ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӘКІМДЕР РЕЙТИНГІН КІМ БАСТАП ТҰР?

/uploads/thumbnail/20170709011325702_small.png

Әр ай сайын әкімдердің рейтингіне көз жүгірту әдетке айналды. Сәуір айында қай облыс әкімі өнімді жұмыс істеді немесе қоғамның ішкі мәселесіне араласып, қандай да бір нәтиже шығаруға күш салды?

Сәуір айы қарбаласқа толы болса да, әкімдер өз ырғағынан айныған жоқ. Астананың төріне келіп, статистикалық мәліметтері мен жалпылама есептерін зырылдатып оқып шығып, мойындарынан бір жүк түскендей еліне оралған. Тіпті, өздерін бұқараның арасында жүріп, түйткілді мәселелерін көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезінгендей. Алайда, сәуір айының соңғы күндері еліміздің облыс орталықтарында «Жер кодексіне» енгізілген өзгерістерге қарсы өткен митингілер әкімдердің тыныштығын алды десе болады.

Сонымен, «Саясат-Monitoring» тобы жариялаған кезекті рейтинг не дейді? Арнайы жүргізілген жабық сауалнама бойынша 28 сарапшыдан, қоғам қайраткерлері мен блогерлерден, саяситехнологтар мен журналистерден жауап алынған.

Бірінші орында Алматы облысы әкімі Амандық Баталов мырза тұр. Баталов мырза сәуір айында бірнеше басқосу өткізгені мәлім. Соның бірі қытайлық делегацияны қабылдап, «Достық» бағы жобасын талқыға салды. Одан соң әкім іссапармен Шыңжаңға барып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетіп, бірқатар меморандум құжатын арқалап келді. Алматы облысының Қытай халық республикасымен тығыз қарым-қатынаста болуы заңды да. Себебі, облыстың шекаралық орналасуы соны талап етеді. Оның үстіне мамыр айының соңына таман өтетін инвестфорумда бар басымдық ауыл шаруашылығы мен туризмге түспекші. Аймақ билігі қол жеткізген жетістіктерін үнемі жариялаудан жалыққан емес. Атап айтқанда, бау-бақша аумағы 20 мың га, ірі қара 1 млн басқа артса, алдағы уақытта 9 МТФ құрылып, жылыжай кешені салынбақшы. Ал туризмге байланысты 11 туристік жоба іске кіріскен.

Екінші орында Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков. Бұл әкімге жүктелген негізгі тапсырма ЭКСПО-2017 ауқымды шарасына дайындықты пысықтап, қаланың дамуына көңіл бөлу. Елбасының өзі өткен мәжілісте бас қаланың аймақтар арасында экономикалық көрсеткіші өсіп отырғанына тоқталып, шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы климат деген болатын. 2015 жылы Астанада 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, республикалық бюджетке донор ретінде қаржы құйып отырған көрінеді. Сондықтан да Президент: «Еліміздің барлық аймақтары осыған теңесу керек» деп атап өткен.

Үшінші орынға респонденттер Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекті құп көреді. Жақында Елбасының Алматы қаласына келіп, бірқатар тапсырма беріп кетуінің өзі, қала билігі шешімдерін қолдау үшін қоғамдық кеңестің жұмысына қан жүгіруінің өзі әкімнің қызметін жандандырған.

Ал төртінші орынға жайғасқан Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев сәуір айында тұрғын үй, өнеркәсіп, мемлекеттік бағдарлама мәселесіне көңіл бөлген. Аймақта 5 көпқабатты үйдің құрылысы басталып, 5 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Жергілікті биліктің мәліметінше, облыста екі жылда баспана кезегіне тұрғандардың саны 41 пайызға азайған. Бұдан бөлек әкім «Егін алқабы күніне» қатысып, аграрлық саланы дамыту үшін ҚазҰАУ ректорымен меморандумға қол қойған. Сондай-ақ әкімнің «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Ө.Шүкеевпен бірге тау-кен байыту «Шалқия» кен орнына баруы, жерлестерімен бірге әнші Батырхан Шүкеновты еске алу шарасына қатысуы оның халық алдындағы беделін көтерген сыңайлы. Ең бастысы, жердің жалға беруіне қарсылық танытқан халықпен кездесіп, олардың алаңдаушылық білдіруіне түсіністікпен қараған жалғыз әкім – Көшербаев болды.

Бесінші орында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Әкім сәуір айының батырына айналғандай. Ол «Жер кодексіне» енгізілген өзгерістерге наразылығын білдірген халықпен алаңда кездесіп, бейбіт түрде тарауына күшін салды. Айта кету керек, 2013 жылы Батыс Қазақстан облысының әкімі кезінде «Жалпақтал» ауылындағы наразылық митингінің тұтанып кетпеуін қадағалаған болатын.

Ал сауалнаманың негізгі тобын Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастап тұр. Оның шетелдік инвесторлардың мемлекеттік тілде сөйлеу керектігін айтқанының өзі неге тұрады? Алайда, халық әкімнің жерге қатысты түйткілге еш пікірін білдірмегенін айтқан еді. Бірақ бұл күндері Сапарбаев Астана қаласында іссапарда болған көрінеді.

Сол сияқты сегізінші орындағы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев СУАР-ға ісспармен барып, бос жатқан жерді игеруге байланысты жобаны іске қосты. «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Шүкеевпен бірге Орта Азиядағы «Бурное Солар-1» ірі күн электрстанциясын аралауы да әкім жұмысын қорытындылайды.  

Ал Батыс Қазақстан облысына әкім болып сайланғанына көп уақыт өте қоймаған Алтай Көлгіновтің ақпараттық белсендігілі жоғары. Оның жұмыс орындарына камера қойып, қатаң қадағалауды ұсынғаны есте. Көпшілік жұрт мұны жаңадан келген әкімнің әдеттегі «аурына» балайды. Десе де, әзірге жаңа әкімнің айтарлықтай тындырған шаруасы жоқ.

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков болса, «Karaganda Invest-2016» инвестициялық форумының ойдағыдай өтуіне атсалысты. Нәтижесінде жергілікті билік 8 меморандумға қол жеткізіп, бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойды.

Рейтингтік кестені Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов аяқтап тұр. Аймақтың жаңа басшысы қызметінің алғашқы айында аудандармен танысып, облыстың күретамыры саналатын Екібастұз, Ақсу қалаларында ауыс-түйіс жасады. Жаңа әкімнің стратегиялық бағыты анықталмаған соң, әзірге кесімді баға беру қиын.

 

Қатысты Мақалалар