ҚАҢЛЫ ҚАРАШ БИДІҢ 190 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ

/uploads/thumbnail/20170709022835175_small.jpg

Өткен сенбі күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылдық округінде Қаңлы Қараш бидің 190 жылдығына арналған салтанат пен Ас беру шарасы өткізілді. Салтанатқа Қазақстанның көптеген облыстарының өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінен келген қонақтар қатысты.

«Алматы – Нарынқол» тас жолының бойында Тескенсу ауылының шығыс жағындағы 2 шақырым жерде «Қаңлы Қараш би» меммориалдық кесенесі маңында жұмыртқадай ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, сахна орнатылыпты.  Кесененің солтүстік батысы ат спорты ойындары өткізілетін орын ретінде белгіленілген. Салтанатқа үш мыңдай адам қатысты. Жиын Қаңлы Қараш би баба аруағына бағыштап Құран оқудан басталды.

Бұдан соң Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының әртістері әзірлеген «Сарбұқа мен Шадай» атты сахналық көрініс тамашаланды.

Салтанатты Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинали Ысқақ құттықтау лебізбен ашты. Бұдан соң Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев Қаңлы Қараш бидің өмірі мен халыққа сіңірген еңбегі туралы баяндама жасады. Теңізбайұлы Қараш – ХІХ ғасырдың ортасында Алатаудың етегінде Түргеннің сайы мен Бақай тауының аралығында билік құрған, патшалық билік орнаған кезде Бақай болыстығын құрып, оны ұзақ жылдар басқарған би, шешен тұлға. Қаңлы Қараштың атын шығарған әділдігі мен туралығы екен. Түргенде би болып тұрған кезінде сол жақтың бір шалы елді жамандап келгенде: «Осы елдің қарайған төбесі мен болсам – бұл ел менің төңірегімді былғамай қайда барады. Елді жамандама!» деп тыйған екен. Қараш бидің көрші отырған басқа ру-тайпалардың өкілдерін де бауырына тартқаны, көшіп келгендердің қоныстануына жағдай жасағаны жұрт арасында әлі күнге аңыз етіп айтылады. Оның Жетісудың генерал-губернаторы А.Г.Колпаковскиймен жақсы қарым-қатынаста болғаны, қазақ ауылдарын казак-орыс басқыншылығынан қорғап отырғаны, Эрмитажға бірталай этнографиялық құндылықтарды жііберіскені де тарихи деректер.

Өлкенің өркендеуіне Қараш бидің өзі ғана емес Бақай баурайындағы оның алыс-жақын туыстары ілгерілі-кейінді осы өңірдің гүлденуіне айтулы үлес қосты. Бүгінгі ұрпақ Баубекұлы Шелек бабаның, Жетісу облысынан Алашорда үкіметінің мүшесі, депутат болған Садық Аманжоловтың, Жетісуда кеңес өкіметін орнатуға белсене атсалысқан Ахметжан Шымболатовтың, Димаш Ахметұлындай ұлт перзентін дүниеге әкелген Зәуре Байырқызы Аманжолованың, Күреңбелде шаруа қазақтарды қорғап «банды» атанған Төлендіұлы Құндақбай батырдың, өңірде кеңес шаруашылықтарын құрысқан Ыбырайым Мырзабекұлының, Сәтпай Жанысбаевтың, Кеңес Одағының Батыры Жүнісбай Қайыповтың, соғыстан кейін ұзақ жылдар Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарын басқарған Алханбек Мәлкеевтің, Қазақстан үкіметінің мүшесі болған Атымтай Қисановтың, Еңбекшіқазақ ауданын басқарған Құдайберген Орынбетовтың есімдерін құрметпен еске алады.

Бұдан кейін Алматы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келімсейіт, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген мейман, еңбек ардагері Нұрмұхаммед Әжметов, Өзбекстаннан келен меймандар атынан Дамир Қалдыбаев, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Аянбек Дауытқұлов құттықтау лебіздерін білдірді. Жиынды «Бәйтерек-Келдібек» қорының төрағасы, ел ағасы Елеусіз Сұлтанғазиев қорытындылап, құрметті қонақтарға арнайы шапан жапты. Қонақтарға қордың демеушілігімен шығарылған «Қаңлы Қараш би» кітабы таратылды.

Ары қарай жиналған жұрт «Отырар сазы» оркестрінің концертін тамашалады. Ас ары қарай бәйге, көкпар сияқты ат спорты ойындарымен жалғасын тапты.

Меліс СЕЙДАХМЕТ.

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы

Қатысты Мақалалар