Жалақысы аз, үйі жоқ, журналист қайтіп күн көрер?

/uploads/thumbnail/0_small.jpg
Жылдың 365 күнінде талай тақырыпты қаузаса да биік мінберден өз бағасын алмай келе жатқандардың бірі журналистер. Биліктің биік дәлізінде жүргендер кәсіби мереке қарсаңында журналистерді азын-аулақ сый-құрмет, алғыс хатпен алдарқатып қоятыны болмаса, заңдық тұрғыдан қорғалмақ түгілі әлеуметтік мәселесі шешілген емес. Білетіндер бұл мәселенің сонау Шерағаңдар тұсында да қаузалғанын айтады. «Біздің қоғамда журналистер қауымы «арқалағаны алтын, жегені жантақ» қаранардың күйін кешіп келеді, әлеуметтік қолдау керек, пәтер керек!», – деп жоғары жаққа талай мәрте үшбу хат жолдаған екен. Содан бері жоғары мінберде талай шенеунік орын ауыстырды. Бірақ қатқан тоң әлі жібіген жоқ. 
 Журналистер әлеуметтік қолдауға зәру, тіпті, құқықтық қорғауды қажетсінетіні айтудай-ақ айтылды, жазылды, тасқа да басылды. «Төртінші билік» деп құр желпіндіріп қойғаны болмаса,  журналист қауымы кім? Не мемлекеттік қызметкерлерге, не бюджеттік қызметкерлерге жатпайды. Әлеуметтік мәртебесі жоқ. Бірде-бір мемлекеттік бағдарламаға ілікпейді. Құдды бір тоқалдан туған секілді.
Обалы нешік, қалам ұстаушы қауымның жайын айтатындар жоқ емес, бар. Журналистердің мәртебесі мемлекеттік қызметкерлермен теңестірілсе, «Бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдау туралы» немесе «Журналистерді қорғау» туралы арнайы заң керек деген өтініш-тілек Үкіметке сант рет жолданды. Шешілген ештеңе жоқ. «Расымен де осы...» деп ойланып қалады. Артынша, «қарап жатырмыз» деген қызыл ала мөр басылған бір парақ жауап-қағаздар келеді.
Кезінде Парламент төрінде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң талқыланып жатқан тұста, сол кездегі Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан «Журналистика – қадір-қасиеті мол сала. Алайда сол журналистика адамның күн көруіне жағдай жасай алмай отыр. Қазақ журналистерінің қазіргі жүрген жүрістері, кейпі адам аярлықтай. Себебі журналистикамен өзін-өзі асырау өте қиын. Өмірдің талаптары өзгеріп, заманауи техникалар күн санап қарыштап барады. Ал біздің журналистеріміздің қолында әлі күнге дейін дені дұрыс диктофон да жоқ. Жағдай жасалмаған. Біреулердің үйін сағалап, жалдап жүр. Жақсы басылымдардың өзіндегі журналистердің жағдайы да белгілі. Баспасөздің бағасын арттыру үшін алдымен соған өмірін арнап жүрген журналистердің жағдайын жасау қажет. Олардың жалақысын өсіріп, жоғары деңгейдегі басылым тілшілерінің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлермен теңестіру қажет. Олар кезекке тұрып үй ала алмайды. Осыған Үкіметтің назарын аудару қажет. Үкімет әрбір журналистің әлеуметтік қамсыздандырылуын басылымдардың құрылтайшыларынан талап етуі керек деп ойлаймын. Басылымдарды ресми түрде тіркеген кезде сондай талаптар қойылуы тиіс секілді. Жағдайы келмей жүрген тілшіге жақсы материал жаз деп талап қою дұрыс емес», – деп ұсыныс айтқан болатын. Өкінішке қарай, талай дауға негіз болған «БАҚ туралы» құжатқа бұл ұсыныстардың ешқайсысы өткен жоқ.
Былай қарасаң, журналистен бай адам жоқ секілді. Қоғамның назарында жүрген соң, амал не, бәрі жылтырап көрінуге тырысады. Алайда жұрт сол журналистердің тұрғылықты жері болмаған соң, бала-шағасын қаңғыртып, ауылдағы ата-анасына жібергенін қайдан білсін?
Пәтер құны да әр өңірде әркелкі. Нарықтың аужайына қарай құбылып тұрады. Алайда мұнымыз бір мезгіл арзандап-қымбаттап тұрады деген сөз емес. Дұрысы күн санап өсіп жатады. Ал жалақы тұрақты. Араға жылдар салып барып, тиын-тебен қосылады. Орташа деңгейде пәтер жалдап тұру үшін Астанада айына 80-90 мың теңге құрбан болады. Оның өзі жұпыны, әйтеуір күн көріп, Арқаның аязы мен аңызақ желінен қорғануға болады.
Таяуда еліміздің бас қаласындағы медиа орталықтың ашылуына байланысты, Алматыда шоғырланған БАҚ ордалары Астанаға келгелі жатыр. Онымен бірге Астанаға журналистер де ағылады. Олар қайда тұрады, ешкім білмейді.
Тек көңілге медеу болатыны ауық-ауық болса да депутаттар айтып қалып жүр соңғы кездері. Бұның өзі «жалаңаяқ журналист» атанған  жазғыштар қауымына үлкен медеу. «Журналистердің әлеуметтік жағдайының қандай екенін жақсы түсінемін. Қазір пәтер жалдау деген кез келген қалада оңай емес. Журналистердің жалақысы аз болғандықтан, жөні түзу пәтерге қолы жетпегендіктен, қираған, сыз өтіп кеткен пәтерлерде тұрып жатыр. Олар не мемлекеттік қызметкерлер не бюджеттік қызметкерлер категорииясына қосылмай, мемлекеттен пәтер ала алмайды. Журналистика бизнес емес, ол – идеология. Олардың жалақысы мен зейнетақысын әскерилердің еңбекақысы мен зейнетақысына теңестіру қажет», – деп  Сенат депутаты Жабал Ерғалиев журналистер қауымын бір жылатып алса, Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағаттарының бірінде депутат  Нұртай Сәбильянов Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокинге «журналистерді неге үймен қамтуға болмайды» деп біраз базынасын білдіріп алған болатын. «Біз кейде журналистерді сынап жатамыз. Орынсыз жазады деп. Тұрғын үймен қамту мәселесіне келгенде, журналистердің де мүдделерін ұмытпасақ дегім келеді. Неге десеңіз, олар көп жағдайда бағдарламаларға қатыса алмайды. Олардың құқын қорғап, баспанамен қамтамасыз етуіміз қажет», – деген-тін депутат мырза. Алайда үнемі бұртиып жүретін төраға депутаттың бұл базынасын ренішпен қабыл алды. Отырыстан соң журналистерге сұхбат берген С.Нокин басы артық шығынға бара алмайтынын кесіп айтты. «Біреулер үшін (!) бөлек баспана сала алмаймыз, оған арналған бізде қаржы да жоқ. Журналистерге басқа азаматтар сияқты баспаналы болуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама 2011 жылдан бері іске асырылып жатыр. Олар «Жас отбасы» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ Банкі» арқылы қатыса алады. Аталмыш банк арқылы несие алуына болады», – деп бұрылып жүре берген болатын.
Осыдан кейін тілшілер Нокиннің аузынан шыққан сөзге малданып, құжат ала жүгіргенін қайтерсіз. Алайда, ондағылар «топырлап әуре болмаңыздар, бәрібір ала алмайсыңдар» деп кеудесінен итерген көрінеді. Зерттеп көргендер 2011-2014 жылғы  мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасында «жас отбасы» немесе «жас маман» категориясының жоқ екенін байқапты. Бұл жоба аясында жалғызбасты аналар, ата-анасыз қалған балалар, зейнеткерлерге басымдық берілген болып шығады. Сонымен қатар, әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметшілер де кезекке тұра алады. Алайда мемлекеттік бағдарлама болғандықтан АҚ атынан жұмыс істейтін БАҚ өкілдеріне есік тарс жабық болып шығады. Осы арада тағы бір дерек бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Отандық БАҚ-тың тек он пайызға жуығы ғана мемлекет меншігінде екен. Оның өзінде де «АҚ», «ЖШС» ретінде тіркелген. Яғни бюджеттен қаржыландырылғанмен, жылт етпе кіріс көздері бар. Журналистердің қадамы осы жылт етпеге байланып жатады. Яғни жұмыс істейтін мекемесі, ұстанымы мемлекеттік деңгейде болғанмен, ондағы сансыз қызметкерлердің мәртебесі жекеменшік БАҚ-пен бірдей екенін ескерсек, 2014-ке дейін тілші қауымының мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына маңайлай алмайтынын аңғаруға болады.
Сіз не дейсіз?
Сейітқазы МАТАЕВ, Журналистер одағының төрағасы:
Бұл басы ашық күйінде қалып отырған әңгіме. Бұрын Кеңестер Одағы кезінде журналистердің баспана мәселесі мемлекет тарапынан шешіліп жататын. Шығармашылық жұмыс болғандықтан Журналистер одағы мүшелеріне жалақыға қосымшалар берілетін. Қазір ондай деген атымен жоқ. Арнайы заң да жоқ. Басылымдардың бас редакторлары әкімдерге барып жалынып-жалпайып жатып, баспана алуы мүмкін. Басқа ешқандай мүмкіндік қарастырылмаған. Ешқандай БАҚ өкілі арнайы бағдарламаға еніп, мемлекеттен пәтер ала алмайды. Жалдамалы тұрғын үйге қатысты Үкіметтен арнайы қаулы шығуы керек. Екіншіден, Парламент депутаттары көтеруі керек. Үшіншіден,  «журналистер статусы» деген де жоқ. Баспана мәселесін мемлекет шешпесе, қоғамдық бірлестіктер шеше алмайды. Біздің статуысымыз шешілмей, ештеңе өнбейді. Президентке, Үкіметке хат жолдағанбыз. Ешқандай нәтиже болған жоқ. Шет елде тұрғын үй мәселесі оңай. Жалақысы өте жоғары. Ең кемі екі-үш мың доллар көлемінде жалақы алады. Ресейде де жалақы жақсы. Жалақы ең кемі бір мың АҚШ долларынан кем болмайды.
Оның үстіне «Медиа орталықтың»  ашылуына байланысты Алматыдан бір қора журналистер келе жатыр. Шығармашылық топ қана емес, техникалық мамандар да келеді деген сөз. Бірақ олар да үй мәселесімен екі ойлы болып отыр. Оларға да үй керек. Президенттің атына хат жазып сол жағалауда тұрған бос үйлердің бірін беру керек. Жалға берсін. Кейін сатып алады. Басқа амал жоқ.
Бүркіт НҰРАСЫЛ
"Халық сөзі"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар