Еуропа сапары: Киевтен Римге дейін...

/uploads/thumbnail/20170709031215873_small.png

 

Еуропа сапары Украина астанасы Киевтен басталды.  Бүгінде Киев әуежайы сан-тарапқа жол бастайтын орталық болып отыр бүгінде. Киев арқылы Польша мемлекетіне жол алған біздер жарты күнімізді Украина астанасын аралап танысып шықтық.

                                                                                      

Киев қаласы Днепр өзенінің бойында орналасқан. Өз елтаңбасы мен туы бар қаланың орталық алаңына бардық.  Киевтегі атақты  Тәуелсіздік алаңы – Майданға бардық. Мұнда адамдар көбіне тағзым етуге келеді  екен.

Американдық суретші Рокуэлл Кент «Мен үлкен де, кіші де, түрлі қалаларда болдым. Оларда керемет саябақтар бар, ал саябақтағы қаланы алғаш көруім» деп жазған екен. Сол айтқандай, көркіне көз сүрінетін Киевтің орталық жерлерін аралап, Украиндық астан ауыз тиген соң, Польшаның Астанасы Варшаваға ұшып кеттік.

 

 

Варшава -  Польша Республикасының астанасы. Осы мемлекеттегі көлемі мен тұрғындар саны жағынан алғанда ең үлкен қала. Қаланың көркіне қарап, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қайта құрылған таза әрі жаға қала екенін бірден көзге көрінеді. Бұл халық жайшылық өмірде ресми тілдерін (поляк тілі) қолданады, арасында ағылшын тілі де жақсы қолданыста көрінді. Поляк азаматтарымен тілдесе қалсаңыз, ұлттық мейрамдары  11 қараша Тәуелсіздік күні екенін айтып мақтана жөнеледі. Бұл халықты Орталық Еуропадағы ең  патриот халық деуге болады.

Варшава қаласы арқылы Висла өзені ағып өтеді. Бұл өзеннің бойында адам ерекше рухтанып, қызық әсер алады екен. Елден онша ұзамай жатып-ақ, Есіл мен Жайықты аңсатты бұл өзен.

Варшава арқылы білімімізді жетілдіру мақсатында Познань қаласына аттандық.

Жалпы, Қазақстан мен Польша арасындағы қарым-қатынас біздің Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қалыптаса бастаған.

Познаньдағы күніміз Адам Мицкевич университетінің саяси ғылымдар және журналистика факультетінде тәжірибе алмасудан басталды.

Еуропалық үлгіге сай білім мен тәжірибеге жақын Польшалықтар уақытты ұтымды пайдалана білетін көрінеді. Университет, ондағы мамандар туралы бөлек әңгіме. Ал біз Еуропа сапарында көрген қалаларымыз бен әсеріміз туралы бөліссек дейміз.

 

Познань қаласы – Варта өзенінің жағалауында орналасқан. Халық саны бойынша осы мемлекеттегі бесінші орында тұратын қала. Былтырғы есеп бойынша (2015ж) Познань қаласының тұрғындарының саны 544 600-ден сәл ғана асады екен. Мың жылдан астам тарихы бар Познань қаласы 10 ғасыр бұрын Польшаның астанасы болған. Ал бүгінде ірі сауда және өнеркәсіптік индустрия орталығына айналған.

Познань атауы туралы халық арасында түрлі аңыз әңгімелер бар. Познань атауының өзі тарихтың қойнауында славяндардың осы жерге жиналып, бір-бірін тануынан (познание) шыққан дейді аңыз-әңгімелерде. Уақыт өте жұрт жан-жаққа тарап, көпшілігі шығысқа қарай жылжығанда поляктар Познаньда қалып қойыпты. Осыдан бұл халық танып-білуге, үйренуге құмар келеді екен.

Ал бүгінде Познань көбіне студенттер қаласы деп аталады. Себебі мұндағы 27 жоғарғы оқу орынларына жыл сайын сырттан 120-130 мыңдай білім алушы сырттан келеді. Жергілікті халықтың орта жастан асқан, қарт кісілері көп емес. Халықтың өсу саны да байқалмайды екен. Еуропалықтардың әдетінше, көбіне, бір баламен шектеледі.

Позаньның қоғамдық көліктерінде жол жүру билетін аялдамалардағы автоматтардан алады. Егер билет болмай, тексерушілерге ұсталған жағдайда айыппұл салынады барлық жердегідей. Бірақ, тексерушілер әр аялдама сайын мініп жүрмейді. Оқта-текте тексеріледі. Үш күн жүріп, бір-ақ рет көрдік тексерушілерді. Алайда сирек тексереді деп, жасырын мініп-түсіп жүрген ешкім жоқ. Тәртіпке бағынады. Бір айта кетерлігі, электр тоғымен жүретін трамвайлар 1898 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Жолсерік болған Светлананың айтуына қарағанда, Познаньда студенттерге өмір сүру ыңғайлы болғанымен, егде адамдарға қиындау екен. Себебі, қала қаншалықты арзан болғанымен, қарттардың зейнетақысы 30 доллардан аспайтын көрінеді.

Арзан қала демекші, Познаньның сауда орталықтарында киім-кешек бағасы салыстырмалы түрде өте арзан. Түрлі бренд киімдер мен аяқ киімдер өзге жерлерден 3-4 есеге төмен бағада сатылады. Есесіне бұл қалада техника өте қымбат. Саяхатшылардың әбден базарлайтыны рас енді.

Познаньдағы ең әдемі, ең жылы, ең әсерлі көрінетін жер «ескі рынок» алаңы. Дәл осылай аталатын жерде бірнеше көше бар. Көне, ертеректен келе жатқан көшелер. Ғимараттар да көзін жауын алатындай. Мұнда сырттан келгендерге ыңғайлы естелік заттар сатылады.

Поляк халқы үшін Адам Мицкевич ұлы ақын. Қазақтың Абайы сияқты. Ол әлем әдебиетінің ойып тұрып орын алған, ұлт-азаттық қозғалыстың өкілі. Поляк ұлтының басқа түсккен қиындыққа төзе білуге, азаттықтың ақ таңына сендіріп, теңдік пен туыстықты ту еткен ақынның «Пояк ұлтының кітаптары» және «Поляк пилигримдерінің  кітаптары» атты еңбектерінде ерекше ой қозғаған.

Познаньның мәдениеті де өз алдына тарих болып қалыптасып, бүгінде қала мәдениеті байлыққа тұнған. Бұл сөзіміздің дәлелі қала тарихына арналған мұражай, Польша әскери мұражайы, ұлттық мұражай, т.б. Сондай-ақ қалада  музыкалық аспаптар мұражайы, ең үлкен көркемсурет галереясы, Еуропаның қайта жаңғыру дәуірі – реннесанс кезеңінде салынған сәулетті Ратуша қаланың мәдениетін ғана емес, көркін де келтіріп, келушілер санын арттыруға үлес қосып отырған орындар болып табылады.

Ерекше назарға ілінетін музыкалық аспаптар мұражайында поляктың ұлттық аспаптарымен ғана емес, әлем елдерінің ұлттық саз аспапатарымен толықтырылған мұражай Еуропадағы көлемі жағынан үшінші орында тұр.

Біз бас сұға алмаған опера театры, жоғарғы музыка мектебі, филармониялардың тамыры тереңде екенін сырттай ғана бақылап, сезініп өттік. Бәрін көзбен көріп, қолмен ұстағың келсе де, жылдамдық жағынан шаңына да ілестірмейтін Уақыт дейтін жүйрікке ілесе алмай, алға жылжыдық.

Енді тоқтайтын қаламыз – Берлин. Немістердің қаласына келгенде аздап салқындық сезіндік. Тарихқа қатысы жоқ салқындық. Адамдары да суықтау сияқты ма, қалай өзі?!

Бұл қалада шетелдіктер, босқындар көп екені белгілі. Түрлі-түсті адамдар кезікті. Жататын жерімізге жайғасып болған соң, ең бірінші осында жерленген қазақтың біртуар азаматы Мұстафа Шоқайдың басына баруды парыз санадық.

Берлинге табаны тиген әр қазақ бара бермейтін жер бұл. Бірақ жүрек кеудеге сыймай Мұстафаның басына жетелей берді. Берлин әуежайына жақын орналасқан мұсылман зираты бар. Зират ортасында мешіт орналасқан. Бұл зираттан түрік азаматтарын көп кезіктірдік. Жөн-жол сілтеген де сол кісілер. Осылайша тура мешіттің алдына жерленген Мұстафа Шоқайдың жатқан жерін тез таптық. Әруағына құран бағыштап, басына еліміздің көк туын қойып кеттік. Иығымыздан ауыр жүк түскендей, енді Берлинді асықпай аралауға көштік.

Әйгілі Бранденбург қақпасына келдік. Мұнда Рақымжан Қошқарбаев ту тіккен деп, енді Берлинді өзіміздікіндей сезініп, еркінси бастағандай болдық. Берлиннің қақ ортасына орналасқан Бранденбург қақпасының 225 жылдық тарихы бар. Ал аю -  Берлин қаласының символы. Немісше Бер – аю сөзігнен шықса керек.

Мұнда көбіне тарихи орындарды аралау бұйырды. Берлинде кезінде КСРО құрамында болған елдерде, тіпті Ресейдің өзінде жоқ парк бар. Ең әсерлісі сол. Трептов-парк. Бұл саябақты кезінде кеңес өкіметінің көсемдері салдырған. Белгілі скульптор Вучетич жасаған даңқты «Құтқарушы әскер» ескерткіші анадайдан мендұндалап әсерлі көрінеді. Салмағы 70 тоннаға жақын, биіктігі 12 метр болатын бұл ескерткіш 1949 жылы салынған. Қолына неміс қызын көтеріп тұрған кеңес солдаты ескерткіші орналасқан бұл саябақта кіре берісінде екі жақта екі неміс солдатының тізе бүккен көрінісі бар. Адамды ерекше жігерлендіріп жіберетін бұл саябақта Берлинді азат етуге қатысқан 22 мың солдаттың 7 мыңы осында жерленген дейді. Оралмай қалған қазақтың боздақтары да осында жатуы мүмкін ғой деген ой, аздап көңілді құлазытады екен.

Осыдан кейін Берлиннің көрікті жерлерін аралап, түнде ұйқыға жатқанымызбен, Берлин таңы ұйқысыз атты. Бір жағынан алған әсер ойға батырса, екінші жағынан дәл сол күні Еуро-2016-да Германия футболшылары жеңіске жетіп, Берлин халқы түгел халда той жасағандай шулады.

Ал біз ертеңіне заттарымызды жинап алға жылжыдық.

Енді Испания еліне «басып» кіріп, Барселонаға жайғастық. 

 

Барселона – Каталонияның астанасы. Испаниядағы халық саны бойынша екінші үлкен қала болып табылады. Әлемнің ең бай қалалардың ондығына кіретін Барселона туристер үшін де сұранысқа өте ие қала. Барселонаның шығысын Жерорта теңізі шайып жатыр. Туристер үшін де осы теңіз маңызды болса керек. Теңіз суы өте тұзды. Толқыны керемет.

Монтжуик бөктеріндегі сайрауық су бұрқақы әуен мен су ағымына үндесіп, кешкісін сияқырлы шоуға ұласады. Кешкі уақытта субұрқақтың түсі әртүрлі түске еніп, қалаға көрік бере түседі.

Қала билігінде Тибидабо тауы орналасқан. Тау атауы «саған беремін» деген мағына береді. Евангелия дәл осы сөзбен Ібіліс Христосты арбаған дейді. Белгілі сәулетші Антонио Гауди өзі салып аяқтамаған Саграла Фамилиа шіркеуінің астындағы кіші шіркеуде жерленген.

Барселона орталығындағы Рамблас алаңы Алматының Арбаты сияқты. Мұнда адам аяғы өте көп болады. Дала әртістері мен музыканттары қойылымдар мен кішігірім концерттер қойып тұрады. Арбаттағыдай суретшілер де осында кездеседі. Базарлық сататын дүңгіршектер мен мейрамхана-дәмханалар орналасқан. Бұл жер Алматыны сағындыра түседі екен.

Барселонаға сезіміміз асқақтамай тұрғанда махаббат мекені Парижге аттандық. 

Париж. бұл қаланы еуропалықтар махаббат мекені деп атайды. Байқасақ, біз көбіне Еуропа елдерінің Астаналарына тоқтаппыз. Сена өзенінің жағасында орналасқан Париж қаласы армандар мен сезімдер мекені. Парижге келген адам ең бірінші Эйфел мұнарасына асығары сөзсіз.

О, Эйфел! Бұл мұнара тек Париждың емес, күллі Францияның төлқұжатына айналғаны белгілі. Мұнара 1889 жылы Революция күніне орай тұрғызылған, аннтенасымен қоса есептегенде биіктігі 322 метр. Мұнараға баспалдақпен көтерілуге де, лифтімен көтерілуге де болады. Кезінде 1792 баспалдақпен үшінші бөліктегі 274 метр биіктікке Гитлер жаяу көтерілген деген әңгіме бар ел арасында. Жалпы мұнараны бір уақытта 10 400 адам аралай алады.

Салтанат (Arc de Triomphe) аркасы. Париж қаласының нышаны болған бұл арканың төбесіне шығу үшін 284 сатымен көтерілу керек. Арка биіктігі 50 метр, ені 45 метр. 1836 жылы ашылған Салтанат аркасын Наполеон Бонапарт Парижде өзінің Ұлы әскеріне үміт пен сенім құрметіне ескерткіш ретінде орнатқан.

20 ғасырға дейін жасалған мүсіндер мен жәдігерлер, суреттер мен картиналар сақталған атақты Лувр мұражайын толық аралап шығу мүмкін емес дейді.  Бұл Луврда атақты Мона Лизаның суретінің түпнұсқасы сақталған. Уақыттың жетіспеушілігінен бұл мұражайды көру алдағы уақытың еншісіне қалды. 

  

Енді табан тіреген жеріміз Италия астанасы Рим қаласы. Мұнда келген адам ең бірінші Колизейге барары анық. Колизей атауы «алапат ауқамды» деген мағынаны береді.  Ұзындығы 188 метр, ені 156 метр, сыртқы қабырғасының биіктігі – 48 метр, іргетасының тереңдігі 13 метр. Адамдар 80 жерден кіріп шыға алатын есіктер бар. Колизейді жүгіре айналып, фотоға түсіп, ентіге аралағанымыз мәңгілік жадымызда сақталып қалатын шығар...

Бұл қаладағы уақытымыз өте аз болғандықтан туристерге арналған автобусқа отырдық. Ертегі әлеміндегідей ғажайып шаһардағы Әулие Петр Соборы, Венеция сарайы, Сикст капелласы, Апий жолы, Треви субұрқағы, Испания алаңы сияқты қаланың көрікті жерлерін автобуспен аралап шықтық.

Римге келген соң, Ватикан мемлекетін көрмей кету әрине мүмкін емес. Себебі жоғарыда айтқан Әулие Петр соборы осында орналасқан. Туристерге арналған автобуста Рим мен Ватикан тарихын айтып, түсіндірумен болды.

Осылайша Еуропаға сапарымыз аяқталып, қайтадан Киев арқылы Алматыға оралдық. Естелік болып фотолар мен видеолар қалды.

Айтпақшы, Еуропаға қайта айналып келіп аламыз деп «тиын лақтырып кету» дәстүрін жасауды да ұмытпадық.

Көріскенше, Еуропа!   

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Қатысты Мақалалар