Шығыс Қазақстандағы тарихи туризм дамуы өте белсенді жүргізілуде. Катон-Қарағай ауданы бірегей табиғатымен ғана емес, мәнді археологиялық ескерткіштерімен де жұртшылыққа танымал, деп жазады YK-news.kz.
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен Берел қорымында екі айдан бері жұмыс істеген зерттеушілер айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. №2 қорғаннан табылған жәдігерді музейге қоюға дайындап жатыр. Табылған барлық артефактілер қазба орнына - шыны саркофаг ішіне қойылады.
Берел жазығының барлық аумағынан сақ дәуірінен ерте түркілерге дейін - түрлі дәуірлерге жататын жүзден астам қабірлер табылды, олардың басым бөлігі әлі зерттелмеген. Патшалар алқабындағы (археологтар осындай атау берді) қорымдардың бірегейлігі - оның ерекше құрылымы қорым астын жасанды жолмен мұздатуға мүмкіндік берді. Осының арқасында, жерлеу камераларындағы органика (егер ұрылар түспесе) бұзылмай сақталған. «Тоң астындағы мың жылдық қабірлердің» қалдықтарын зерттеу - археологтар үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Берел қорымы барша әлем археологтарының қызығушылығын тудыруда.
Берел қорымынан биыл табылған ең қызық олжалардың бірі - №2 қорған болды. Онда б.з.д. IV ғ. жерленген ақсүйек әйелдің қабірі табылды. Ғалымдар оны патшайым деп топшылады: айтулы сақ әулетінің өкілі немесе бірінші қорымдағы патшаның әйелі болуы мүмкін. Қасына құрбандыққа шалынған жеті жылқы қойылған, біреуінің ер-тұрманы алтынмен және әтештің бейнесімен әшекейленген. Мамандардың айтуынша, ерте көшпенділердің мәдениетінде құстың бейнесі маңызды рөлге ие болған.
«Сақ кезеңінің әшекей бұйымдары мен құс бейнесі жиі кездеседі. Әсіресе грифон - осы халықтардың мифологияласындағы басты кейіпкер, - деп түсіндірді археология профессоры Зейнолла Самашев. - Бұл жерлеуді кейінірек ғұндар қуып шыққан Юэджи мемлекеті өмір сүрген кезеңге жатқызуға болады».
Қорымның ерте заманда тоналғанына қарамастан, археологтар сақтардың аң стиліндегі әшекейін, алтын жапсырмалары бар ат әбзелдерін және қабірде тамақ жеуге арналған ыдыстарды тапты.
Қазба орнына ресейлік және жапондық ғалымдар келіп, генетикалық және дендрологиялық сараптама жасау үшін сынамалар алып кетті.
«Тазалау жұмыстары барысында біз ертеде жерленген аттарды матамен жапқанын байқадық. Ол теріден немесе киізден жасалуы мүмкін. Бізге жапондық генетиктер келді. Олар зертханалық жұмыстар үшін адам мен әрбір жылқының сүйегінен сынамалар алды. Енді екі-үш айда нәтижелерін алып, жұмысты ары қарай жалғастырамыз деген үміттеміз», - деді Берел музей-қорымының аға ғылыми қызметкері Жалғас Жалмағамбетов.
Өңірде облыстық бюджеттің 100 миллион теңгеге қаржыландыруымен, 2016-2018 жылдарға арналған археологиялық зерттеулердің жоспары қабылданды. Осы бағдарлама аясында қорымдарды зерттеу және Шығыс Қазақстанның тарихи мұрасына туристердің қызығушылығын тудыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіледі.
«18 жылдан бері Патшалар алқабында қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әсіресе биыл өнімді жұмыс атқардық. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен, аталған қорымды музейлендіру жұмыстары басталды. Бұл музей ісі тарихындағы алғашқы үлгі боларлық іс», - деп атап өтті З.Самашев.
Музейлендіру - тарихи-мәдени немесе табиғи нысандарды барынша сақтап қалу және олардың тарихи-мәдени, ғылыми, көркемдік құндылығын анықтау мақсатында музейлік нысанға айналдыратын музей ісінің бір бағыты.
Дәл осы музейлендіру өңірдегі тарихи туризмнің дамуындағы басты нүкте болуы тиіс. Ішкі әлеует, мемлекеттің қолдауы, бастамашыл тұлғалар - мұның бәрі туристік сала гүлденуінің негізгі кілті. Шығыс Қазақстан - ерекше өлке, көп қырлы, тылсым сырларға толы өлке, сондықтан бұл жұмыстары атқару өте маңызды.