың соңында Парламентке 58 заң жобасы түскен және олардың бәрі аз уақыттың ішінде қабылданып кеткен.

Соның ішінде «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»Қазақстан Республикасының заңы (№ 389-V ҚРЗ заң мәтіні мына жерде:http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000389 )  2015 жылғы 2 қарашада қабылданған.

Осы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін ҚР Жер кодексі бойынша Қазақстандағы ауыл шаруашылық жерлері аукцион арқылы сатылымға шығатын болды.

Аталған кодекстің 20-бабының 2-тармағында «Меншiк құқығының субъектiлерi: 
республика аумағындағы жерге мемлекеттiк меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы; 

осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ ШЕТЕЛДIКТЕР МЕН АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАР ұғынылады.(2. Субъекты права собственности:

субъект права государственной собственности на землю на территории республики - Республика Казахстан;

субъект права частной собственности на земельные участки на основаниях, условиях и в пределах, установленных настоящим Кодексом, - граждане и негосударственные юридические лица. При этом под гражданами понимаются граждане Республики Казахстан, ИНОСТРАНЦЫ И ЛИЦА БЕЗ ГРАЖДАНСТВА, ЕСЛИ ИНОЕ НЕ УСТАНОВЛЕНО НАСТОЯЩИМ КОДЕКСОМ.)» деп көрсетілген.

Демек, ШЕТЕЛДIКТЕР МЕН АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАР Қазақстанда жердің жеке меншік иесі бола алады деген сөз», - дейді заңгер.

Бұл мәліметтер шын болса, осы өзгерістерді қабылдаған ескі депутаттық құрамның тең жарымға жуығы кешегі сайлауда қайта сайланды. Мәжілістің ескі құрамында болған партиялар еш өзгеріссіз осы жолғы шақырылымға да енді. Жаңадан қосылған депутаттардың ішінде ұлт сөзін сөйлейді дейтін Мәулен Әшімбаев, Нұртай Сабильянов, Бекболат Тілеухан, Бақытбек Смағұл сынды «нұр отандық» саясаткерлер бар. Солар парламентке жетіп алып құр отырғаны ма? Әлде сан ғасырлы тарихта қанмен жеткен ұлан-байтақ жердің сатылуына қарсы емес пе? Әйтпесе, әзірге министрлік деңгейінде ғана көтеріліп, алысқа ұзай қоймаған, Ақорданың нақты мақұлдауына жетпеген бастамаға қатысты ойларын айтса кім қой депті?

«Нұр Отаннан» бөлек «Бизнес мүддесін қорғаймыз, ұлттық буржуазиямыз, алашшылмыз» дейтін «ақжолдықтар» қайда қарап отыр?

Табиғатынан капитализмге жұлдызы қарсы, латифундистерге аяусыз соғыс ашуы тиіс «Халықтық коммунистер» неге жер сату туралы бастамаға қарсылық танытпайды? «Жер – халықтікі!» деген ұран ақидаларынан алшақ емес қой.

Халыққа жақпайтын идея авторларын ашық сынамаса да, саяси-популистік абыройлары үшін бірді-екілі сауал жолдап, БАҚ-қа сұхбат беріп қойса, парламентте қызу пікір-талас жүріп жатқандай көрінер еді ғой.

Бұны айтып отырғанымыз, билік жүйесіндегі конституцияда бекітілген талаптардың іс жүзінде орындалмай отырғандығы алаңдатады. Парламент өзінің биліктің дербес тармағы екенін көрсете алмай отыр. Мәжіліс те Сенат та. Тұратын баспанасы, шаруашылық жұмыстары атқарушы билікке тәуелді парламент мұндай бастамаларға ашық қарсы шықпақ түгілі, депутаттар осы тақырыптарда оңаша сұхбат беруге жарамайтындай көрініп тұрады кейде. 

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар