Болашақтың адамы(жалғасы)

/uploads/thumbnail/20170708151502992_small.jpg

Марқұмның кезінде Елбасының 60 жылдық туған күніне арналған ақ сарайдағы дастарқанына арнаулы шақырылып ән салуының өзі, Ермұрат Зейіпханұлының ерте күндерде-ақ қазақ еліне машһұр бола бастағанынан дерек берсе керек. Міне осы Елбасының туған күнін тойлап отырған бас қосуында, көптің көңілін өзіне ерекше бұрған сері жігітке Алматы қаласының сол кездегі әкімі Храпунов жездесі, көп ұзатпай қала төрінен бір пәтердің кілтін де ұстатты. Ал, оның қазақ еліндегі сыйлас болған, қимас болған ақын-жазушы, әктер-композитор секілді өнер адамдарын бұл арада санап шығудың өзі мүмкін емес. Өйткені, марқұмды ақтық сапарға аттандырып салатын күнгі, Қазақстан жазушылар одағы ғимаратының алдына сүйекпен қоштасу үшін жиналған халықтың көп болғанын, оқырмандарымыз ғаламтор беттерінен көрген де болар. Осының бәрі Ерекеңнің Алматыдағы елдің ортасында қадыр-қымбатының қаншалық болғанын түсіндіріп бергендей. Әсіресе, қаралы салтта сөз алған Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің: «ол жаққа соншама неге асықтың бауырым-ай, бұл жақта да адамды жазым ететін дәрігерлер көп еді ғой» деп, әншейінде аспан құласа да ықпайтын төзімі берік тұлғаның, екі иығы селкілдеп көз жасына ерік бергені, кез келген кісінің көңілін босатады. Жалпы азаматтық тұлғасы жағынан Ерекең көп елден оқшауланып көзге түсетін, өз ортасынан биіктеп бара жатқан бөлекше тұлға еді. Шыныменен-ақ толысып, толып, өнердегі жемісінің піскен шырынын еліне енді ұсынар сәтке келгенде, қазақтың қыл қобызындай зар күйін енді тапқан Ерекең үзіліп кетті. Мұның өзі жалпы қазақ өнерін қара жалын өксікке қалтырды. Өйткені, мұндай мықты мырыш талантты шыңдап, тәрбиелеп жетілдіру бір ұлт үшін де, бір қоғам үшін де оңай шаруа емес. Өйткені, ол қотандағы қойшы мен көшедегі етікші емес. Өнер өлкесінде сирек кездесетін гауһар еді. Сенбесеңіз әндерін тыңдап көріңіз! 80 әні бар. Халық арасында машһұр болып үлгергені міне осының мен білсем 8-і ғана. Олай болса Ермұраттің кені толық ашылып болған жоқ. Сондықтан, ол -болашақтың адамы. !

******

    Алматыға барып алты ай уақыт өткен соң-ақ, досым Ауыт Мұқибекұлы екеуіміз бір-бірімізге бағжаңдап қараса бастадық. Жұмыс жоқ, қолымыздан келетіні ертеден кешке дейін есінеп өлең жазу. «Біздің ақынымыз бес өлең жазды», «біздің ақынымыз алты өлең жазды» дейтін ағаларымыздың әріптестік әзілдері де айтыла бастады. Нөмірі 1-ақын, 2-ақын болып сапқа да тізіле бастадық. Не сын айтасың! Екі жігіттің екі үйде дөңбектей болып дөңкиіп жата беруінің өзі қай бір көзге сүйкімді болып көрінеді дейсің. Әрине, сондағы біздерге алты ай төрін сыйлаған аға-жеңгелерімізге артар өкпелеріміз жоқ, шынын қуғанда бұл тіршілік нөмірі 1 , 2 ақынның өзін жалықтыра бастады да, екеуіміз ақылдасып алдымен жатқан үйлерімізге білдірмей жатақхана іздемек болдық. Менің есіме міне осы кезде ең алдымен марқұм Ермұрат Зейіпханұлы түсті. Бұйымтайымды ести салып, екіленбестен көмек қолын созуға даяр екенін білдірді. Сөйтіп, Ерекең мені Алматының Татарка (развелка) аталатын жерінде орналасқан «Алматы облыстық мамандар касібін дамыту институтының» директоры Тұрсынбек Маймолдаевтың кеңсесіне ертіп барды. Баймолдаевпен батырың бал жаласады екен. Екі қайырымға келген жоқ Ауыт екеуімізге айына мың теңгелік (халық ақшасында 40 юан) жамбас ақымен бір жатақтың кілтін ұстатты. Кешінде керек десеңіз институт директрі Ермұратқа арнап өз отбасында кәдімгідей керемет дастарқан жайды. Қоналқа сұрап келген мүсәпір кейпімді ұмытып, Ерекеңнің абыройының арқасында Алматылық дөкейдің кең төрінде керіліп отырып өлең оқығаным әлі есімде. Сонымен Аупаң екеуіміз ағамызды жасаған жақсылығының қарымжысы үшін өзінің алып берген жатағында күтпек болып келісіп, әзірленіп жүрдік. Кезеніп жүрген сәтті күндер де жетті. Марқұм біздің көтерем күйімізді түсінсе керек, жатақханамызға жалғыз келді. Омдап-домдап дегендей екі еркек өзімізше үстел жасап, артынан төркіні іздеп келген ерке келіндей өкпемізге жел бітіп желпініп қалдық. Ағамыздың көңілі бұл күні көтеріңкі көрінді, үшеу ара орыстың ұзын мойын водткасын ортаға алып отырыстың отын тұтаттық та жібердік. Аупаң екеуіміздің Алматыға келгелі бері қалыңдай бастаған қойын дәптеріміз тағы да жел парадай парақтала бастады.

Бір кезде сапан салып отырып екі бауыры Ерекеңді байқамаппыз, марқұмның басы салбырап кеудесіне түсіп кетіпті. Екі көзі табанымыздың астындағы тағанда. Бар назары әлде қайда бұл ортадан құс болып ұшып кеткен. Тына қалдық. Көпке дейін осылайдан-осылай үнсіз отырды. Бір кезде барып басын жерден көтерді. Көз жанары қаймақшып жасқа толып кетіпті: .

_ мына сырмақ кімдікі?-деді марқұм екі иығын көтере күрсініп.

_ менікі,-дедім, мінді болған балаша міңгірлеп.

_ сендер аналарың алдыларыңда тірі жүрген соң қадырын білмейсіңдерҒой...,-деп кірпігін қағып жіберген еді, көз жиегінен домалаған жас тамшылары бетін айғыздап бара жатты. Ауыт екеуіміз не болып қалғанын аңғара алмай аңырдық та қалдық.

_ мына сырмаққа қараңдаршы,-деп бастады сөзін: _ байқұс анамыздың қаншалық жүрек қаны мен көз майы жатыр мұнда?! Оны сендер ұлықтаудың орнына табандарыңның астына тастапсыңдар. Менің төрімде марқұм шешемнің осындай бір көзі тұрса ғой, шіркін! Аяулы анашым тірі отырғандай қуанатын едім,-деді екі иығы бүлкілдеп. Ағамыздың көңілін бұзып, ауылдағы кеюана анасын есіне түсірген, аяғымыздың астында жатқан менің сырмағым екенін сонда ғана барып бір-ақ білдім. Елдің бәрі менің Сырайыл (Сырайыл Ысқақ ұлы) мұғалімім секілді бір бөлмелі жатағына үш бірдей сүйретпе істететін (есік пен төрге дейін, терезе жақ самалдық та, сыртқы залда) пысып кеткен пысық жігіт бола беруі қиын ғой. Әсіресе, құдай өзі қалап тұрып бір тоғайда жолықтырғандай Ауыт та, мен де барып тұрған маубас жалқаумыз. Ерекең айтса айтқандай екі төсек ортасына анамның әбзелдеп отырып ойып, жөргемдеген әдемі сырмағын төсеніш ретінде тастай салып, аяқ киімімізбен тулақтай таптап жүре беретін едік. Серінің жаны соған күйіп отырыпты.  !?.

Мақаланың бастауын мына сілтемеден оқи аласыздар: http://qamshy.kz/?p=8021

(Жалғасы бар)

Білісбек Әбдіразақ

Төте жазудан аударып дайындаған: Қуанәлі Алмасбекұлы

“Қамшы” сілтейді

Қатысты Мақалалар