Адвокат Жангелді Сүлейменов елде тұрақтылықты сақтау мақсатында әлеуметтік желілерді жабуды ұсынды. Оның айтуынша, әлеуметтік желілердің жұмысын реттейтін заң қабылданғанша ондай желілердің қызметіне уақытша тосқауыл қойылу керек.
Заңгер Фейсбук, ВКонтакте, Туиттер, Инстаграм сынды желілерді жұмыс уақытында пайдалануды, онда бүркеншік аттар мен псевдонимдер қолдануды, балалардың пайдалануын шектейтін талаптар енгізу керек деп санайды. Сондай-ақ, Ж. Сүлейменов әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік жүктеу тетіктерін де қарастыруды ұсынды. Заңгердің соңғы ұсынысты не үшін айтып отырғанын түсінбедік. Өйткені, қолданыстағы заңнамаларда жалған ақпарат таратуға байланысты жауапкершілік нормалары көрсетілген.

«Әлеуметтік желілер өкінішке орай, ұлттық, әлеуметтік алауыздық, елде тұрақсыздық туғызуды көздейтін зиянды ақпараттарды қоғамға тастау үшін жиі пайдаланылады. Әрине, әлеуметтік желілердің қоғамдағы нақты және пайдалы мәселелерді шешуге пайдаланылатыны жасырын емес. Мәселен, осындай желілер жерді жалға беруге қатысты биліктің назарын аудартуға көмектесті. Әлеуметтік желілерге уақытша шектеу қою азаматтардың ақпарат алу құқығын ешқандай да шектейді деп ойламаймын. Бұдан зардап шексе, тек блогерлер зардап шегеді. Олар уақытша пост жаза алмай қалады, олардың оқырмандары да блогердің не ішкені, не жегені, не сатып алғаны туралы оқи алмай қалады. Сондықтан, азаматтар бұл ақпараттарсыз бірнеше ай өмір сүре алады деп ойлаймын», - дейді адвокат.
Ж. Сүлейменов мұндай шектеудің зиянынан пайдасы әлдеқайда көп болатын көрінеді. Осы жерде заңгер балалардың желі телміруі, адамдардың күні-түні уақытын желіде өткізуі сынды тұрмыстық деңгейдегі дүниелерді алға тарта отырып, қоғамдық мағызды мәселе көтеріп отыр. Бұл әңгіме бұрын да сөз болған. Сексуалдық сипаттағы, интимдік қызметтерді насихаттайтын контенттер шынымен де желіде жетіп артылады. Ол туралы дабыл қағып, тіпті, тиісті заң қабылдау қажеттілігін талап еткендер бұған дейін де көп болған. Ал, әлеуметтік желіні шектеу туралы әңгіменің бұл жолы қайта көтерілуі балалардың тәрбиесіне, рухани-моральдық құндылықтарға алаңдаушылықтан гөрі саяси себептерге көп қатысты сияқты.
Жомарт Абдоллаұлы