ҚАЗАҚ КӘСІПКЕРІ ЖЕРДІҢ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ САТЫЛУЫН ҚОЛДАП ОТЫР

/uploads/thumbnail/20170708235455216_small.jpg

Қазақстандық кәсіпкер Марат Төлебаев Қазақстандағы ауылшаруашылық жерлерін отандық және шетелдіктерге сату бастамасын қолдап отыр. Ол жер сатудың қажеттілігі туралы өзінің блогында жариялаған мақаласында біраз дәлелдерін де ұсыныпты.  

«Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді сатуға, оның ішінде шетелдіктерге беруге бола ма? Менің ойымша, болады және ол қажетті шара», - деген кәсіпкер бұл ойын мынадай бірнеше дәйектерге сүйене отырып жалғайды.

Біріншіден, кәсіпкердің ойынша, бүгінгі таңда шаруалардың қолындағы жерлер олардың жеке меншігі болмағандықтан, оны мемлекет кез келген уақытта қайтарып алуы мүмкін екен. Мұндай тұрақсыздық жерге қажетті күтім жасау, ұзақ мерзімді пайдалану мүмкіндіктерін шектейтін көрінеді.

Кәсіпкердің айтып отырған екінші уәжі  - жерді жекеменшікке сату оны қаржылық айналымға түсіруге жол ашады екен-міс. Яғни, жер иелері оны банктерге кепілдікке қойып, шаруасына қажет қаржы ала алады.

Үшіншіден, Марат Төлебаев жер нарығын ашу арқылы Қазақстанға инвесторлар тартатын тағы бір мүмкіндік ашылатынын айтады. Елге инвесторлардың келуі қазіргі қаржылық дағдарыс кезінде өте қажетті мәселе дейді кәсіпкер.

Жер сатудың «пайдалы» тұстарын осылайша тізбектеп берген М. Төлебаев бүгінде жердің сатылуына қарсылық танытып жүрген азаматтардың айтып жүрген аргументтеріне жауап береді.

«Жер сатуға қарсы шығушылар «Ауылшаруашылық жерлерді сату арқылы қазақстандықтар ең басты ұлттық ресурс – жерден айырылады» деп санайды. Мен бұл аргументті түсіне алмаймын. Қалайша «айырылады?». Шетелдіктер жерді көтеріп алып кете ме? Жоқ. Ол (жер сатып алған шетелдік – ред.) не істей алады? Егер ол жерді сатып алу үшін ақша салады, оның ауылшаруашылығы мақсатында ғана пайдаланылуы міндеттеледі. Сондықтан, сатып алған адам осы бағытта ғана жұмыс істеуге, сол арқылы салық төлеп, елге еңбекақы төлейді», - дейді М. Төлебаев.

Кәсіпкер шетелдікке жер сатсақ, шетел азаматтарының елге көптеп келетініне де сенбейді екен.

«Әрине, қазақ ретінде маған мұндай перспектива ұнамайды. Бірақ, әр нәрсені өз атымен айтайық. Бұл жерде мәселе қытайлықтар туралы болып отыр. Шынымен, бұл халықтың кішкене ғана бір бөлігі көшіп келсе, Қазақстан халқының ассимиляцияға түсіп кетуіне жетіп жатыр. Бірақ, бұл жерде себептер мен салдардың байланысы бар ма? Менің ойымша, көп адамдар бұл жерде шетелдік инвестиция тарту мен шетел жұмысшыларының келуін шатыстырып жүрген сияқты. Бұл мәселелер заңда жеке-жеке көрсетілген, іске асқанда да жеке-жеке түсінілуі керек. Мұның барлығы «Халықты жұмыспен қамту туралы», «Халықтың көші-қоны туралы» заңдармен, қылмыстық, әкімшілік кодекстермен реттеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдіктердің жер сатып алуы оның автоматты түрде өз елінің азаматтарын Қазақстанға әкелуіне құқық бермейді», - дейді М. Төлебаев мырза. Бұл айтқанына кәсіпкер елімізде бүгінде 700 шақты қытайлық компания жұмыс істейтінін, онда жұмыс істеп жатқан этникалық қытайлардың саны 2000 адамның шамасында ғана екенін, есесіне ол компанияларда 400 000 шақты Қытайда тұратын қазақтар еңбек етіп жатқанын дәлел ретінде ұсынған.

Сондай-ақ, кәсіпкер: «Кейбір азаматтар жердің шетелдік иесі онда өндірілген өнімдерді шетелге әкетіп, елімізде ауылшаруашылық өнімдеріне дефицит туып, баға өседі деп қауіптенуде. Бұл экономикалық логикаға келіңкіремейді. Ешбір шетелдік инвестор Қазақстаннан астықты шетелге шығарып, 140 долларға сата алмайды. Өйткені, Қазақстанда астықтың нарықтың бағасы 150 доллар деңгейінде. Яғни, ол өз өнімін шетелге емес, ел ішінде сататын болады. Қазір солай болып жатыр. Сондықтан, азық-түліктің шекара асатыны туралы қатер – негізсіз», - деп санайды.

М. Төлебаев жер саудасына наразылық танытушылардың «Қазақстанда жер сатып алған шетелдіктер жергілікті халықтың құқығын шектейді» деген уәжімен де келіспейді.

«Мен осындай да дәйектер естіп жатырмын. Яғни, шетелдіктер ауылдардың айналасынан жер сатып алып, ол учаскелерге жергілікті халықты жолатпай, тұрғындар өздерінің туған жеріне аяқ баса алмай қалатын көрінеді. Бұл аргументте ақылдан гөрі, эмоциялық рең басым деп санаймын. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, кез келген жердің иесіне қатысты талаптар бар. Яғни, басқа тұлғалардың ол жерлерден өтуіне, мал айдауына, коммуникациялар тартуына, басқа жолдар болмаса заңмен рұқсат етіледі. Бұл кодекстің 69-бабында нақты көрсетілген. Біз неге жерді қазақстандық азамат сатып алса, мұндай шектеулерге бармайды деп ойлаймыз? Бұл жерде менің ойымша нормативті және басқа да негіздемелері жоқ стеоротиптер бар деп ойлаймын», - дейді бизнесмен.   

Осылайша қазақ жерін шетелдіктерге сатуды «пайдалы іс» деп санайтын кәсіпкер кім? Қайда туған? Қандай адам? Немен айналысады?

Ғаламтордан Марат Төлебаев туралы мағлұматты көптеп кездестіруге болады. Бүгінде «Smart Investments» ЖШС директоры болып қызмет ететін ол 1967 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданы Төретам аулында дүниеге келген. Үйленген. Келіншегі Роза Оразақова екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қазақ мемлекеттік унивесритетін «заңгер», Еуразия нарық институтын «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1992-1997 жылдар аралығында түрлі бизнес құрылымдарында жұмыс істеген. Кейін мемлекеттік қызметке орналасқан. 2004-2006 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары, 2007-2010 жылдары «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК-ның басқарма төрағасы лауазымдарын атқарған. 2011 жылдың маусымы мен 2013 жылдың желтоқсаны аралығында ауылшаруашылығы вице-министрі болғаны және бар.

М. Төлебаев мырзаның бұл айтқандары өзінің жеке пікірі деп қоя салуға болар еді, әрине. Бірақ, «қоя салғызбайтын» басты себеп, Төлебаевтің өзі түртіп өткен «жердің ұлт байлығы» екендігі. Бабаларымыз қан төгіп қорғаған, әрісі жоңғар мен қоқанның, берісі кеңестік кезеңдегі орыстың көз алартуынан аман сақтап, ұрпаққа аманаттаған жердің тағдыры «төлебаевтардың» пайым-парасатының деңгейінде шешілмейді. Халық мұрасы, ұлт қазынасына қатысты қандай да қаулы-қарар жалпы халықтың ерік білдіруімен, көптің пікірін ескере отырып қабылдануы керек. Артында қандай топтар, алдында қандай мақсаттар тұрғаны белгісіз мұндай «бастамашылдардың» айтқандары жер тағдырына бей-жай қарамайтын ел азаматтары тарапынан тиісті жауабын алуы қажет  деп санаймыз.

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар