Бейжің Олимпиадасының допинг ісі ашылса, салдары Қазақстан спортшыларына тиіп кетуі де мүмкін, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді.
Бейжің Олимпиадасының допинг ісі ашылса, оның теріс салдары Қазақстан спортшыларына тиіп кетуі де мүмкін. Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан бұқаралық спортты және дене шынықтыруды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай мәлім етті.
Талқылау барысында депутаттар кәсіби спорттағы допинг мәселесіне назар аударған. "Жағдай ушығып отыр. Үлкен держава Ресейдің өзінде әйгілі спортшылар атағынан айырылып жатыр. Бізге де жетіп жатыр. Допингке ұрындырмайтын қандай амал бар?» деген болатын депутат Омархан Өксікбаев.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы біразға дейін елімізде спорттық медицина мен допинг саласына жеткілікті түрде көңіл аударылмай келгенін мойындады. Оның айтуынша, тек соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жолға қойыла бастаған. Республикалық допингке қарсы орталық Астана қаласына көшіріліп, екі жүз миллион теңгеге арнайы зертхана ашылатын болады.
«Допинг өте күрделі мәселе. Соңғы екі жыл бойы осы мәселемен айналысып келеміз. Біздің спортшыларымыз да осындай үлкен дауларға іліккен болатын. Сондықтан да, Қазақстан допинг мәселесін дұрыс жолға қоймаса, онда алда кедергілер көптеп шыға береді. Ең өкініштісі, қазір Бейжің Олимпиадасына қатысты допинг ісін ашатыны туралы сөз қозғалып жатыр. Егер бұл ашылса, әлемде көптеген ыңғайсыз жағдайлар орын алуы мүмкін, ол Қазақстанға да қатысты болуы ықтимал. Осы тұрғыдан алғанда, біз Рио Олимпиадасына ең бірінші кезектегі дайындықты допинг саласынан бастап отырмыз», деді ведомство басшысы.