20 тамызда Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күнінің құрметіне Іле Алатауындағы Фурманов шыңына (3053 метр) шапшаң жүгіріп шығудан жарыс өткізілді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Медеу маңындағы Кім Асар шатқалынан басталған спорттық жарысқа 200 адам қатысты. Оның 45-і кәсіби спортшы болса, қалғандары әуесқойлар. Шараны ұйымдастыруға Бірікен Ұлттар Ұйымының Кавказ, Орта Азия елдері және Украина жөніндегі гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы, ҚР Скайраннинг федерациясы, ҚР Қызыл жарты ай қоғамы және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті атсалысты.
Жарыс қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар тапсырылып, кәсіби скайраннинг шеберлері мен кәсіпқойлар жас категориясы бойынша жеке-жеке марапатталды.
Жарыс соңында Алматы қаласы Төтенше жағдайдар департаментінің мамандары мен Құтқару қызметінің өкілдері қатысушылар арасында алғашқы көмек көрсету бойынша тренинг өткізді. Сондай-ақ Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқаруға арналған арнайы техникасының таныстырылымы болды.
Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, төтенше жағдай орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларын білу мен алғашқы көмек көрсету қабілетін арттыру мақсатында өткізілген спорт жарысына «Алматы Бегемот» Gippo компаниясы демеушілік жасады.
Дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні БҰҰ-ның Бас ассамблеясының бастамасымен 2008 жылы жарияланған. Жыл сайын 19 тамызда аталып өтілетін бұл күні әлем қауымдастығы кәсіби міндетін атқару барысында қаза тапқандарды еске алып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткендерге алғыс айтады. Бұл күн, сондай-ақ қырықтан астам мемлекеттегі миллиондаған аш адамдарды, науқастар мен зорлық-зомбылықтан жапа шегушілерді еске түсіретін күн ретінде де белгілі.
Шарафат Жылқыбаева
Пікір қалдыру