«Неке –ерлі-байлы адамның тұрмысын бір-біріне байлайтын жіп. Бірін бірі көрмеген, бірін бірі сүймеген екі адамды неке сүйдіреді. Неке – махаббат жібі, ерлі-байлы адам қаншама бірін-бірі көрместік болып араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал, ерлі-байлы адамның жиіркенішті тұрмысына дәнекер болып тұрған жіпті үзетін бір нәрсе бар, ол – ТАЛАҚ!...» (Б.Майлин. Талақ, 47-б)
ТАЛАҚ – неке жібінің үзілуі. Шаңырақтың негізгі іргетасының төтеннен шайқалуы, отбасылық өмірдің ойраны шығуы, жұбайлық өмірдің ыстық-суығына бірге төзіп, жарасымды тіршілік кешкен екі жастың кенеттен екі жаққа айырылып бір-біріне адал болмай қалуы. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» демекші сүйектен өтетін суық сөз ол –ТАЛАҚ. Алла адал еткен амалдардың ішіндегі ең сүйкімсізі – талақ.
Талақтың талаптары мен шариғат қойған шарттары түсіне білген адамға өте көп. Талақ берместен бұрын некелескен адам әсіресе дін ұстанып жүргендері мыналарды білгені жөн: Талаққа байланысты Құранның аяттарын, пайғамбар хадистерін, талақтың түсінігін, тілдік мағынасын, шариғи мағынасын, үкімдерін, хикметтерін, түрлерін, санын, жағдайларын, шарттарын, әдептерін, жүзеге асу жолдарын т.с.с талаққа байланысты мәліметі болса оның қаншалықты маңызды дүние екенін сезінер еді. Талақ мәселесі тек қана ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас қана емес, ол екі әулет, екі ел, тіпті екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас болып табылады. Яғни жауапкершілігі мол, талабы таудай тәртібі темірдей қатаң мәселе.
Өкінішке орай күнімізде осы талақ тақырыбына өте жеңіл қарайтын жастар әсіресе дін жолымен жүреміз деген дәстүрлі емес діни бағыттағы жастар көбейіп кеткен сыңайлы. АХАЖ бөлімшесіне бармай, тіпті ата-анасының да хабарынсыз неке қиылып, талақ айтылып жатқандары тағы бар. Әрине олар неке мәселесінде ата-ананың разылығын қажетсінбейді және көпшілікке жарияламайды да тіпті шығын да шығармайды. Осылайша оңай жолмен қиылған қымбатты неке арзанға түсіп оны қалаған уақытында талақ айтып ажырасып басқа бір мүдделес дін бауырына өзіміздің қаркөз қандас қарындасымызды тегін сыйға тартып жатқандарын да естіп қалып жүрміз әрегідікте. Талақтың шарттарын да білместен тіпті ұялы байланыстан «ТАЛАҚ» деген хабарлама жібере салғандарын да кездестірдік. Таудай талабы бар талақты осыншама жеңіл етуге не түрткі болды екен. Оған сенімге селқос қараулары мен дәстүрлі емес діни бағыттары және халқымыздың сан ғасырдан бері қалыптасқан саналы әдет-ғұрыптарын білмеуі себеп болғаны сөзсіз.
Талақ беруден бұрын жасалынатын қаншама алдын алатын амалдар бар. Мысалы алдымен ажырасудың алдын алу. «Егер, екеуінің арасының ажырауынан қорықсаңдар, ердің туысынан бір төреші, әйелдің туысынан бір төреші жіберіңдер. Егер екеуі расымен татулықты қалайтын болса, Алла ол екеуінің арасын жарастырады. Ақиқатында, Алла білуші һәм хабардар». (Ниса,35-аят) Қазақтың ғұрпы бойынша ерлі-зайыптылардың арасында жанжал шығып ыдыс аяқ сылдырлай бастаса, екі жақтан сөзі өтетін, сыйлы адамдары жиналып, ерлі-зайыптылардың арасындағы мәселені шешуге тырысады. Екі тарап ортақ мәмілеге келе алмаған жағдайда, және ең соңғы уақытта ғана шарасыздықтан талақ беруге рұқсат етіледі. Екі дүние сардары, сүйікті пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) әйел адамның нәзік жаратылғандығын, қисық жаратылғандығын талай ескерткен. Оның бойындағы кейбір кемшіліктерге көңілің толмаса, оның жақсы жақтарын еске алу керектігін бізге өсиет еткен. Имам Бұхари мен Муслим жеткізген хадисте ардақты елші (с.ғ.с.): «Әйелдерге жақсы қараңдар. Өйткені әйел заты қабырғандан жаратылған. Ал қабырғаның ең қисық жері – жоғарғы жағы. Егер оны түзеймін десең, сындырып аласың. Ал тиіспей қойсаң, сол қисық қалпында қалады. Сондықтан әйелдерге жақсы қараңдар», – деген. Кез келген еркек әйел адамды құрметтеп, оның кемшіліктеріне шыдау керек. Бұл Алла елшісінің (с.ғ.с.) өсиеті! Шариғат шарттарымен сусынданған дана халқымыздан мынадай мақалдар қалған. «Ері әйелін сыйласа – ердің бақыт тапқаны, ерін елі сыйласа – әйел бақыт тапқаны», «Өз жарыңды жаттай күт – жат көрсін де түңілсін, бір-біріңді қадір тұт – жұрт үлгі алсын, үңілсін» деген мақалдар мен нақыл сөздер қаншама. Бұның барлығы пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетімен астарласып жатыр.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек елімізде арнайы АХАЖ бөліміне тіркелгендердің ресми түрде ажырасатындары жүз отбасының отызы екен. Әкеге әйел, шешеге күйеу табылар ау. Ал балаға өз әкесіндей әке қайдан болсын. Талақ мәселесіне таудай талап пен темірдей тәртіп өлшемдерімен қарағанымыз дұрыс болар қандастар.
Айбек Аташев
теолог-дінтанушы
Пікір қалдыру