Мемлекет қаражатын жымқырды, жалған кәсіпкерлікпен айналысып, салық төлеуден жалтарды деген айыптар тағылып, үй қамаққа алынған Қазақстан журналистер Одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының басшысы Сейітқазы Матаевқа тағылған айыптар алаяқтық және салық төлеуден жалтару баптарына ауыстырылған. Бұл туралы әкелі-балалы Сейітқазы және Әсет Матаевтардың адвокаттарына сілтеме жасап Qamshy.kz хабарлайды.
«Бізде алға жылжу бар. Сансыз өтініштер, шағымдар нәтижесінде Әсет және Сейітқазы Матаевтардың және мемлекеттік қызметшілердің әрекеттері басқа бапқа ауыстырылды. Бұл – аз да болса алға жылжу. Баптар біршама жұмсарған, бірақ, қорғауымдағылар өздерін мүлде кінәсіз санайтындықтан бұл әлі ештеңе де емес», - дейді адвокат Мәдина Бакиева.
Сонымен С. Матаевқа қазір 1997 жылғы Қылмыстық кодекстің 177-бабы, 4-бөлімі, «б» тармағы бойынша – «Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау немесе алдау, сенімін пайдалану арқылы бөтеннің аса ірі көлемдегі мүлкін тонау», 245-бап, 3-бөлім бойынша «Міндетті декларация тапсырудан бас тарту арқылы аса ірі көлемде салық төлеуден жалтару», 190-бап, 4-бөлім, 2-тармақ бойынша «Алаяқтық, қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасалған, алдау және сенімді пайдалану арқылы мемлекеттік сатып алулар саласында ірі көлемдегі тонау әрекеті» деген айыптар тағылды.
Соңғы бап бойынша С. Матаевтың ұлы, «КазТАГ» ЖШС басшысы Әсет Матаевқа да айып тағылып отыр.
Адвокаттар үш ай мерзім ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен ҚазТАГ агенттігінің бес жылдық құжаттарын қайта көтергендерін, аудит жүргізіліп, төленбеген салықтың қылмыстық жауапкершілік көзделген межеге жетпейтінін анықтағандарын айтады.
«Бүгінде Ұлттық баспасөз клубы бюджетке салық ретінде төлеуі тиіс сома 2011-2015 жылдар аралығындағы жеке табыс салығы бойынша 35 986 мың теңгені құрайды. Корпоративті табыс салығы болса 5 890 мың теңге болды. Мұнда салық төлеуден жалтару бойынша қылмыс құрамы жоқ. Мұнда әкімшілік құқықбұзушылық қана бар», - дейді Матаевтардың қорғаушысы Андрей Петров. Сондай-ақ, қорғаушылар анықталған осы сомалардың барлығы тергеу кезінде мемлекетке төленгенін айтады.
Осы іс бойынша ақпарат саласына жауапты мемлекеттік мекемелердің де бірқатар лауазымды тұлғалары тергеліп жатқаны белгілі. Кезінде ҚР Инвестиция және даму министрлігіне қараған Ақпарат, байланыс және ақпараттандыру комитетінің бұрынғы төрағасы Талғат Қазанғап, ҚР Жоғарғы соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Болат Кальянбеков, бұрынғы ақпараттандыру және байланыс комитетінің басшысы Болат Берсебаев, комитет төрағасының орынбасары Бек Арпабаев, «Қазақтелеком» АҚ стратегиялық басқару жөніндегі бас директор Батыр Маханбетажиевтен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Бұрынғы ақпарат комитетінің тағы бір қызметкері (Мерізмді БАҚ басқармасының бастығы – ред.) Жанболат Байбосыновқа кепілзат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Матаевтардың қорғаушылары бұл мемлекеттік қызметкерлерге қатысты айыптар да Қылмыстық кодекстің 307-бабына, «Лауазымдық міндеттерін шамадан тыс пайдалану», ауыстырылғанын айтады.
Естеріңізге салсақ, 22 ақпан күні Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро Алматы департаментінің қызметкерлері С. Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевты тұтқындап, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Кейін күдіктілерге қатысты үй қамаққа алу бұлтартпау шарасы қолданылды.
Адвокаттар мен айыпталушылардың өздері тергеу мәліметтерімен келіспей, Ұлттық бюро қызметкерлерін тергеу құпияларын БАҚ-қа жария етті деп те айыптауда.
Үлкен саясат туралы кесек әңгімелер айтатын кейбір саясаткерлер мен тәуелсіз БАҚ Матаевтарға қатысты қозғалған бұл қылмыстық істің түпкі нысаны ұзақ жылдар бойы "Қазақтелеком" АҚ, елдің ақпарат және байланыс, коммуникациялар жөніндегі министрліктері мен агенттіктерін басқарған Асқар Жұмағалиев болғанын айтады. Билік биігіндегі мүдделі топтар Жұмағалиевті жығу үшін ә дегенде оның өзін бас салмай, айналасындағыларды бір сілкіп алу әдісін қолданды дейтіндер бар. Мұндай тәсіл жемқорлықпен күрес мамандарының сынынан өткен сенімді әдіс көрінеді. Ал, сол өзіне жасырын соғыс басталды деген Асқар Жұмағалиев, бүгінде "Қазатомөндіріс" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, наурыз айында Елбасының қабылдауында болып, компанияның жұмысы жайлы есеп берді, алдағы жоспарларымен бөлісті, Президенттен тиісті тапсырмалар алды. Білетіндер бұл ресми кездесудің астарында мән бар екенін, А. Жұмағалиев өзіне басталған шабуыл туралы Президентті хабардар етуі мүмкін дегенді де айтып жүр. Қалай болғанда да сол кездесуден соң Матаев ісінде жемқорлықпен күрес қызметінің алғашқы қарқыны бәсеңдеп барады. Айыптаулар жеңілдетіліп, күдіктілерді тергеу аяқталмай, сот үкімі шықпай жатып жексұрын етіп көрсететін БАҚ материалдары сап тыйылды. Соған қарағанда, А. Жұмағалиевті жарға жығамыз дегендердің жымысқы жоспары күл-талқан болған сияқты. Ал, А. Жұмағалиевтің саяси сахнадағы "жаназасын шығару" үшін қажет болған Матаевтарға қатысты іс те бастапқы мақсатынан қайтып, күдіктілерге "ұялған тек тұрмастың" керімен жеңіл-желпі бір жаза белгіленуі бек мүмкін.
Дархан Мұқантегі