Алматы қаласы әкімдігіне қалалық 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесін Астана алаңында өткізуді ұсынамын. Неге жыл сайын Жеңіс күні мейрамында Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткіштері жетім қыздың күйін кешу керек? Неге Батырларға лайықты құрмет көрсетілмейді? Бұл - бір.
Екіншіден, 28 панфиловшы атындағы саябақ қаланың ортасында және аумағы үлкен емес. Жылда мейрамға жиналған адамдар сығылысып зорға жүреді, көлікпен өту тіпті мүмкін емес. Былтырлары халықтың көптігінен адамдар бірін-бірі таптай жаздады, нәтижесінде бірнеше ардагер сүрініп құлап, денсаулықтарына зиян келтіріп жатты. Биыл да сондай кептелістердің болмауына кім кепіл? Қала басшылығының ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін ойлауы маңызды емес пе?
Астана алаңын көліктен жауып тастасақ, халықтың емін-еркін жиналуына, үлкен сахна құрып, концерт беруге және Әлия мен Мәншүк ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға толық мүмкіндік болады. Халық сыймай, бірін-бірі таппауға жол берілмейді.
Ноябрь Кенжеғараев