АЛМАТЫ КӨШЕЛЕРІНДЕ 64 МЫҢ БЕЙНЕКАМЕРА БОЛА ТҰРА ПОЛИЦИЯ НЕГЕ ЛАҢКЕСТІ ЖЫЛДАМ ҚҰРЫҚТАЙ АЛМАДЫ?

/uploads/thumbnail/20170709045552958_small.jpg

Алматы қаласында болған терактінің түсініксіз тұстары туралы бұрын да жазғанбыз. Елде маусым, шілде айларында болған лаңкестік оқиғаларына қатысты көптің көңілінде әлі сұрақ көп. Солардың бірқатарын ratel.kz сайты тізіпті.

Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.

1. Алмалы аудандық ІІБ-ге шабуыл жасаған атқыш ҰҚК департаменті жанында полиция экипажын қалай атып тастады? Ақтөбедегі оқиға да осыған ұқсас еді. Қару-жарақ дүкеніндегі атыстан кейін әскери бөлім күзетіндегілер шабуылды тойтаруға дайын болмаған. Яғни, ешкім ешкімге ештеңе хабарламаған.

Мұның бірнеше себебі бар:

-Полиция сасқалақтап қалған. Бұл аяқ астынан болған оқиғаға тән жағдай, алайда, біздің полиция мұндай күш көрсетуге бірінші рет тап болып отырған жоқ.

-Хабарлау жүйесінің кемшілігі. Аудандық ІІБ-ге шабуыл жасалған соң кезекші не істерін білмей қалуы мүмкін, ІІД, ТЖД-ға хабарлауды ойластырмаған. Мұндай кемшіліктер көбіне тұрақты оқу-жаттығулар, осындай әрекетте басшылыққа алынатын нұсқаулықтар болмағанда орын алады.

2. Видеорегистратормен түсірілген жазбалардың бірінде атқыштың Абай даңғлында көлікті тоқтата алмаған соң М. Әуезов театрына қарай жаяу жүргені көрінеді. Ол басын төмен түсіріп кетіп барады, қолында автоматы бар. Осы жерде туатын сұрақ: Неге ҰҚК департаменті жанында екі полицейді өлтірген атқышты артынан ешкім қумаған? Кез-келген күштік құрылымда, ішінде ҰҚК де бар, өз қызметкерлерінен жасақталған жедел әрекет бөліністері болуы тиіс қой. ҰҚК департаментіндегілер қалада атыс болып жатқанын білген бе?

3. Алматыдағы Жедел басқару орталығы (ЖБО-ЦОУ) қалада болып жатқан оқиғаларды экраннан көріп отырады. Алматы ІІД қалада 64 мың 82 бейнебақылау камерасы бар екенін хабарлаған еді. Жол ережесін бұзған талай жүргізуші сол камералардың арқасында айыппұл төлеп жүргені және белгілі. Енді сол камералар қарулы қылмыскердің жүріс-тұрысын бақылауда дәрменсіз болғаны ма? Ол бір көліктен түсіп, екінші көлікке мініп, арасында жаяу жүргенде ЖБО-дағылар патрульдерге қылмыскердің жүрген орны туралы хабар бермеген бе? Камералар тек көлік нөмірі арқылы дерек жинамай, адамдардың бет әлпетін танитындай бағдарламамен қамтамасыз етілмеген бе? Әлде ол орындарда камера қойылмаған ба?

4. Күштік құрылым ардагерлері экстремистердің полициядан моральдық-психологиялық тұрғыдан да, жауынгерлік дайындық тұрғысынан да асып түсетінін айтады.

2011 жылғы Тараздағы оқиға М. Қариевтің өзін аңдыған полицияны анықтап қана қоймай, оларға қарулы қарсылық таныта алғанын көрсетті. Алматы іргесіндегі Боралдайда терроршылармен болған қақтығыста да арнайы жасақтың екі жауынгері қаза тапты. Яғни, лаңкестердің жауынгерлік шеберлігі қарулы құрылымдармен ашық қақтығыс жасауға жеткілікті дәрежеде болғаны.

Р. Күлікбаевтің бронды кеудеше киген полицейлерді атып өлтіруі не ол кеудегелердің сапасының нашарлығын, не полцияның қала ішінде лаңкестермен күрес дайындығының төмендігін көрсетеді.

5. Экстремистер күштік құрылымдарға өз агенттерін енгізуі мүмкін екені айтылады.

Енді экстремистер ішіндегі арнайы органдардың агенттерін де тексеретін кез келді. Ол агенттер діни идеологтардың азғыруынан соң, көзқарастарын өзгертуі мүмкін. Мысалы, Ақтөбеде теракт дайындалып жатқаны туралы арнайы органдар еш мәлімет білмеген.

6. ІІМ Қ. Қасымов та, тергеу материалдары да Р. Күлікбаевтің полициядан өш алуды ойластырғанын жазады. Ондай ойы болса, ол Алмалы аудандық ІІБ-ге шабуыл жасаған соң соның жанындағы қалалық ІІД-ге неге соқпаған, айдаладағы ҰҚК департаментіне неге барған?

Жалпы алғанда, атқыштың әрекеттері мен жүрген жолы оның осы әрекетке бармас бұрын барлығын жоспарлап алғанын меңзейді.

7. Тағы бір сұрақ – салық органдарына. Олар пәтер жалдайтындарды бақылауға алмаған ба? Қала ішіндегі миграциялық ахуалға қатысты есеп жүрмей ме?

8. Ақтөбедегі оқиға күштік құрылымдар арасында қарама-қайшылық барын көрсетті. Бұл және қарапайым ведомство аралық қақтығыстар емес, одан жоғары деңгейдегі келіспеушілік сияқты.

ҰҚК мен ІІМ арасында байланыс нашар болуы мүмкін. Осы екі органның соңғы рет бірлесіп қала жағдайында лаңкестікке қарсы оқу-жаттығу өткізгенін еске түсіріп көрейік.

9. Аумақтық-әкімшілік органдар Антитеррористік штабтың маңыздылығын түсінулері керек. Ол тұрақты әрекет ететін консультативтік органға айналуы тиіс. Лаңкестікке қарсы әрекет лаңкестік пен экстремизмнің туындауының алдын алуы, жолын кесуі керек. Болған қылмыстың жолын кесу – соңғы әрекет.

10. Р. Күлікбаевтің әйелі журналистерге полиция өзіне дөрекі қарайтынын айтып шағымдануда. Ол Әйелге бұрын күйеуі дөрекілік танытса, енді ол эстафетаны тергеушілер қабылдап алған. Тергеушілер өз әрекеттерімен тағы бір жанкешті-кекшілді дайындағылары келе ме?

Байқағандарыңыздай лаңкестікке қатысты сұрақтар аз емес. Ол сұрақтарға ресми жауап болмаса да, мұндай қауіпті тенденцияларға уақытылы реакция таныту қажет. Олай болмаған жағдайда біз мүлдем қорғансыз қаламыз. Мүмкін кейбір сұрақтар ыңғайсыздық туғызар, бірақ, олар біздің азаматтардың қазаға ұшырауының алдын алуға бағытталған. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында құрбандардың жаназасы емес, тек спорттық жарыстар өткізілгенін бәріміз де қалаймыз.

Расул Рысмағамбетов

Қатысты Мақалалар