Кеше Елбасы тапсырмасымен құрылған жер реформасы жөніндегі комиссияның құрамы белгілі болды. Ұзын-саны 75 мүшеден тұратын комиссия ертең өзінің алғашқы отырысын өткізеді. Мүшелерінің басым бөлігін шенеуніктер мен депутаттар, бұған дейін жерді сату мен жалға беруді қос қолдап келгендер құрағанымен, жер реформасына белсенді түрде қарсылық көрсеткен бірнеше азаматқа да комиссиядан орын бұйырып отыр. Келелі кеңестің алдына қойылып отырған міндет – айқын. Елді дүрліктірген жер дауын барлық тараптың көңілінен шығатындай етіп шешу.
Ал, комиссияның құрылуы мен алдағы жұмысына қатысты жұртшылықтың ой-пікірі әр алуан болып отыр. Біреулер оның жұмысына зор үміт артса, енді бірі жер саудасына қатысты дау-дамайды басуға бағытталған кезекті ойын деуде. Осы ретте комиссия құрамына өткен белсенділер мен сырттан бақылаушы бірқатар азаматтың ұстанымдарын ортаға салғанды жөн көрдік.
Комиссия құрамына енген танымал заңгер, осы жерге қатысты дау-дамайдың басы-қасында жүрген қоғам белсендісі Мақсат Ілиясұлы комиссияның жұмысы туралы әзірге қандай да бір пікір білдіруге ерте екенін айтады.

-Көптеген азаматтар, журналистер Үкіметтік комиссияның құрамы туралы, онда біздің қалай жұмыс істейтінімізді сұрап, комиссияға сенуге бола ма, болмай ма деген сияқты көптеген сұрақтар қойып жатыр. Менің айтарым, алдымен комиссияның ертең өтетін бірінші жиналысына қатысып көрейік. Өз пікірлерімізді, талаптарымызды ортаға салайық, Комиссияның регламентімен танысайық. Содан кейін ғана белгілі бір ой, пікір, тұжырым айтуға болады, - дейді ол.

Берік Әбдіғали, саясаттанушы:
Комиссияны құрамына әр тараптағы адамдардың енуіне қарап-ақ жақсы бағалауға болады. Оның құрамына тек қана түрлі саяси партия өкілдері ғана еніп отырған жоқ, таным-түсінігі, ұстанған пікірлері әр алуан азаматтар еніп отыр. Мен осы оқиға алдағы уақыттағы үкімет пен азаматтық құрылымдардың бірлесіп атқаратын жұмыстарына бастау болады деп ойлаймын. Нақты көріп отырғанымыз, қазір үкімет жанынан жер мәселесі жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды. Яғни, қоғамдық кеңестер туралы президенттің айтқаны жүзеге асты.
Алайда, мен жер мәселесінде ортақ келісім табылатынына 100 пайыз кепілдік бере алмаймын. Өйткені, бұл жерде түрлі позициялар тоғысып отыр. Біреулер ақылға қонымды дүниелерді айтса, енді бірі тек эмоцияға ерік беруде. Ал, енді бір азаматтар мәселені тек коммерциялық пайда тұрғысынан қарап отыр. Тағы басқа да көзқарастар бар. Барлығы үкіметтің халықтың еркін қанағаттандыруға қаншалықты ниетті екеніне, оның халыққа қалай қаншалықты қадам жасайтынына, сарапшылардың комиссия мүшелерін қаншалықты сендіре алатынына байланысты. Бұл жерде үкімет комиссияда айтылатын барлық пікірлерді тыңдап шығуы қажет. Ал, комиссия мүшелері тек өз айтқандарында ғана тұрмай, қоғам игілігіне қызмет ететін ортақ мәмілеге келуі керек.

Ерлан Саиров, саясаттанушы:
Құрамына Айдос Сарым, Дос Көшім, Мұхтар Шаханов еніп отырған комиссия үміт сыйлады. Қоғам талабының бірқатары ескерілді. Алайда, комиссия құрамына көбінесе тек орындаушы лауазымдағы азаматтар еніп отыр. Бұл біршама күдік туғызады. Меніңше, ұрыста тепе-теңдік мәселесі қиын болады. Соған қарамастан, бұл алға жылжу бп саналады, себебі қоғам мен мемлекет арасында диаоһлог құратын алаң пайда болды.
Сонымен бірге, осы жерде бірнеше сұрақ туады. Мысалы, мемлекет мұндай диалогқа қаншалықты дайын, қоғам халықтың талабын қорғауға қаншалықты дайын? Яғни, егер комиссия жұмысы табысты болса, онда белгілі бір диалог құратын институт та пайда болады. Бұл және біздің елімізде алғаш рет орын алып отырғанын айту керек.

Макс Боқаев, «Арлан» үкіметтік емес ұйымының төрағасы (Атырау):
Біріншіден, бұл презентациялық комиссия емес, өйткені мұнда қоғамның түрлі өкілдері еніп отыр. Жер – қоғамның барлық мүшесіне қатысты тақырып. Екіншіден, менің ойымша комиссия басқаша әдіспен жасақталу керек еді. Яғни, комиссияға өтуге қоғам мүшелері өздері мүдделілік танытуы тиіс еді. Ол үшін сайлау өткізудің қажеті жоқ. Мен кезінде «Өндіруші саладағы жариялылық бастамасы» деген жобаға қатысқанмын. Энергетика министрлігі жанында ұлттық кеңес құрылды. Көп дау-дамай, қайшылықтар болды. Менің ойымша сол комиссия жұмысындағы әдістерді мұнда да қолдануға болатын сияқты.
Осылай деген Макс Боқаев бүгін «Фейсбук» әлеуметтік желісінде өзінің бұл комиссия құрамында жұмыс істеуге келіспейтінін, комиссия қоғамның еркін білдіретін тиімді тетік еместігін мәлімдеді.

Мұхтар Тайжан, экономист:
Комиссия құрамына енген азаматтардың тізімі – осы. Бүгінгі жағдайда осымен келісуге тура келеді. Онда «Нұр Отанның» да, басқа партиялардың да өкілдері, министрлер де, оппозиционерлер де, азаматтық белсенділер де бар. Комиссия құрамынан жер мәселесіне қатысты белсенділік танытқан Макс Боқаев пен Мақсат Нұрыпбаевты көріп, бәріміз қуандық. Мен комиссия конструктивті жұмыс істейді деп үміттенемін.
Бірінші кезекте комиссия бірнеше қалада өткен митингтерде айтылған тхалықтың тілегін заңдық негізде жүзеге асыруды қамтамасыз етуі керек. Жер тек Қазақстан азаматтарына тиісті болуы қажет. Онда да нақты сол жерде жұмыс істейтін азаматтар иеленуі керек. Мұны президент те айтқан болатын. Яғни, халыққа ұнамайтын заңның бізге қажеті жоқ.
Комиссияның міндеті – жерге төнген қауіпті заң негізінде қорғауды жүзеге асыру. Тек осылай ғана халыққа барлығын түсіндіруге, осы мәселеге қатысты орын алған наразы көңіл-күйді сейілтуге болады.
Мен комиссия құрамында жұмыс істеуге әзірмін және оған моральдық құқым бар. Ондағы 75 адамның барлығы бірдей комиссияның «қара жұмысын» істейді дей алмаймын. Нақты заңдық түсініктер мен ұғымдар қалыптастыруда сарапшылардың еңбегі маңызды. Мен өз басым Астанада пәтер жалдап, маңызды жұмыс аяқталғанша қанша уақыт тұру қажет болса сонша уақыт болуға дайынмын.
Әзірлеген: Дархан Мұқантегі