Қазақстан саясаты."Мәңгіміз" бе, ләңгіміз бе?

/uploads/thumbnail/20170708151502118_small.jpg

    Соңғы кездері біздің билік басындағылар не істерлерін білмей, дағдарып қалған сияқты. Әсіресе, Украина жағдайына келгенде, ұзақ уақыт үнсіздік сақтап келіп, кеше ғана "мұрындарының астынан"  міңгірлегендей болып, Украинадағы жағдайды БҰҰ- ның қанаты астында келіссөздер арқылы шешу керек деген сияқты ұсыныстар айтқандай  болды.

Биліктегі бұл үнсіздіктің - АҚШ перзиденті Барак Обаманың біздің мемлекет басшысына телефон арқылы хабарласқанынан кейін пайда болғанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Ол телефон арқылы болған әңгімеде, нақты не туралы сөз болғанын ешкім білмейді. Десе де, «жақсы» әңгіме болмаған сияқты. АҚШ-тың қайбір Қазақстанға жаны ашып, бүйрегі езіліп тұр дейсіз? Меніңше, ең алдымен оларды қатты алаңдататыны – АҚШ-тың Қазақ елінен тауып жатқан мол пайдасы екені даусыз. Сол «шылқа майдың» қайдағы бір орекеңдерге басыбайлы кетіп қалмауы жағын назарда ұстаса керек. Қарап отырсаңыз, Қазақстанның  саяси ұстанымдары  ләңгі  ойыны сияқты. Қайсысы  тебем  десе, соның ығына жығылып  кете  береді. Мұндай жағдайда мәңгілік ел туралы айтудың өзі  сандырақ сияқты.

   Қазақстандағы демократияның сиқын олар бізсіз де жақсы біледі. Олар ең алдымен өз қалталарының қамын күйіттейтіндіктен, біздегі иесіз ен байлықтан молырақ қарпып, асап алып барып, содан кейін қалғаны туралы сөз етпек. Біздің шамалауымызша, сол жолғы екі ел басшылары арасындағы әңгімеде Ресейге экономикалық және саяси санкциялар жарияланатыны - сөз болғаны даусыз. «Өгізге туған күннің - бұзауға да туып кетпесі үшін» біздегілердің қандай ұстанымда болуын олар еріндерінің емеурінімен ғана сездірген шығар.  Біздегі ұры билікке осының өзі жетіп жатыр. Себебі, елімізден бүгінге дейін қолды болған 150 млрд. АҚШ долларының шетел асып, сол жақтағы офшорлық аралдарда мұрты бұзылмастан тығулы жатқанын және ол қолды болған қаржылардың нақты иелерінің кім екендерін АҚШ жақсы біледі. Егер ертең соларға да санкция жарияланса, біздің ашқарақ биліктің көмейіне құм құйылды дей бер.

    Өздері көптен бері «Еуразия Одағы» деген сылтаумен аналардың қанаты астына еніп, жан сауғалауды асыға «армандап» жүргенде, жағдайдың бұлай күрт өзгеріп шыға келетінін олар болжай алмады. Сыртын қанша қампитқанымен Ресей  енді өз басымен өзі қайғы болып кетуі мүмкін. Өйткені, ол елге экономикалық санкция жарияланып та кетті. Ол елдегі талай қолды болған мол қаржының желге ұшып, жоқ болып кетуі  ғажап емес.

Ерте ме, кеш пе, мұндай күннің біздің еліміз басына да орнауы әбден мүмкін. Өйткені, біздегі қаптаған жасанды «миллиардерлердің» барлығы дерлік, тек ұрлық жолымен байығандар екенін әлем экономистері, қаржыгерлері мен саясаткерлері өте жақсы біледі. Олар тек,  біздегі ұрылардың қоясын ақтарып тастайтын сәтті ғана күтіп отыр.

Кез-келген мемлекетті мемлекеттік деңгейде тонағандар ешқашан да әділ жазадан құтылып көрген емес. Біздегі қаптаған ұрылар да одан құтыла алмайды. Оларда бұрын: «біздің жанымызды бір сақтаса, мына Ресей ғана сақтап қала алады» деген бір үміт болған. Оған Қырғыз елінің екі бірдей президентінің қашып барып, бассауғалағандары дәлел.

Бүгінге дейін біздің тойымсыз билік  алып көршіміз Қытайдан 20 млрд. АҚШ доллларын қарызға алғаны, ол елге шикізатымыздан молырақ қарпуға жағдай үстіне жағдай жасап жатқанымыз бүгінде ешкімге құпия емес. Біздегі ұрыларымыздың ендігі бір «үміті» -  алда-жалда бастарына күн туа қалса, осы айдаһарды барып паналау. Бірақ, Қытай кеңқолтық Батыс емес, түкке тұрмайтын бір елді сатып, қашып келген су жүрек ұрыларды олар қайтпек? Ондайлайлар  Қытайдың өзінде де толып жатыр. Қытайға адамның керегі шамалы, байлығы да жетерлік, олар артық «бас ауруын» қайтпек?

Сонда ойлап қарасаң, біздегі қаптаған ұрылардың барар жер, басар тулары қалмаған сияқты ма, қалай? Енді сонда ол ұрылар қайда барып, бассауғаламақ?

Бұл - мүлдем басқа әңгіме.  Осыған қарағанда, Ресейдегі, Украинадағы, Қырымдағы, АҚШ пен Батыстағы текетірестің жалыны Қазақстанға да бір соғып өтпей, тынбаса керек. Әлгі біздікілердің: «біз де, қосақ арасында қоса босқа кетпейміз бе?» деп үрейленетіндерінің жаны бар сияқты ма, қалай?..

Жұмаш Кенебай

Коллаж: Н.Нұрмұхамедов

Қатысты Мақалалар