Назарбаев пен Ердоған кездесуін түрік телеарналары тікелей эфирден көрсетті (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708234838352_small.JPG

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға сапары барысында бірқатар маңызды кездесулер өткізді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.

Екі ел басшылары Ыстамбұлда кездесіп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы ойларын ортаға салды. Сонан соң Елбасы жергілікті бизнес көшбасшыларымен кездесу өткізді. Елге инвестиция тарту, сауда-саттықтың көкжиектерін кеңейту – басты мақсат. Ол үшін Қазақстанда барлық жағдай жасалған. Президент іскер адамдарды мол мүмкіншілікті пайдалана отырып, екі елдің игілігіне қызмет етуге шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Режеп Тайып Ердоғанның кездесуі. Елдегі маңызды оқиғаның бірі. Келіссөздерді түрік телеарналары тікелей эфирде көрсетті. Ынтымақтастық мәселелерінен бөлек, көшбасшылар ислам әлеміндегі татуласу жөнінде бірлескен декларация қабылдады. Ислам ынтымақтастық ұйымы саммиті қарсаңында бекіген құжаттың мәні зор. Сегіз тармақтан тұратын декларацияда мемлекеттер басшылары халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған қағидаттарды берік ұстанатынын растады. Мемлекеттер шекараларының мызғымастығы, аумақтық тұтастық пен егемендікті құрметтеу, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, мемлекетаралық қатынастардағы даулар мен қақтығыстарды бейбіт келіссөздер арқылы шешуді алға тартты.

Саяси диалог бірден іскерлік әңгімеге ойысты. Президент түрік бизнесінің көшбасшыларымен кездесті. Ulker Group, Turkuaz, Yildirim Holding. Ұзын саны 25 жетекші компанияның басшысы жиналды. Қазіргі таңда елімізде түркі капиталының үлесі бар 1600 компания жұмыс істеп жатыр. Дағдарысқа қармастан екі ел серіктестігі дамудың даңғыл жолында.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір сыртқы экономикалық ахуалдың қиын екенін білеміз. Соған қарамастан екі елдің арасындағы сауда айналымы 2 млрд доллардан асып отыр. Ердоған мырзамен келісім бойынша, бұл көрсеткішті 10 млрд-қа жеткізуіміз керек. Соңғы 10 жылдағы экономикадағы түрік бизнесінің инвестициясы да 2 млрд долларға жетті. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Түркияның бірлескен 91 жобасы іске асуда. Оның жалпы құны 3 млрд долларға жақын.

Былтыр Қазақстанда жұмыс жасаған үздік шетелдік 10 компанияның үшеуі түріктікі. Серіктестіктің болашағы зор деп біледі қос тарап. Әсіресе, тау-кен, металлургия, мұнай өндіру, энергетикаға қызығушылық жоғары. Бұдан бөлек, көлік пен логистика салаларындағы серіктестіктің әлеуеті зор.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Түркиядан Грузияға баратын жол барлық жағынан тиімді. Биыл ашылады деп маған айтты. Карса Халяфи жолы бәріміз үшін тиімді. Барлық елдердің көлік министрлері бірігіп бір ұйым жасауымыз керек. Бұрынғы жолдардан өте тиімді қарым-қатынас. Кавказ арқылы Каспий теңізіне келу, одан кейін Қытайға шығу, біздің өңірге шығу тиімді болады. Мен білемін оны. Сондықтан бұрынғы Жібек жолы арқылы біз қарым-қатынасымызды дамытатын боламыз.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктері өз алдына, Еуразиялық экономикалық одақ арқылы нарықтың да кеңейгенін біледі мұндағылар. Тіпті, одан пайдаға кенелгендер аз емес. Өнімін бес елге бірдей саудалайтын мүмкіндік берілуде.

Фатих Узуноглы, Galaksi group компаниясының төрағасы:

- Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік инвесторларға салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіп, ең тиімді шарттар ұсынуда. Бұл мүмкіндіктер түрік кәсіпкерлерін айтарлықтай ынталандырып отыр. Жиын аясында кәсіпкерлерді қазақ еліне қаржы салуға шақырдық. Түркиядағы әріптестерімізді Еуразиялық экономикалық одақтың кең нарығы қызықтырып жатыр.

Өмер Джихад Вардан, ТР Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі кеңестің төрағасы:

- Қазақстан Президентімен маңызды кездесу өтті. Нәтижесінде алдағы күндері түрік кәсіпкерлері қазақ еліне қомақты инвестиция салатын болды. Бұл Түркия мен Қазақстанның сауда-экономикалық, іскерлік байланыстарын нығайтады деп есептейміз.

Жақын болашақта түрік капиталының қатысуымен елімізде тағы бірқатар нысан бой көтереді. 500 млн доллардың 20 келісімі мақұлданды. Құны 2 млрд долларды құрайтын тағы 60 жоба қаралуда. Оның ішінде фармацевтикалық нысан да бар. Жылына кем дегенде 1 млрд таблетка шығаратын зауыт салу жоспарда.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан өзіне керекті дәрі-дәрмектің 70-80%-ын сырттан әкеледі. 800 млн долларға. Сондықтан, дәрі-дәрмек Қазақстанда шығарылатын болса, сіз айттыңыз «1,5 млрд таблетка жылына» деп, бұл бизнес бізге керек. Бізге де, сізге де пайдалы.

Бұған қоса, кілем, пластмасса, киім-кешек пен тамақ өнеркәсібі өрге баспақ. Тіпті, xром өндірісінің көшбасшысы саналатын «Йылдырым» компаниясы метталлургиялық зауытын салып беретін болды.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:

- «Йылдырым» – өте үлкен компаниялардың бірі. Олар шикізат саласында, металл өндіру саласында, қазір Хромтауда 500 млн АҚШ долларына жуық инвестиция салған мекемесі бар. Содан әрі қарай тағы да металл өңдейтін зауыт салатынын айта кетті.

Енді бұл жобалардың көп ұзамай орындалуы мемлекеттік органдардың еншісінде. Қазақ тарапы маңдай термен келген келісімдерді орындауға кідірместен кірісері xақ. Президенттің қойып отырған басты талабы да осы. Алда жаңа келісімдер, жаңа жобалар.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар