МЕН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІМ?

/uploads/thumbnail/20170709021813868_small.jpg

Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені?

Мен қазақтың баласы.

Қасым Аманжолов

*    *     *

Мен - «Елім-айлап» ауған елдің талықсып тәуелсіз Қазақстанға келген ұрпағымын, бір түйір топырағы мен бір жұтым ауасының қадыр – қасиетін сезінген бақыттылардың бірімін.

Туған жерім – қазақтың Ақыттай ғұламасы, Оспандай оғылан ері, Сұлубай, Зуқадай батыры дүниеге келген, аспанын күн сүйген, асқарын бұлт сүйген Шығыс Түркістанның Еренқабырға тауының етегіндегі Санжы қаласының Ашылы қазақ ұлттық ауылына орналасқан елді мекен. Ес білгендегі алғашқы арманымда осы тұғырлы тауының биігіне шығып, арқасын Қойдараға тіреп, Шөлжотамен жүлгелесіп шіреніп жататын Жанболат жайлауын алыстан көрсем деп басталған болатын.

Қалаға келіп қызық қуып, жанның рахатын көріп жүрсемде жанын жеп жанын бағатын осындағы ақ еділ ағайынды, алғашқы арманым болған асқар тауды сағынатын едім, осы арман мені есейтті, ержеткізді, жетелеп Алатауға да әкелді.

Қай жылы екені есімде жоқ, тек көз алдымнан ағыны қатты өзенге түсіп еш қарсылық көрсете алмай ғайып болған қуыс қурай тағдырлас бал балалығым жалт етеді де сөнеді. Ес білген ағама еріп, ауылдың қары қалың жон – жотасын, жалтыр мұзын түгел аралап қайтатын ессіз бала күндердің бірінде ауыл шетіндегі Тасбастаудың басындағы қалың қарға таяқтың ұшымен жазылған «түсініксіз жазуға» көзім түсті, ағамның үй тапсырмасына жағаласып, тау – тастың суретін сала берген соң меншігіме көне тоз дәптер тиген, дәптердің жеке меншік болғаны құрсын, отыра қалсам жан – жақтап жазу жаздырып, сан үйреткенді шығарған, қатаң бақылауда отырып қайта – қайта жазатын әріптерге ұқсамаған жазуға оңынан, солынан аз - кем қарап тұрдым да жерден алтын тапқандай қуанып ағамды шақырдым. Ол да таң қалып қарап тұрды да «Көрші аға Қазақстаннан келген, әсілі, мынау Қазақстанның жазуы болуы мүмкін» деген тұжырым жасады. Бұрын - соңды естіп көрмеген «ҚАЗАҚСТАН» деген атау менің түсініксіз жазудың құпиясына деген қызығушылығымды бірден ұмыттырып жіберді. Санаулы секундта кіршіксіз бала жүрегіме түскен сан сауал ойымды мазалап, санама тыным бермеген соң алыстап бара жатқан ағама алқынып жетіп, «Қазақстан қай жақта?», «оған қалай барады?», «қанша күнде жетеді?» деп тынымсыз сұрақ қойдым, ол да бала ғой! үлкендердің аузынан естігені болса керек, «ол өте алыста» деп қысқа қайырып жауап берді.

ҚАЗАҚСТАН! Алдыңғы буынындағы қазақ сөзін күнде естіп жүргеннен болса керек еш қиындықсыз қабылдадым, артындағы «стан» алғаш естуім болғаннан кейін ба ерекше қызық сезілді, ағам екеуміз дастархан басында, жолда, ұйықтар алдында да бірнеше рет жарыса қайталап айтып мәз болып күліп алатын едік, тал шыбықтан ауыздықтап асау мініп, Қазақстанға қарай жарысып шаба жөнелетін қызықты ойын түрін де шығарып алдық, ол кезде ауылдан алыстап шығып көрмеген біздер үшін мынау жалпақ жаһанды біз өскен ауыл мен Қазақстан ғана алып жатқандай  елестейтін. Әуеден ұшқан ұшақтың барлығы біз үшін тек Қазақстанға барып қонатындай болып тұратын, қолымызға қызыл шөпірек ұстап «уа,самолет, самолет, бізді Қазақстанға ала кет» деп ұшақтың соңынан жүгіретін риясыз бал – бала күндердегі тәп – тәтті қиял қиырдағы ата жұртқа түбі бір жететінін сезген – ау шамасы!

Қарны тойса қайғысын ұмытатын балалықтың бақытты күндерін қатыгез уақыт тонады. Ауылдың жыра – жылғасын аралап бұлақтың көзін ашамыз деп батпаққа батып, су кешетін, жар қопарып, жол қазатын ауылдың қара домалақтары қолымызға гүл алып мектеп табалдырығын тарыдай болып аттағанымыз сол еді, аялсыз өткен күндер балалықтың базарынан аяусыз алыстатып, өмір теңізінің тулаған толқынына қарсы жүздірді. Жанталаспай жан қалмайтын өмір керуеніне ілескен біздер соңымыздан ерген тұлымдылар мен бұрымдыларға аға болып үлгіргенімізді аңдамай қалыппыз.

 Есейсемде есімнен Қазақстан туралы шешімін таппаған сұрақ кеткен емес, осындай жауапсыз сұрақ, ауыр арман арқалап білімнің алыс сапарының алғашқы қадамын бастау үшін ауылдан алыстап қалаға келдім, жалпақ жаһанның жартысын алып жататындай сезілетін ауыл дәл осы сәтте ғана тым кішкентай екенін білдім. «құдықтағы құр бақаның» кебінін кие жаздаған мен байғұсқа білім жолында аянбай тер төгу керектігін қалаға келген алғашқы күн -  ақ ұғындырды. Мен ізденісті кітап сөрелері мен сайт беттеріндегі білім бұлақтарынан бастадым, шешусіз жұмбақ болған Қазақстан туралы түрлі басылымдардан оқып біліп түсінігім артты, десе де «қайың сауған, алқа көл» кезінде ауған елдің азапты өмірі туралы тереңдете жазылған материал болмады, бабамның қаны тамған топыраққа жетсем деген ойым ауық –ауық есіме түсіп қана жүрді.

Екі ел саясатындағы елеулі жетістіктердің жемісінде біз тұратын қалада да Қазақстанға барып қайтқандардың саны артты, «Пәленбай Қазақстаннан келіпті» десе болды бойымды мақтаныш па, таңданыс па, қызғаныш па әйтеуір бір ұлы сезім бойымды кернеп, толқып кетемін. Барып қолынан ұстап қазақ елі туралы өз аузынан естігім келіп тұратын болды, бірақ келгендердің кейбірі келеңсізде пікірлер айтатын, мен ол жерлерін естісемде естімеген болып, жамандыққа қимайтын едім.

Осындай күндердің бірінде ақ ниетке жайылған сәлихалы дастархан басында отырып шәйнек қойылған көне тоз кітапқа көзім түсті, «Көрермекем дәриға – ай қайран елді,

Кірді жуып, кіндікті кескен жерді. » - деп аяқталған бір беттегі соңғы тармақтар көзіме оттай басылды, дастархан жинала салып отағасынан сұрап алдым. Тым ертерек баспадан шыққан қалың том кітап болса керек, тозығы жеткен екен, қалғаны санаулы парақтар ғана. Түн жастанып неше қайтарып оқып шықтым:

Туған жердің қия алмай тау мен тасын,

Біз келеміз тия алмай көздің жасын.

Не жазып ек жасаған таптатардай,

Көрінгенге халқымның алтын басын.

 

Қош, аман бол кең жайлау өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,

Итпен құсқа таланып өшкен жерім.

 

Шықпай жатып бесіктен қайғы торып,

Сарғалдақтай жаңбырсыз қалған солып.

Қайда барсаң алдыңда Қорқыт көрі,

Неге тудық бақытсыз халық болып – деп келетін қазақы қара өлеңдер екен,бірнеше шумағын жаттап алдым, есіл қазақ есейіп ел бола алмай кеттік деген бабалардың зар – мұңынан кейін тәңір берген тәуелсіздіктің қадыр – қасиетін біле алмай шетте жүрген өзімді жек көріп кеттім. Бабаларым қия алмай кеткен қиырдағы қияқты мекеннің бір түп жусанын иіскесем деген ойым дәл осы сәтте алып сағынышқа айналды, сағынышым он бес жастан енді асқан өзіме «Кешікпей елге кетемін» деген шешім жасауыма мәжбүр етті.

Елге кетемін дегенімді ести сала анам байбалам салды, аузынан жырып ас берген құлынын қасынан алыс жүргенге қайдан қисын. Ағаң отбасылы болсын, болашақта бірге кетеміз деп өздерінің ішкі жоспарын да айтты, бірақ мендегі ұлы сағыныш болашақты күттіретін түрі жоқ, арман – арғымағым ата жұртқа шылбырын үзіп, шідерін сүйреп болсада жетуге дайын. Дәл осы жасқа келгенше айтқанын бұлжымайтын патша жарлығындай қабылдап, бетіне тура қарап қарсы сөз айтып көрмеген әкемнің қорқытып та, ойлантып та айтқан ақылы санамдағы сағынышқа басу айта алмады. Ақыры ем қонбайтын ауырудың алмай қоймайтынын білген әкем кетем дегелі мектептен де жарытып ештеме оқымай жүргенімді ескерді ме әйтеуір құжаттарымды дайындап қолыма бермек болды.

Маған тез арада кету керек, ал ол жақта виза алу үшін қырғын кезекке тұрады екен. Қазақ «қалауын тапсаң қар жанар, тамызығы тастан» деп тектен – текке айтпаған болар. Үрімжідегі Қазақстанның елшілігіне барып маған виза алмақ болған әкем бір қызметкеріне менің қарсы келсе тау соғатындай телегей сағыныш арқалап Алатауға асығып жүрген бала жүрегімдегі арманымды айтса керек, тез арада виза алу үшін Қазақстандағы бір оқу орнының анықтама қағазы болуы керектігін жайлап түсіндірген қызметкер анықтама емес Қазақстан туралы анық түсінігі жоқ маған жақын арада виза алып беруге келісім беріпті (оған Алла разы болсын).

Қалада жүрген әкемнің бір аптадан кейін виза дайын болады деген қоңырауынан соң мұнша тез кететініме сене алмағандай болған анам ұзақ жылады, мейірімнен жаралған жанарынан әжімді жүзіне құлаған тамшыларды менен жасырмақшы болып теріс айналып кетті. Анамның жылағанын көрген маған да оңай болған жоқ, жанар жасы жүрегімді қарыс айырып барады. Амал не? Анамды да дәл бұлай қайғыртып, алаңдатқым жоқ, бірақ, бабаларым  ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған даланың бір жыртығына жамау болсам, елге бас болмасамда сайына тас болайын  деген арманымды қайда қоямын?!

Қанағатсыз пенделер сырғыған уақыттың қадырын мұңсыз, мінсіз жүріп қайдан білсін? Соңғы бір апта анам алаңдап, түндерде ұйықтай алмай таң атырып жүрді, кеткелі отырған менің жүрегіме уайым түсіргісі келмей барлығын менен жасырды, менің жаным анам жасырған сайын жараланып өзімді қатыгез, жетесіз ұрпақтай сезініп айнаға қараған сайын өзімнен жиренетін болдым.

Мен кететін күні анам екі бетімнен кезек сүйіп, маңдамайымнан иіскеп қаладан шығарып салды, кеткелі тұрған маған жасын көрсетпей – ақ қойғысы келген еді. Бірақ, мен отырған көлік орнынан қозғалған сәтте құлаған жастар бетіне айғыз – айғыз жол салып бара жатты...Қала шетіндегі жоғары қарқынды тас жолдың бойында мені автобусқа салғалы тұрған әкем маған жігер бергісі келіп « елге барғаның дұрыс,жігітсің ғой» деп арқамнан қақты.

Ұзақ жолға жол алмақ автобус орнынан ыңыранып әзер  қозғалды. Жол бойындағы теректер қолын бұлғап қимай қалып бара жатқандай. Терезеге телміріп өткеннің елесін қуалап, әкемнің таудай  мейірін, анамның көлдей көңілін, ағамның үкілеген үмітін абыроймен ақтаудың міндетті және қиын жұмыс екенін дәл осы сәтте ғана сезінгендей болдым, тіл алмай тіленіп кеткенде абыроймен оралсам игі еді. Бір түн жүрген автобус таң ағара Қорғас шекарасына тұмсығын тіреп тоқтады. Санаулы минуттардан кейін мен Қазақстан топырағына табан тіреймін. Алыстан көрінген ақ бас таудың асқар шыңдары маған қолын бұлғап шақырып тұрғандай, биігіне шығып ұшқан құстың қанаты талатын Алатау мен Атыраудың арасына «айхай ,қазақ даласы , мен келдім» деп армансыз айғайлап алғым келді, дәл осы жерде бала күнгі арманым Алатаудың асқарына көз салып тұрды.

Шекарадан өткелі тұрып анама қоңырау шалдым, «Айналайын, құлыным, жолың болсын. Ол жаққа барғаннан кейін тез арада тіркелмесең қамап тастайды дейді, қарақолдар көп депте айтады, абайлап жүр», - дегеннен кейінгі сөздерді өксік басып айта алмай қалды. Ұрпағым деп  ішкен асын жерге қоятын анамдай қамқор адам ол жақта табыла қояр ма? Дәл осы сәтте жанарыма үйірілген жасты жанымдағы жолдастарымнан жасыра алмай төгіп жібердім, кейбірі «алғаш ұзап шығып тұр ғой, бала емес пе» десе, кейбіреулері «жігіт адамның жылағаны несі» деп кеңкілдеп күліп жатты.

Елдер үркердей болатын үрейлі шекарадан мен еш қиындықсыз өтіп кеттім. Күздің алғашқы күндері көрініс беріп, байтақ дала алтын түске боялып жатыр. Көкбектің жазығынан өткенде бойымды алып күш биледі, шеті жоқтай көрінген апай төс дала шұбатылып жатыр, таусылар түрі жоқ, төсінде асыққан біздің автобус ғана. Жол бойындағы қып – қызыл алмалар көздің жауын алады, дәл осы арадан түсіп қалғымда келді. Көрсеткіші 120-ға тірелген автобус тынымсыз бес – алты сағат жүрседе Алматының шетінде көре алмады. Осындай жүгірген аң, ұшқан құс жетпейтіп дарқан даласы бар қазақтың ұрпағы екенімді мақтан етіп келемін. Алыстан мұнартып көрінгеннің барлығы мен үшін Алматы, біз жақындаған сайын ол алыстап барады. Ұзақ жол қалжыратып, тағатым таусылып жіберді, автобустың жүрісі ақырындап қалғандай, түсе салып жаяу жүгірсем бұдан гөрі тездеу жететін секілдімін.

Тәтті ұйқымнан жүргізушінің «дайындаламыз» деген даусы оятты, тағы да терезеге телмірдім. Жарқыраған қала күндізгідей, қарбалас тірлік қайнап тұр,сағат тілі 23-ті көрсетсе де кептелген көліктер, шулаған адамдар, қайнаған қан көшедегі саудалар маған бірден бұл қаланың күндізгі тірлігі қандай екен деген сұрақ тудырды.   Біз сайран вокзалынан түстік, жан – жағымдағы тақталардан бала күнімдегі түсініксіз жазуларды көріп ежіктеп оқыған боламын, Алатаудан ескен салқын самал шекемнен сипап, құшағына басып мені аялап жатты. Бабаларым қанмен қорғаған даланы табаныммен басуға жүрексінген адамша салмақ салмай, ақырын – ақырын басып вокзалдың алдына шықтым. Жеткенше мені барып не істеймін, қайда қонамын деген ой мазаламаған екен, енді есіме түсіп үрей мен қорқыныш билеп жатар орын іздей бастадым. Вокзалдан оңға жүрсем алдымнан жарқыраған айдын көл күтіп алады, жағасында жұп – жұп ғашықтар тұр, қайта артқа қайтамын, вокзалдың сол жағына өтсем алдымнан көлденең көше шығады, Талдықорған, Қапшағайға жүретін қалың таксилер, қаптаған адамдар... маңайды аз кем айналып жүріп әзер бір жатар орын тауып тынықтым, таң атып жарық түссе мынау ару Алматының сұлу келбетін көрсем деген тәтті қиял талықсытып ұйықтатып жіберіпті.

Оянсам бөлменің іші жап – жарық, терезеден ұрлана кірген алтын күн кеудеме түсіп жатыр, бойыма басқаша жылу, шуақ сыйлады. Орнымнан асығыс тұрып көшеге шықсам қарбалас тірлік жанданып келеді екен. Тас көшелер табаныма ақ мамықтай сезіліп, жүрегіме қуаныш ұялатып барады. Иә, мен тұрған қазақтың даласы! Көшелерінен жүруді мен қаншама армандадым десеңізші! Менің ұйқымды ұрлаған да, қуантқан да, жылатқан да, түсімеде кіріп сағындырғанда да осы топырақ еді ғой. Сан жылдық арманым дәл қазір орындалып тұр,  жер бетіндегі ең бақытты адамның бақыты да менікінен артық емес шығар -  ау! Арқамды кеңге салып, кербезденіп көшесін бойлап басым ауған жаққа жүре бердім, бірде көзім жол бойындағы «Абай көшесі» деген жазуға түсті, бірнеше рет қайталап оқыдым, иә, дұрыс, Абай көшесі екен. Бағанадан аяусыз таптап келе жатқаным Абай көшесі екенін білгенде аяқпен басқаныма арланып жерден аяғымды алып кетерлік амал таппай тыпырладым да қалдым, жалғасты жүруге дәрменім жетпейтіндей, жата қалып кеудеме басып жылап алғымда келді. Көше бойына тасталған қоқсықтарды тере жүріп алдағы көшелерді көруге асығамын. Алтынсарин, Өтеген батыр, Тілендиев ... әр көшенің қиылысында аз тұрамында келесісіне жүгіремін, алдымдағы қандай көше екен деп жетіп болғанша тағатсызданып кетемін, Бөкейханов, Байтұрсынов, Мақатаев көшелері кездесіп қалса ғой! бабамның қаны, анамның жасы тамған далада көше кезіп маңдайымның тері тамып келеді, уақыттың осындайда тез өтетіні бар емес пе, күннің қалай кеш кіргенін білмеймін, қайту керек болды, такси ұстасамда адресімді дұрыс айтып бере алмаймын, бәрі бас шайқайды да теріс айналады. Күндіз жүрген ізіммен қайтып кетсем қалай? Онда таң ата жетермін, ізімді дұрыс таба алмауым да мүмкін. Көше бойына шырақтар жанып, қараңғылық қалаға кеулеп кіріп келеді, бойымдағы  үрей барған сайын жүрегімнің соғуын тездетті, амалым таусылып теңселіп көше бойында келе жатып басымды көтергенім сол еді тура алдымда полиция қызметкері келе жатыр екен, тура маған қарап келеді, анам айтқан ұстап алып қамап тастайтындар осылар болмасын деп теріс айналып қаша жөнелу ойым болған еді, бірақ үлгіре алмадым. Қасыма келген сәтте қол – аяғым жүрегім ғана емес, тұтас денем селкілдеп кетті, маған айтқан бірнеше ауыз сөзінің біреуінде түсінгенім жоқ, басымды көтеруге дәрменім жетпей аяғымның ұшымен жер теуіп тұрмын, тағы бір қайталады , қазақша ма, орысша ма айыра алмадым, әйтеу түсініксіз. Менен жауап ала алмайтынын білгеннен кейін иғымнан ұстап сүйрелей жөнелді, бір рет бұлқынып көріп едім қарсылық көрсетуге дәрменім жететін түрі жоқ, арғы бетте қалған анам көз алдымнан сағым болып өте шықты, біткен деген осы екен ғой деп ойлағанымша болмады «Қазақша түсінесің бе?» деп сұрады. Уһ! Жаным азда болса тыныстап, бір сөзін болсада түсінгеніме қуанып «түсінемін» деп айтбақшы болып едім жүрегім аузыма тығылып даусым әзер дегенде шықты. «Паспортың бар ма көрсетпейсің ба» деді қатаң үнмен, қолым қалтырап паспортты ұстауға шамам зорға жетті, ақтарып ары көрді, бері көрді, бір кезде тіркеу туралы сұрамай қайтарып бере салғанда айқайлап жіберуге шақ қалдым, бұдан кейінгісі тіптен жаман боларын қайдан білейін, ерте қуанып алған екенмін. «не шегіп келесің?», «неге қорқып тұрсың?», «ұрлық істедің бе?» деп қайдағы сұрақтарды қойып зәремді алды, неге қорқып тұрғанымды өзім түсінбей тұрып оған қалай түсіндірерімді білмеймін, күмілжіп бірдемелер айтқан боламын, олда менің сөзімді түсінбейді, бір кезде қалтамды тексердіде еш нәрсе тауа алмай, қанағаттанарлық жауап ала алмай маған жаны ашыды ма кете бер деді.

Аялдасам айналып келіп қайта ұстап алатындай сезілді де жүгірдім алға қарай, артыма қарап қоямын, ешкім жоқ, бірақ маған тоқтауға болмайды, бір кезде жүругеде шамам келмей екі бүйірім түйнеп қалды. Есіме  алдымен Сайранға барып алып сол арқылы қонақ үйді табайын деген тамаша ой келді, осындайда такси тоқтаушы ма еді?  Ес кетіп, жан шыққанда бір такси созып тормыздап алдымнан өтіп барып тоқтамақ болды, үрей билеп тұрған мен алдымнан өте берген таксидің есігіне жағаласып жүгірдім, тоқтап болғанша отырып та үлгірдім. Менің мына бейнеме қарап шошып кетті, білем, сүйрегендей болып түсіріп жіберді. Анамның  ол жаққа барып өліп қаларма екенсің дегені бар еді, өлген деп осыны айтатын шығар, ешкім бетімнен қағып көрмеген ауылды сағындым, қазір – ақ қайтып кетер едім, билетті қайдан алуға болар екен деп осы жолдың бойына отырып ағыл – тегіл жылап алғым келді. Бір сәтте ұмыт болған бір күндік шаттығымды есіме алып тұрғанымда қасыма тағы бір көлік келіп тоқтай қалды, бұдан қандай қорлық көрер екенмін деп бұрылып қаша жөнелмек болғанымда «Бауырым, қайда барасың?» деп қалды,

  • Сайран
  • Мың теңгеге болама, жеткізіп қоямын.

Дәл осы арадан құтылуға асығып тұрған маған бір емес бірнеше мың теңге болсада болар еді, теңгенің бетіне қарап далада қалар шамам жоқ. Қуанып кеттім, жүргізуші жол бойында: «мына түнде Сайранның маңайынан абайла» деп үрейіме үрей қосты, таксидің терезесінен қарасам Алматының бүгінгі түні қараңғы, өте суық сезілді. Қайда барсамда қалмаған қорқыныш талықсытып жібергендей болды, басымды құшақтап таксидің орындығына шалқалай кеттім.

Бір кезде ойыма ағалап жан сақтайын, болмаса үстеме ақша берермін деп бар жағдайды толығымен  түсіндірдім, мың болғыр жол көрсетсең болды қонақ үйге дейін де жеткізіп қоямын деді. Сайранға келгеннен кейін  кешегі жолым есіме түспей шиырлап жүріп таптық – ау әйтеу. Көз алдымнан бір күнгі көргенім көшіп жатып ұйықтап кеткен екенмін.

Тағы бір таң ағарып атыпты. Орнымнан тұра салып такси жүргізушілерінен сұрап көші қон мекемесіне барып паспортымды тіркеуге беріп қойдым да қонақ үйдің маңайынан базар іздедім, кешегідей ұзап шығуға жүрегім бармайды, бір -  екі көше жүрген соң Сарыарқа деген базар таптым, алмағым бір стакан ғана, аралап жүрмін, стакан табылады, бірақ бәрінің сатушысы орыс, стаканның шетінде жазулы бағаларыда жоқ екен. Ақыры тағы бір ұтымды амал ойлап таптым, бағасы осыдан аспас деп бес мың теңге бердім де бір стакан алдым. Тағы бірдемелер сұрады, мен басымды шайқап тұра бердім, бір кезде неге екенін білмеймін ақшамды берді де сатаканды алып алды, мен осы әдісті келесі қатардағы бір дүкенге барып істеп көрдім, олда айналып жүгіріп жүріп қолыма 4700 теңге әкеліп ұстатты, демек стаканның бағасы 300 деңге болғаны.

Ертесі паспортымды алуға көші – қон мекемесіне барып жүріп екі жігітпен танысып қалдым, менен аз бұрын келген болса керек, ең алғаш әкемді көргенде де дәл осылай қуанбаған шығармын, араласа келе  пәтер жалдап бірге тұратын болдық. Олар маған «Я не понимаю русский язык» деген ең қысқа ұтымды жауап үйретіп қойды, содан бастап мен көшеге шықсамда орыс тілден қиналмайтын болдым...

Бір күні үшеуміз, асығыс алқынып көшеде келеміз. Алдағы қорқыныш сейілген, жанымда сенімді жолдастарым бар, көңіл күйіміз көтеріңкі, қызықты ұзақ әңгіме бастағанбыз, бір әредікте мен «Қайда барамыз?» деп едім, досым «Абай & Байтұрсыновқа» деді де әңгімесін жалғап кетті, қате естіп қалмадым ба? Қайталап сұрадым, жоқ, қате емес. Көкейіме Абай БАЙТҰРСЫНОВ деген кім еді деген сұрақ туды, Абай деген кім деп сұраудан арланып келемін. Абай Құнанбай қазақтың бас ақыны екенін ес білгелі білемін, онда Абай Байтұрсынов деген кім? Ахмет Байтұрсын ше? Осындай сұрақтар мазамды алдып, жолдастарымның артында қалып қоямын, қызықты әңгіменің не болып кеткенінде де шаруам жоқ, өз қызығым өзімде. Әудем уақыттан кейін беттің арын белбауға түйіп «Абай БАЙТҰРСЫНОВ деген кім » деп сұрадым. Екеуі ішектері қатқанша күліп алдыда, «ол кім емес не. Мына келе жатқаның  Байтұрсынов көшесі, біз осы көшенің Абай көшесімен түйілісіне барамыз» деді. Көше білмегеніме ұялғаным жоқ, қазақтың мен білмейтін тағы бір Абайы бар болмасын деп қысылдым.

 Бөлініп өрген ақ тоқтының бөріге жем боларын Алматы аз күнде – ақ ұғындырды. Ортақ арман арқалап Алатаудың бауырына келгеннен болса керек біз үшеуміз жарты дәнді де бөліп жейтіндей жақын достардан болып кеттік. Жалпы, туған жерден ұзап шығып, өмірдің қайнаған қазанына түсіп көрмеген пенделердің сыйластықтың қадырын жете түсіне алмай жүз шайысып қалатын кездері көп кездеседі ғой, бірақ, дәл мына қалада жығылсаң сүйеп, жыласаң уата алмасада қосылып бірге жылауғада серік керек еді.

Осыдан көп өтпей құжаттарымды құрастырып, Алматыдағы ҚазҰУ-дың жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультетіне оқуға түстім, бұнда білім сапарының азапты да ауыр жолын бастадым, екі елдегі екі басқа тіршілік, екі басқа мәдениетті айтпағанда өзім мықты білемін деген қазақ тілінің өзіндегі көп айырмашылықты да бастан үйренуге тура келді.

Тағы да сол қатыгез уақыт менің өмірімнің сағат, минутын тынымсыз ұрлап жүріп, бір жылдық ғұмырымды да өткеннің еншісіне қалдырды. Адам тағдырын өз қалауындай қылып қолмен кестелей алмайтыны кесімді шындық қой. Тайқы маңдайым тест майданынан соққы жеп, басқа бір жақтан бақ сынауға мәжбүрледі. Адам өміріндегі кейбір сәтсіздіктер кейінгі жеңістерге сабақ болады деуші еді, ал кейбір сәтсіздіктер адамның жігерін құм қылып, сенімін сетінететін кездері де болады екен -  ау! Менің бала жүрегімнің төзімін сынамақ болған тағдырда да талғам болсашы.

Ойлана келе келесі білім жолын шұрайлы шығыстағы қарт Семейден жалғастырамын деп шештім, Абай туған топыраққа бір аунап алсам ғұмырлық азық болардай, Алаштың рухани астанасы менің сетінеген сенімімді өр рухқа айландыратындай болып сезілді. Далиған дарқан дала асыққан сайын таусылып берсеші, ес кеткенде әйтеуір Семейгеде жеттім, қазақ қоғамының қасиетті қара нарлары дүниеге келген топырағын басып, керім ауасын жұтуда үлкен бақыт екен.

Шетелден келген қазақ азаматтарын жоғарғы оқу орнына дайындайтын, қасиетті қара шаңырақ  _ Шәкерім университетінің дайындық бөліміне келген де алдымнан ұлағатты ұстаздар күтіп алды. Кішкентай ғана қалада Алатаудай арманы асқақ, пейілі Сарарқадай кең, аузынан ақ жүрегі көрінетін ақ еділ ағайындар тұрады екен. Сол сәттен бері білім жолындағы мылтықсыз майдан басталып кетті, алдымызда тағы бір үлкен сынақ күтіп тұр.

Міне, бұлар менің Қазақстанға оралу барысындағы басымнан өткен естеліктердің елеулі бірнешеуі ғана, мен анам ойлағандай қазақ даласына келіп аштан өліп қалмадым, анамның уайымдауының да, менің полиция қызметкерінің алдында сөйлеуге дәрменсіз қалғанымның да бір себебі арғы бетке Қазақстан туралы жалған өсектің көп тарауы. Елдер арғы бетте айтатын Қазақстанның қан көшеден атып кететін, шауып кететін қара қолдарын өзім көргенім жоқ, « аққа тәңір жақ», « тек жүрсең тоқ жүресің», «жел соқпай шөптің басы қимылдамайды»деп қазақ тегін айтпаса керек. Өсемін десем өшіруге, оралам десем орналасуға кедергі болған ешкім көрмедім, бәрі шеттегі қандасым дейді, бауырым дейді. Қазақтың қанмен қорғап қалған жерінде бар қазақ басын қосса сырттағы жауда тайсап қалар еді – ау! Ескірген бодандықтың бұғауынан босап, ес кірген тәуелсіздіктің ертеңі нұрлы бола бермек.

Арманым адастырмайды!

Нұрбол МҰРАТБЕКҰЛЫ

Қатысты Мақалалар