Қазір үкімет басына дүние танымы кең, білімдері жаңаша, озық ойлы жастар келуде

/uploads/thumbnail/20170708234843930_small.jpg

Мен – өмірімнің 43 жылын ұстаздықпен өткізіп келе жатқан адаммын. Қазіргі әлемнің даму қарқынына ілесу үшін, ұрпақтарымыздың ел қатарлы өмір сүруі үшін, ескі сүрлеу соқпақпен жүре бермей, әрекет етуіміз керек. Әрине, қолға алынып жатқан реформалардың  әлі оң нәтиже бермей, орта жолда қалып қойып жатқаны өте өкінішті. Бірақ жас мемлекеттің өз жолын анық танып, табуы үшін осылай істемеске  амалы да жоқ қой. Біздің бұрынғы ескі соқпағымызды аңсайтынымыз рас, себебі бәрі түсінікті, бәрі бір ізге түскен еді. Алайда оған  жету үшін де қанша өзгерістер, қанша реформалар жасалып еді ғой. Ақырында, әйтеуір, бір дұрыс-ау деген жолға түсіп едік.

Қазір жас мемлекеттің үкімет басына жастар келіп жатыр. Олардың дүние танымы кең, білімдері  жаңаша, ойлары озық.

Менің ойымша, қолға  алынайын деп жатқан реформаның қабылдауға болатын баптары баршылық екен.

1.Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту. Бұл сатыға алдымен еңкейген кәрі, сонан соң еңбектеген бала да қуана келісуі керек. Солай болады да деп ойлаймын. Себебі, біріншіден,  кеңес үкіметі кезінде де (ескіні көксей беретіндер үшін)  әрбір, тіпті ең кішкентай деген ауылдың өзінде, ясли-бала бақша бар болатын. Өйткені бір де бір әйел үйде жұмыссыз отырмайтын, әуелі босанғаннан кейінгі демалыстың өзі 70-ақ күн болатын. Тек әлі қайраты қайтпаған, ширақ әжелері бар үйдің балалары ғана үйде тәрбиеленіп өсетін. Сонда олар бақшаға баратын балаларға қызыға қарайтын. Бала бақшада сәбилер көпшілікпен араласып, ұжымда қауымдасып өмір сүруге бейімделеді, көпшіл болып өседі. Әр елді мекендегі әр бала мектепке дейінгі тәрбие, білім беретін арнайы орында тәрбиеленіп өсуі керек. 

Енді екінші мәселе,мектепке дейінгі білімнің сапасы, осы сәбилерді ясли- бала бақшада тәрбиелеушілер жайы. Бұл жағы бағдарламада жақсы ашылып айтылған. Бәрі сол мекемелерде еңбек ететін педагогтарға байланысты болатыны еш дау тудырмайтын, талқылауға да жатпайтын қағида ғой деп ойлаймын, сондықтан бағдарламадағы барлық баптардың дұрыс орындалуын ғана тілеймін.

Орта білім беру. Ең көп дау тудырып, әр ата-ананы алаңдатып отырған да білім берудің осы сатысы. Себебі кезінде әр ата-ананың өз басынан өткен, енді  баласымен бірге қайта  өтетін сатысы. Қазіргі қоғамда еңбек етіп жүргендер – Сталин дәуірінен бастап неше өзгерісті, қайта құруды, жаңаруды -  бәрін басынан өткерген ұрпақ. Орта, жоғары білімді сол заманда алса да, құдайға шүкір, қоғамдағы өзгерістер мен шайқалыстарға төтеп берер иммунитеті жоғары ұрпақ екенін дәлелдеп келе жатыр. Жаңа заман ағымынан да қалып жатқан жоқ, әлемге танымал ғалымдар да шықты, кезінде мектепте неміс тілінен басқа естімеген тілдерді де, атын да естімеген компьютерді де игерді.  Бұл уәжбен айтпағым, бұрынғы  орта білім беру жүйесінен түбегейлі бас тартуға болмайды деп ойлаймын. Әсіресе, тіл мәселесіне келгенде. Әрине, көп тіл білу жақсы-ақ. Біздің данышпан бабаларымыз «Жеті түрлі ғылым біл, жеті елдің тілін біл» деп өсиет етіп кеткен ғой.

Әрине, әлем тілі-ағылшын тілін білу қажет. Тек даланы аласартпай, тауларды биіктетудің амалын қарастырған жөн. Жалпы, қазақ балалары өте дарынды, зерек. Оларға шетел тілдерін мектепте дұрыс оқытса, тәп-тәуір сөйлеп кетеді. Біздің қазақтардың бетін бір жаққа бұрып, сол жолмен тура жүре бер десе, ор болса, қарғып өтіп, қамал болса, бұзып өтіп, жүре беретіні бар емес пе! Сондытан бұл мәселеде «шаш ал десе бас алмай» абай болып, таразының екі басын тең ұстаудың жолын қарастыру қажет. Мысалы, ағылшын тілін тек пән ретінде бірінші сыныптан бастап оқытса жеткілікті. Ал өзге пәндерді оқушылар өздерінің ана тілінде оқып-үйренуі, меңгеруі қажет. Ал жеке пәндерді ағылшын тілінде тек бейінді мектептерде, сол пәнді таңдап, ертең сол саланың маманы болатын оқушыларға ғана оқыту керек деп ойлаймын.  Егемен мемлекет болып, қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін алғалы  ширек ғасыр ғана болса да, адам үшін әжептәуір ұзақ өмір. Ал сол өз ана тілімізді әлі де  сол деңгейге көтере алмай келеміз. Осы жағын да ойлауымыздың мәні зор.

Барлықмектепке ғаламтор не үшін қажет?Бұл ешқандай күмәнсіз, даусыз бап деп ойлаймын. Ғаламтордың пайдасы мен артықшылығын қазір әрбір отбасы көріп те, біліп те отыр. Тек «әттеген-айы» ғаламтор желісінің барлық шалғай ауылдарға жете қоймағаны. Педагогтар  тегіс білім жетілдіру курстарынан дұрыстап өтіп, әр отбасында ғаламторға қосылған компьютерлері бар болса, ауыл мектептері мен қала мектептері шәкірттерінің білімі бір деңгейге көтеріліп, ауыл баласы білім жағынан қала баласымен бәсекелесуге қабілетті болса! Әр ұстаздың да, әр ата-ананың да одан басқа арманы бола ма!

Адам басына қаржыландырудың артықшылықтары. Бұл бап та көпшіліктен қолдау табады деген ойдамын. Тек бәрі ашық, есепті болса. Қолына билік алғандар тек өз қара бастары мен өз қалталарын, өз балаларының ғана қамын ойлаймай, «елім, халқым» деп адал еңбек етіп, адал жұмсаса. Ол үшін есептің, әр тиынның жариялы болуын қадағалау керек.

Техникалық және кәсіптік білім беру. Бұл сатының егемендік алған жылдары ақсап қалғаны шын. Енді дұрыс бетбұрыс жасалды. Орта мектептің әр оқушысына педагогтар кәсіптік бағдар беріп, алдындағы оқушыға қабілетіне қарай жол сілтеп отыруға тиіс. Техникалық және кәсіптік білім алу деген қорлық емес, кемсіту емес, уақытты бекер өткізбей, ертерек есею, ертерек мал тауып, жан бағу екенін түсіндіру қажет. Техниканың тілін біліп, оны жөндеп, құрастыру да, темірден, ағаштан түйін түйіп, ою-өрнек жасау да өнер екенін әр оқушының санасына сіңіру қажет. Орта мектепте он екі жыл босқа уақыт өткізіп, жоғары оқу орнына түсе алмай, сонан соң «жұмыс жоқ» деп ата-анаға масыл болып отырудың намыс, ұят екенін ұқтыру керек. Ата-аналарға да техникалық білім алудың артықшылықтарын жеткізу қажет. Мектеп педагогтары осы жағына көп көңіл бөлулері маңызды. «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деген Абай сөздерін әр ата-ананың да, әр оқушының да жадына жеткізген жөн.

ТжКБ сапасы қалай арттырылады? Шын мәнінде кәсіби шыңдалған,  білікті маман дайындау үшін дуалды білім беру жүйесінің қажет екені , бұл мәселенің соңғы жылдары белсенді түрде айтылып, көтеріліп жүргені заман талабынан туындаған. Бұл жағынан бізге кеңес дәуіріндегі селолық, қалалық кәсіптік-техникалық училищелер, мектеп оқушыларының аптасына бір күн кәсіптік тәжірибеден өтетіні үлгі бола алады. Соны қайта жандандыру қажет. «Серпін» сияқты арнайы әлеуметтік жобалардың болғаны дұрыс шешім.

Ғылым, білім және өндірістің интеграциясы не береді? Бұл үш жаққа да пайдалы, тиімді болмақ . Көз ілмей отырып жаттап алып, емтиханда немесе сабақта төбеге қарап тұрып зуылдатып айтып шығатын теориядан , тіпті білімді, білікті маманның ойлап тапқан бір жаңалығы, жобасы, ол егер өндіріске енгізіліп, пайдаға жарамаса, еш нәтижесіз, еш кеткен еңбек болмақ. Сондықтан мектепте алған білімді жоғары оқу орнында теориямен толықтырып, оны іске асырып, пайдаға жаратқанда ғана, өндіруші орындар, мекемелер, кәсіпорындар ғалымдардың жаңалықтарына құлақ салып, үкімет оны іске асыруға қаражат бөлгенде ғана, цикл аяқталды деп есептеуге болады. Олай болмағанда, мектепке, жоғары оқу орына шығарылған қаражат желге ұшқанмен бірдей болады.Сондықтан бағдарламада айтылған баптар толық іске асатын болса, ғылыми технологияларымыз өркендеп, өрге басады деген ойдамын.

Ұлттықстуденттер лигасы не береді? Бұл баптың да берері мол. Тәні саудың – жаны сау дегенді әр адам біледі. Сондықтан компьютер мен телефоннан бас көтермейтін қазіргі жас ұрпаққа салауатты өмір салтын қалыптастыруға көңіл бөлінгені өте дұрыс. Қазір қыздардың темекі шегуі жиілегені, жігіттердің енжар, әлжуаз болып кеткені құпия емес. Сондықтан шыныққан, шымыр ұрпақ тәрбиелеу ертеңгі ұрпағымыздың саулығы. Ертеңімізді бүгін ойлағанымыз, қолға алғанымыз жөн.

Зерттеуші ЖОО не үшін керек? Ғылымиерттеу жұмыстарымен айналысатын жеке ЖОО болуы дұрыс мәселе. Себебі ЖОО дәріс оқитын оқытушылардың ғылыммен айналысуға уақыттары жетпейді және кейбір оқытушылар сабақ өткізуге бейімді болса, біреулері ғылыммен айналысқанды қалар еді. Міне осы жағынан келгенде, бұл өте дұрыс. Бұдан сабақ өткізетін ұстаздар ғылымнан шеттеп қалады деген ой тумаса керек, себебі студенттерді  оқудың алғашқы кезеңінен бастап теорияны ғылыми жағынан дамытып, оны іске асыруға қабілетті етіп даярлау қажет. Ол үшін өте жақсы оқып, ЖОО қабырғасында өзінің ғылымға бейімділігін көрсеткен, өзінің ойы, жобасы бар түлектерді ары қарай салалық ғылыми-зерттеу орнына жолдаса, одан еліміздің  ғылыми-техникалық жағына мол үлес қосатын маман шығады.

ҒЫЛЫМ.  Әсіресе өндіріске, тұрмысты жеңілдетуге, қысқасы, қарапайым үй тіршілігінен бастап ғарышқа дейін қатысты технологияларды дамыту үшін, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін ғылымды дамыту қажеттігінде дау жоқ.  Тек Стар-ап жобалар нақты іске асырылатын, одан елімізге пайда келетін болса ғана қаржыландырылатын болуға тиіс және бөлінген қаржының орнымен жұмсалуын қадағалау тетігі, бөлінген қаржыға белгілі адамның жауапты болуы, одан есеп алынуы сияқты тетіктер қарастырылуы қажет. Миллиондар мен миллиардтардың оффшор аймақтарына асып кетуіне жол бермеуді ойластырған жөн.

Ақыжанова Ақмаржан Тәсібекқызы

ф.ғ.к., Халықаралық ақпаратттық  технологиялар университеті тілдер кафедрасының ассоциациялық профессоры.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар