Ақұштап Бақтыгереева - Ақжайықтың ақшағаласы

/uploads/thumbnail/20170708151852324_small.jpg

    3-сәуір күні  Л.Н. Гумилев  атындағы  Еуразия ұлттық  университетінде «Ақжайықтың  ақшағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереевамен  кездесу болып  өтті. Бас ғимаратта 600 адамдық залда ине  шаншар жер болмады. Қайта-қайта «регламент»-сақтаңыздар деп, ескертетін профессор Кенжеғали  Мыржықбаев жүргізуші болды. Бірінші  бөлімде  оқушы ұл-қыздар,  Ақұштап  апамыздың  өлеңдерін  шырқады және  мәнерлеп  айтып берді. Кейін Ақұштап апамыз ортаға шығып, бірінші Мырзатай Жолдасбеков пен университеттің ректоры Ерлан Сыздықов мырзаға  Орал қаласынан  Астанаға қаласына  шақыртып, осы кешті ұйымдастырғаны үшін  алғысын жеткізді.

   Содан туған жері - Ақжайықтың тарихын  қопарды, кешегі өткен Бөкей Ордасы қалай құрылды, ақ патшаға бағынғысы келмеген ержүрек Махамбет  пен Исатайдың ерлігін баяндай келе, Құрманғазы мен Дина туып-өскен жердің қасіреті мен қасиетін:                                                      Мұрат   ақынның:

«Еділді  тартып—алғаны етекке қолды  салғаны,

  Жайықты тартып—алғаны жағадан  қолмен  алғаны,

  Ойылды  тартып—алғаны ойындағысы  болғаны», -дегенін  тебіреніп тұрып айтқанда,  залда отырған 600-ге жуық студенттер ауыздарынан ұйып тыңдады. Ол сөз алып сөйлеп, жан-сырымен бөлісті: «Кезінде Фариза  Оңғарсынқызымен сырлас  болғанымда, «Ақын бол, болмаса  қатын бол»-дегенінде жұрт  қыран  топалаң  күлді. Мен  соның  екіншісін  таңдадым. Шерхан  Мұртаза  ағама  арыз  жазғанымда,  бір  шүйке  басқа  қатын  болуға  рұқсат  етіңіз  деп  жазғанмын. Шабытым  кейде  қамыр  ашытып  отырып  келгенде, не  істерімді  білмей, асханамен  қонақ бөлмесінің арасында  зыр  жүгіріп  ұмытып  қалатынмын.  Мен Алматыға арман қуып, 17 жасымда келдім. Осы жерде ЖенПИ-ді бітіріп, қызмет істеп, отбасын құрып, бала сүйіп дегендей, 42 жылымды өткіздім. Жастық шағымның барлық суығы мен жылылығына  осы Алматы—куә. Жасыратыны несі бар, кейде алмалы да әсем Алматыны әлі күні сағынамын. Жасым егде тартқан  шақта, туған жерге келу себебім—орталықтан шалғайда жатқан аймақтың жастарына көрген-білгенімді айту, ана мен ата тәрбиесін жеткізу болатын. Нарға жабатын кілемді өгізге жауып, күлкі болып жүрген де - біз қазақтар. Басқаны былай қойғанда, жер жүзі  халқының ана тілі мен ата дәстүрінен  дәл  қазақ  секілді  аулақтаған  ұлт  жоқ.

   Мұны  мойындауымыз  қажет. Дәстүр сабақтастығы үзілсе, қайта жалғау  оңайға түспейді. Бүгінгі  жастың  бойында ұлттық  рух  кем  болса, ертең  олар  өзінің  баласы  мен  немересіне  ұлттық  сананы  сіңіре  ала ма?  Ұлттық  рухани  қазына дан өзі  бейхабар  болса, ол  қандай  үлгі  көрсетеді құдайым-ау. Ұрпағына  не  қалдырады. Ештеңе  қалдыра  алмайды.  Өйткені, қазақтың сұлу қыздары шетелдіктерге күйеуге тиіп кетіп жатқандардың тағдыры мені қатты алаңдатты. Бірде, ұшақпен бара жатқанымда қасымда отырған қазақтың қызы баласымен орысша сөйлегенде, неге? қазақша сөйлемейсің дегенімде, «Он же китаец» -деп баж ете қалды.

   Сондайларды көріп жүрегім ауырады. Біздің кезде орысқа тұрмысқа шықса шошушы едік, енді үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қытайға тиіп жатыр. Онсыз да біз аз халықпыз, кең байтақ даланың тағдырынан қарағанда, жеке басын көбірек ойлайтын дүниеқоңыздар басым  болып кетті ма деп қорқамын. Жасы келген ұл шаңырақ көтере алмай, қырыққа келген қыздарымыз тұрмысқа шықпай жүр. Қоғамдағы  қордаланған мәселесін шешетін  марқасқа  азаматтардың Отан, Ана, сүйікті жар алдындағы борышы қайда?.

«Ана  болу - әйел бақыты» дейміз. Кішкентай сәбиін бауырына басу, оның тәй-тәй  басып  жүргенін, езу  тартып  күлгенін,  ат  жалын  тартып мінгенін,  азамат  болғанын  көру  нағыз -ғанибет.

     «Жүйрік  ат,  сұлу  әйел  ер  қайрағы,

     Көріксіз  неме  керек  қай-қайдағы.

     Шабан  ат, долы  қатын,  тентек  перзент,

     Жігіттің  содан  болар  қартаймағы»--демеуші  ме еді  Шал  ақын. Сондықтан  айналайын  қарақтарым, қыздары  тәрбиесіз  елдің  іргесінен ырыс  кетеді, тұнығы  лайланады. Бұл  бұлтартпайтын  тарихи  шындық.  Әрбір  аурудың  өзінің  емі  болатыны  секілді  осы  індетке  ұлттық  өнегемізбен,  қазақи  болмысымызбен  қарсы  тұрғанымыз  абзал.  Әйтпесе,  жаһандану  деп  жанұшырған  заманда  алпауыт  елдердің  өңешіне  жұтылып  кетуіміз  ғажап  емес.

Өкінішке  қарай, соңғы  жылдары,  басты  мақсат қалайда  қыруар  қаржы  тауып, баю болып  кетті. Әр  бұтаның  түбінде  шырылдап  қалған  бозторғай  секілді  санаулы  ғана  ақын жазушылар  мен оқырман  қалды. «Кітап—білім бұлағы, білім өмір  шырағы»деп  жарысып  оқитынбыз. Кітап оқыған адаммен,  кітап  оқымаған адамның  айырмашылығы  жермен  көктей  көрініп  тұрады. Өмірінде  бір  кітапты  оқымаған  адамды  ел  басқартып  қойып—кейбір елді  мекендердің  соры  қайнады. Осындайда қазақтың «Қанша жүйрік болса да, жауға мінбе жалсызды, қанша шешен болса да, дауға салма малсызды» дегені  есіңе түседі.

Бұрынғы   жастардың  амандасу  түрлері  «Сәлеметсіз бе?»,-деп келетін еді. Қазірлері  «Салам»,«Хай», «Привет», «Хелоу» болып басталады.  «Пока», «Давай», «Чау», «Гуд бай», «До встечи» болып  аяқталады. Осылардың   барлығы  өзінің  төл  салт-дәстүрінің  қайнарының  күре  тамырынан  нәр  ала  алмағандығы  мен  балаға  ата-анасының  дұрыс  тәрбие  бермегендігінің  айғағы. Олай  болса, ұрпақ  тәрбиесіне  ежелден  қалыптасқан  халқымыздың  салт-дәстүрлері  мен  тағлымдарын  оқып  үйреніп,  өнеге  тұтпай  тұрып  жастарды  ізгілік  пен  парасаттылыққа  баулу  мүмкін  емес.

Бір  кездегі  текті  елге, тамыры  тереңге  кеткен  ұлттық  өнегесі  бар  салауатты  елде  жетімдер  үйінің  көптеп  ашылуы, онда  қазақ  балаларының  толып  тұруы  елдің  елдігіне,  халықтың  халықтығына  сын.  Әсіресе,  қыз  баланың  тәрбиесіне  жіті  көңіл  бөлмесек,  ертең  сан  соғып  қалуымыз  ғажап  емес—деп  сөзін  аяқтады.

   Жазушы  Табыл Құлияс  қысқа да нұсқа Батыс  Қазақстан облысында шетелдіктерге  жер  сатылып  жатқанын    тілге  тиек  етті, зор  денсаулық пен  шығармашылық  табыстар  тіледі. Астананың  ақыны  Серік  Тұрғынбекұлы  өлеңін  оқыды. Жазушы  Жұманазар  Сомжүрек  Ақұштап апай  туралы  баяндама  жазады. Жалпы, залда  отырған  өскелең  ұрпақ  үшін,  тәрбиелік  мәні  бар, өте  тамаша  кездесу  болды  деп айта  аламын.

Жұмамұрат   Шәмші

тарих  ғылымдарының  кандидаты

 

Қатысты Мақалалар