Оңтүстік Қазақстан облысында төрт түліктің етіне бақылау күшейтілді.
Тіпті ветеринарлар шалғай ауылдардағы мал сою бекеттеріне дейін жіті қадағалауға алған. Ал қала іші аудандардағы базарлар мен арнайы мал соятын бекеттерде зертхана жұмыс істеп тұр. Олар етке анықтаманы үш күнге ғана береді. «Тұтынушы сол анықтамаға қарап, етті таңдап алуына болады», - дейді мал дәрігерлері.
Өңірде мал аурының аса қауіпті деген 9 түріне қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Төрт түлік жылына екі рет тексеріледі. Көктемде 475 мыңнан астам ірі қарадан қан алынып, оның 454-інен бруцеллез анықталған. Ал 1 миллионнан астам уақ малдың ішінен 919-ы осы дертке шалдығыпты. Олардың бәрі залалсыздандырылды, - дейді мамандар.
Қуаныш Мырзатаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Облыс бойынша қазіргі жағдай тұрақты.Бізде 2003 жылдан бері облыс аумағында аса қауіпті ауру, оның ішінде сібір жарасы тіркелмеген. Ет өнімдерінің барлығы базарларға, дүңгіршіктер мен дүкендерге ветеринар мамандарының тексеруінсіз түспейді. Өйткені мамандар таңертеңнен кешке дейін осы жерлерде жұмыс істеуде.
Беглан Әбдіхаев, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бізде 12 ірі базар бар. Ол жерлерде сараптамалық зертхана жұмыс істейді. Қалғандары сонда барып, өнімдерін тексертіп тұрады. Оның бәріне біздің мамандар қаладан бекітілген. Ешқандай да ауру ет, күдікті ет деген өтіп кетуі мүмкін емес.
Пікір қалдыру