Ғасырлар бойы қазақ халқының мұңы мен зары, қуанышы мен күйініші, қайғысы мен қасіреті, аңсаған арманы, яки іздеген мұраты сол киелі домбыра мен қобыз шанағынан күй болып төгіліп жатты. Қоңыр сазымен тұтастай ұлтты әлдилеген, уақыт таразысынан сүрінбей бізге жеткен музыкалық аспаптарымызды «ұлы өзгерістер» күтіп тұр деп кім ойлапты? Бүгінде егіз домбыраға үйренісе бастаған көзіміз қос мойынды қобызды көріп, шоршып түстік. Осы біз артық қыламын деп тыртық қылып, жетілдіремін деп бүлдіріп жүрген жоқпыз ба?
Түйткілді сауалдарға жауап іздеп, қос домбыралар мен егіз қобыздар жасаушы ұста Алтынбек Құмаровтың шеберханасына арнайы ат басын бұрған едік. Төрде қос мойынды қобыз тұғырға бекітіліпті. Шебер қапшық ішіндегі қос саздың бетін ашты. Үш ішекті шертер мен алты ішекті домбыра бекітілген екен. Оның домбыра деген аты ғана болмаса, гитараның темір струналары тағылған аспаптан қоңыр үнді дәметудің өзі ерсі екені даусыз. Ұстадан әлгіндей ерек пішімдегі аспаптарды қандай негізге сүйене отырып жасағанын сұрағанымызда: «Бір қолдың бірнеше саусақтары болады, өзен де сала-сала болып бөлініп жатады, ағаштың бұтақтары өсіп шығады. Сол сияқты қос домбыра мен егіз қобыздың мойындарының қосарлануын заңдылық деп есептеймін. Қазақ ешнәрсе ойлап таппаған, бәрін табиғаттың өзінен алған. Қоссаз аспабы өзбек, тәжік, ұйғыр тәрізді түркі тілдес халықтарда кездеседі. Енді неге ол қазаққа жат болуы керек? Кезінде әйгілі композитор, күйші Нұрғиса Тілендиев оң бұраудағы, сол бұраудағы екі домбыраны сахнаға қатар алып шығып, кезек-кезек ойнаған ғой» деді ол. Музыкалық аспаптың қайдан шыққанын айқындайтын нақты дәйек-деректі ұстай алмай дал болдық. Одан әрмен ұста Алтынбек бүй дейді: «Біз 1980 жылдардан бері қоссаз аспабын қазаққа мойындата алмай келеміз. Әуелі Балтабай Қабыланов деген азамат сахнаға ойнап шықты. Кейін «Қоңыр» этно тобы эстрада арқылы бүкіл елге танымал етті. Енді Дастан есімді жас өнерпаз қос сазды меңгере бастады». «Не де болса, Айды аспанға бір-ақ шығарған» (Қожанасырдың сөзінен) Алтынбек Құмаровтың айтуынша, бұрын домбыра мойынына қуыс жасалып, одан шанақ пен мойынды бойлай ішек тағылған. Сыртқы ішектердің тербелісі ішкі ішектерге беріліп, дыбыс қуаты күшейеді-мыс. «Қоссаз деп отырған музыкалық аспаптың болғандығын дәлелдейтін ғылыми тұрғыдағы дерек көзі болса, ол аспап сөз жоқ қайтадан жасалып, жаңғыруға тиісті. Мәселен, қазақ музыка аспаптарын зерттеу ғылымының атасы Болат Сарыбаев өткен ғасырда үш бірдей кітап жазды. Ол қазақ музыка өнерінің тарихында тұңғыш рет үрлеп ойналатын, ұрып ойналатын, ішекті, сым тілшелі, ысқышты, сілкіп ойналатын аспаптарға бөліп, қазақтың музыкалық аспаптарын жіктеді. Бұл халық арасына «Сарыбаев кестесі» деген атаумен таралып, музыка мәдениетіміздің тарихынан орын алды. Ал бірақ «Сарыбаев кестесінде «қоссаз» аспабы кездеспейді» дейді өнертанушы Жарқын Шәкәрім. ХІХ ғасырда қазақтың көне музыкалық аспаптары туралы мағлұмат қалдырған Паллас, Лепихин, Потанин тәрізді орыс және Еуропа саяхатшылары еңбектерінде, әл-Фараби, А.Затаевич, Б,Ерзакович, А.Бимбос, Ә.Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Қайролла Жүзбасов, Уәли Бекенов, Болат Қарақұлов тәрізді ғалымдардың жазғандарында да қоссаз аспабы жайлы бір ауыз сөз кезікпейді. Қоссаз деген аспап қазақ эпостарында, батырлар жырында да аталынбайды. Сонда бұрын-соңды аталынбаған бұл аспап қайдан келе қалды деген заңды сұрақ туады. Жақында семейлік Арғынбек Ахметжанов есімді азамат «әльфара» деген домбыра тектес аспап ойлап тауып, жұрт назарын өзіне аударды. Жаңғақ ағашынан жасалған әльфара қалыпты домбырадан үш тесігі мен үш ішегі болуымен ерекшеленеді екен. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ғылыми негізсіз аспаптар елдің ұлттық өнеріне деген теріс көзқарас қалыптастырып қана қоймайды, «бүйректен сирақ шығарушылардың» да қатарын арттырады. Жекелеген шеберлердің ізденістері жан-жақты зерделенбей тұрып, үлкен сахнаға шығуына шектеу қойылуы қажет.
Жарқын ШӘКӘРІМ, өнертанушы:
– Жетіген мен шертер музыкалық аспаптары өткен ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін ешбір баспасөзде жазылмаған, болмаған. Сандаған ғасырлар бойы жоғалып кеткен осы екі аспапты шетел зерттеушілерінің еңбектеріне сүйеніп, алғаш тауып, жазып, ХХ ғасырдың қазағына сыйлаған Болат Сарыбаев сенсациялық жаңалық ашты. Бәріміз де сондайлық жаңалық ашу ниетімен, тіпті ары бармай ақ ,Қазақ хандығы құрылған 1456 жылдан бергі уақыттан ХХІ ғасырға дейінгі аралықтағы тарихи жазбаларда, қоссаз аспабы жайлы жазба дерек табылса шын мәнінде қуанған болар едік. Зәбира Жәкішева деген қарындасымыз өзі шығарған кітабында «қоссаз» аспабының қай ғасырда, қай жылдары кімдер ойнағанын, қалайша жеткенін, қай ғалым зерттегенін айтпай-ақ, бірден шебер жасаған қоссаз аспабын Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Балтабай Қабыланов секілді мамандардың сынағынан өткенін жазады. Әйтсе де, Зәбираға айтарым, ақыры кітап жазған екенсің, қоссаз аспабы қай ғасырда пайдаланылған екен, кімдер ойнаған екен, бұл аспапта орындалатын күйлер бар ма екен, қай ғасырдың күйлері орындалады екен, қай ғалым зерттеп жүр, әуелі осы бағытта еңбектенген жөн дер едім. Егер қоссаз жайлы мағлұматтар табылса, зерделесе, зерттесе, оны жасап шығару, сыннан өткізу ешбір қиындық туғызбас еді. Әлі күнге дейін қоссаз музыкалық аспабы жайлы ғылыми еңбек жазбай жүрген зерттеушілерімізге өкпеміз бар екенін жасырмаймыз. Сондықтан қоссазды ғылыми музыкалық тұрғыда түркі дүниесінен жеткен аспап па, әлде қыпшақ заманынын жетті ме екен, немесе қазақтың хандық заманынан жетті ме, біздің ата-бабамыз қай ғасырда пайдаланды екен? Әуелі осыны зерттеп, анықтап алайық.
Жұмагелді НӘЖІМЕДЕНОВ, өнертанушы:
– Жақында қос мойынды домбыра мен қылқобыз аспаптарын көріп, қатты қапа болдым. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі қасиетті өнерімізді ғылыми негізсіз жасап, ойына келгенін істеп жүрген шеберлерге тоқтау салуымыз керек. Себебі бұрын домбыра қос мойынды: бірі үш ішекті, екіншісі екі ішекті қылып сахнада ойнап жүргендерге «қандай тарихи деректерге сүйеніп ойнап жүрсің» деп кезінде ескерткенбіз. Ал мынау кейінгі жасалғандары одан да сорақы болып шықты. Домбыраның бір мойынында алты ішекті, екінші мойынында үш ішекті. Қылқобыз да екі мойынды. Сонда домбыраны гитар қылғанымыз ба? Мен классикалық музыкаларды домбыраның екі ішегіне сыйғызып ойнап жүрмін. Мұндай бассыздыққа кім жол беріп отыр. Болашақта егер біреу жеті басты айдаһардай қылып домбыраны жасап әкелсе, оған да таңғалмайтын заман болар. Домбыра – қазақ халқының “жаны”, одан айырылсақ, қазақ халқы жер бетінен бірге жойылуы мүмкін деген қаупіміз бар. Тарихқа сүйеніп айтсақ, 6000 жылдық домбыра Ы.Дүкенұлы атындағы мұражайда; 1986 жылы Ж.Бабалықұлы Алматы облысы, Жамбыл ауданы Майтөбе деген жерден тауып, археолог К.Ақышев оның неолит дәуіріндегі тасқа қашалып салынған домбыра екенін айтқан болатын. Сол суретте домбыра екі ішекті, екі құлағы, басында үкісі бар. Бізге жеткен тарихтағы дәстүрлі жәдігерімізді бұрмаламай, алтын қазынамызға жинауға тиіспіз.
Пікір қалдыру