Бағыстың жаңа жердегі жігіттермен танысуы да қызық. Өмірдің жалғасуы да қызық. Бәрін басынан бастайық.
Әкесі хылық жауының құйыршығы деген жалған жаладан бас сауғалап Түркістан, Шәуілдір аймақтарын паналап, Бағыс туған ауыл Шаянға келіп тұрақтайды. Оқу бітіріп, әскер қатарындағы үш жылын казармада өткізіп келгеннен кейін әкесі: «Сенің атың әйгіленіп болды. «Садко» деген пәледен құтылу үшін ел жаңарту керек деп шешті. «Қуғын сүргіннен, бас сауғлап келіп едім, енді ел табайық» деді. Сонымен, Арқаның «Жұмыскер» ауылына көшіп барды. Өз үйі, өрен төсегі дегендей 1919 жылы өз қолымен соққан жаппа үйі, терезелері тауық күркенің аузындай төрт әйнекті бес жерден қойылған. Бес бөлмелі деген сөз. Мыжырайып шөгіп кеткен. Кірер есіктен қабырғалас оншақты метр алысырақ мал кіретін есік. Іші сыртын тазалап, ағайындары жиналып алдына мал салып берді. Сыртынан қарасаң үйдің ені мен көлденеңі бірдей. Ұзындығы да отыз, ені отыз метр. Қабырғаларының биіктігі екі метр болғаны, тас араласқан балшықтан соғылғаны көрініп тұр. Бағысқа бәрі таңсық. Құдық үйдің ішінде, тезек, көмірдің орыны, бұтарланған қарағанды жинап қоятын жер, ет сақтайтын шолан бәрі бөлек-бөлек. Үйдің кіре берісіндегі ауыз үйден тамақ ішетін кең залдың терезесі төбесінде. Ені мен көлденеңі бірдей қар, жаңбыр суы ағатындай етіліп қиғаштатылып орнатылған. Төбесі кептірілген бөрене талдармен біріктіріліп жабылған. Бұрын ақталмаған болса да, кейін ақталғаны білініп тұр. Ішінен қарасаң мұнтаздай. Еден жоқ, алаша киіз төселген. Шаянда үш бөлмелі үйде тұрушы еді. Ағасының екі қыз, төрт ұлы бар. Бағыс бұрын әке шешесі жатқан бөлмде жатса, енді өз алдына бөлек пәтер тигендей болды.
Алматыда төрт жыл оқып үйленетін де жағдайға жетті. Алматының асау қызы мыжырайған үйді менсіне ме?! Мәселе осыған тіреліп келер жылы, арғы жылы деп жүргенде отызға да келіп қалды. «Үйім нашар деуге ауызы бармайды». Қайрақты мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасты. Директоры Абдрахимов Сухибек Алашордашылардың бел омыртқасынан жаралған істің адамы болатын. Үйіп төгіп сағатты да берген, оның үстіне мектептің есепші-кәссірі. Ақша мыс-мыс болды. Алыстан сүйген жарынаң хат келді. «Орныңа жаман біреу таласып жүр» деген сыңайлы. Ауылында да қыз көп, бірінен бірі өтеді. Әке шешесі де «құда жекжаттың ауылда болғаны дұрыс» деп қыңқылдайды. Ауызынан сүйіп, төсіне бет тигізіп қойған соң уәденің аты уәде, Астраханның Отшағылына жол тартты да кетті.
Астраханнан Байсары ауылына дейін «кукрузник» деген самолетпен біржарым сағатта жетеді екен. Байсарыдан «Отшағыл» ауылына жетуі керек. Ол қырық шақырымнан асады. Күніне бір мезгіл автобус жүреді екен, одан енді үміт жоқ. Бұйырмайтын болды, кеш қалыпты. Қонатын жер жоқ, қонақ үй ауылдың арғы шетінде екен деп дағдарып тұрған Бағысқа «оған барғанша, мына біздің түйелі арбаға мініңіз «Отшағылға» жылдам апарады» деді қатар тұрған түйелі арбаның иесі бала батыр. «Қанша ақша аласың» деп қызықты балалардың дауысы қатты шығып «автобус бес сом, біз үш сом аламыз» деді. «Шаршамайсыз, барғанша ұйықтап барасыз» деп қосып қойды. Көлденең машина жүрмейтін болған соң, амалы жоқтықтан жалпақ арбаның үстіне бір жамбастап, Бағыс та жантая кетті. Арбакеш бала жас, үшінші-төртінші класта оқитын болуы керек түйенің мұрындық жібін бос жіберіп, тоқым көпшігін басына ыңғайлап, ол да қисая кетті.
- Әй, бала атың кім? Мына түрімізбен қашан жетеміз? – қаттырақ айдасаңшы деді мазасызданған Бағыс.
- Атым Орақ. Кешкі тамаққа дейін жетеміз. Сіз бұл жақтың адамы емессіз ғой. Қай үйге барасыз?
- Ауылдың барлық адамын білесің бе?
- Неге білмеймін. Білемін. Үш ұзын барақ, алты ауыл 11-12 үйден. Орыс жоқ. Үш кәрис, оның өзі қазақ боп кеткен - деп қысқа-қысқа жауап берді.
- Тұрсынбай деген кісінің үйін білесің бе? - деді.
- Білем. Алты қызы бар, алды отызда сұлулығынан іздеп келген күйеулерді менсінбей жүр дейді елдің сөзі, кішісі жиырмаға жақындап қалды. «қыз біткеннің сұлуы болмаса, ит өлген жерден іздеп келемін бе?» - деп Бағыс іштей марқайып қалды. Жеке үйде емес, 7-ші баракта тұрады, мен 4-ші ауылда тұрамын, ауылдарымыздың арасы алыс емес. Әңгімемен жол қысқарып күн батпай, кештете ауылға да келіп қалды.
- Анау, жерошақта қамыс жағып отырған үй Тұрсынбайдың үйі. Далаға жәйдан жәй от жақпайды, үйіне кісі келетін болған ғой - деп тон пішіп, бал ашып қойды.
Үйдің жанына келіп тоқтап, арбадан түскенше іздеп келген Данай сұлуы да алдынан шықты. «Бірден, қасыңда кісілер жоқ па?» деп қабағын шытып амандасқан сұлуға. «Кісі ертіп кел» деп айтқан жоқсың деп өзіне жабысты. «Қанша құда келеді екен, неге айтпайсың» деп ұрсып жатқанына ренішті көрінеді. Бір-екі көйлек, қағаз қалам салған көнетөздеу былғары сумкасын қолына алып, үйге бұрылғанша баланың үш сомын беріп рақымет айтып, үйге кірді. Қолға су әкеліп құйып жуынып шайынып болған соң төр үйдегі жатқан ақсақалға ертіп барып сәлем бергізді.
Жасы алпыстан асса да бетінің нұры таймаған нарттай қызыл, көзінің қарасынан ағы басым, кірпігін қырып тастағандай орыны қан талап тұр. Қабағы түсіңкі, сұйық қара шашының кекілі көзіне түсіп, жауып кала бергеннен оң қолына тыныштық жоқ, қайта-қайта қайырып әлек. «Ер мұрынды, ат ерінді келеді» дегендй қоңқақ мұрыны ерекшеленіп ат жақты келбетін сұстандырып бір қарағанда ішіне кірген шүңірек көзі өңменіңді тесіп жіберердей ұшқындайды. Сақал мұртсыз шығыңқы иегін жиі қимылдатқан сайын жалпақ екі күрек тісі ақсия түседі. Бағыстың сәлемін суықтау қабыл алып төрге шығуды ұсынып қолымен көрсетіп ишарат білдірді. Бағыс сыпайылық сақтап, күйеу төрге отырмайды деген қағидамен төменірек жайғаспақ еді, «сен әлі күйеу емессің, қонақсың» деп төрге шығарды. «Төрде орын болса, босағада нең бар» дегендей малдас құрып кісі боп шыға келді. Шынтағына бір жастық тастап, өзі жастықты құшақтай Бағысқа жақындап, аяғын көсіліп жіберіп жантая кетті. Иегін көтеріп ерсілі қарсылы қимылдатып алып:
- Әке, шеше, туған туыстарың бар ма? Неге келмеді - деп бетіне тесіле қарады. Данайдың «ренжіп жатыр» дегені есіне түскен Бағыс ақтала сөйлеп әліптің артын бағып әр сөзін төкпелемей жұптап сөйлеп:
- Бар. Әке шешем алыс жолға жарамайды, қолы бос ағайын туыс жоқ, совхоздың жұмысында - деп көп сөйлемеуге тырысты «күйеу бала».
Дастархан басындағы әңгіме жалғасын таппай саябырсый бастап, қыздарынан ұялды ма, дәмнің әкелінуі әсер етті ме, сөзін шорт кесіп басын көтеріп тамаққа ықылас танытты. Бөтен көрші-қолан көрінбейді, Бағыс «күйеу баласын» сынап алуды ойластырды ма, кемпірі ғана дастархан басында отырды. Үлкен шараға ет туралып, үстіне тұздық құйылып «тамақ алайық» деп ишарат білдіріліп үш қол шұңғыл шараның ыстық сорпасына сүңгіп кетті. Шөлмек, стакан қойылмағанға ішпейтін жандар екендерін топшылап отырғанда «арақпен қалайсың» деп дүрс ете қалды. «Оған пейілді емеспін, оның үстіне әке шешеммен бірге тұрамын» деп инабаттылық танытты. Сөзінің мәйегін шығармаған «атасына» «күйеу баласы» да елпілдей қоймады қанша дегенмен отыздың аты отыз емес пе сабырлылық сақтап кітаптан оқығанын, өмірден көргенін көз алдына елестетіп отырды. Той басқарып асаба да болды, күйеу жолдас болып құдалыққа да барған «күйеу баласының» мысы басып отырғандай отырысты үнсіздік жеңіп, «енесі» де елеңдемей естілік танытып, желінген тамаққа ақсақалы «әумин» айтып ыдыс аяқтың сылдырын шығармай дастархан жиналды.
Бозалатаңнан Данай жұмысқа бару керек екен, Бағысқа да бірге барып Байсары қаласын көріп, танысып қайтуға кеңес беріліп термостағы шәй, екі үзім нанмен оразаларын ашып автобусқа шықты. Байсары қаласының қонақ үйіне бірге барып эпидомолог дәрігер ретінде таныстығын пайдаланып Бағысты бір адамдық бөлмеге орналастырып кетті. Жалғыздық әртүрлі ойға салып «құда, құдағи әкеле алмайтынына» көзі жетіп әрі сәрі боп жатқанда тор сетканы толтырып Данай тамақ боларлық көк өністі дәмдермен стол үстін жайнатып қойды. Шүйіркелесіп отырғанда «кешкісін жездесінің үйіне қонаққа» шақырғандығын, телефонмен хабарлап айтқанын жеткізді.
Сейсенғали жездесі бір бағлан қозыны сойып құйрық маймен ет араластырып далада шашлык жасап жатыр екен ескі танысындай құшақтап амандасып «келгеніңе қуаныштымыз» деп жатыр. Әйелі Ырысты да үйден шығып сәлемдесіп мангалдың қасына бір-екі орындық қойды. Бағыстан үш-ақ жас үлкен Сейсенғали арақ шарабын столға қойғызып «жолдарың болсын», «бақытты болыңдар» деген тілекпен хрусталь рюмкаларға құйып шашылыктың бір таяқшасын қолына ұстатып «ішпеуші едім» деп айтуға мұршасын келтірмей тост көтертіп жіберді. Ырысты да, Данай да қалыспай күрең виноны қатар алып «көптен ішкен жоқ едік, келгендерің жақсы болды» деп көңілді әңгімесін Ырысты апасы күлкімен жалғастырды. Сейсенғали Тұрсынбай ақсақалдың телефон соғып «қатты ренжіп» отырғанын айтты. «Жалғыз жүрген жолбарысқа арқалатып жіберетін, менің қызым баспақ емес» дегенге дейін барды дейді.
- Осы ағай да қызық екен. Алты қызды саусылдатып қамап отыра ма? Жақсы жермен, пайдасы тиетін елмен құда болуымыз керек - деп қыздарының құлағына құяды да отырады.
- Әкем не десе о десін, мен жұмыстан шығып құжатымды қолыма алдым. Алдынан өттік, Ұлықсатын бермесе өзі білсін. Мен өзімнің қалауыммен.... сөзін аяқтатпай үзген Сейсенғали:
- Данайжан, ашу шақыр ма, әлі де болса сөйлесіп көрейін. Ұлықсатын берер. Бай жерге беремін десе құр алақан емес қой, қолында бес қыз қалады. Таңертең хабарын алып беремін.
Сенбі күнге қонақтарын шақырған Тұрсынбай ОРС-ның қоймасынан өндірістің директорына екі қойдың етін жаздыртып алып көрші қолаңын шақырып ас беріп қызының күйеуге шығатынын хабарлады. Кешкі бесте Байсарыдан ұшатын «кукрузникке» шығарып салатын боп Сейсенғали асығыстық танытып, тағы бір жеңіл мәшине тауып, әйелі мен екеуі жол қамына кірісті. Көп еркек жиналмаса да қаптаған әйелдер кәмпиттен шашу шашып Данайға құтты болсын айтып шуылдасып жүрді. «Күйеу бала қайда» деп біреуі сұрамайды. Бағыс бұл ауылға күйеу болып келмеген сияқты, шеткерірек тұрған Ернияз деген Данайдың туыс інісімен осы ауылдың баласындай болып, шығарып салушылардың бірі ретінде жүргендей у-шуға жақындамайды. «Кукрузниктің» келетін уақтысына жету үшін елді асықтырып, Бағыс пен Данайды мәшинеге мінгізіп елмен қоштастырғанда Тұрсекең:
- Бала асығыс келіп, асығыс кеттің. Қызым саған аманат, үй шаруасына орашолақтау сіңлілері көп, ерке өсті, ренжітпе, айналайын - деп тапсырып, жолдарың болсын - деді. Бағыс үндемей ішінен «енді қайтып «Отшағылды» желкемнің шұқыры көрсін» деген сөзін айта алмай «сау болыңыз» деп бұрылып мәшинеге кетті.
Жолдың майлы шаңын бұрқырата «Байсары» қаласына бетін бұрып ала шалбардың бір бұтын биік ағашқа іліп «аэропорт осы жерде» деген белгіге бір жарым сағатта жеткізді. Бағымызға Сейсенғалидың қойған атауымен «кукушка» бір сағатқа кешігіп келетін боп мәшиненің капотына орамал жайып бір шөлмегімен орап әкелген стакандарын қойды.
- Тұрсекең қайнағам тойға деп әкелген өгізін сойғанда ет мол болатын еді, енді майлы балықтың консервісімен тояттайтын боласыздар - деп ашып Бағыс атаңнан ұялдың ба, арақ ауыз тимедің. Мен, әлде қалай, керегі болып қалар деп Ырыстыға оратып мәшинеге салдыра салып едім, міне, іске асты. Ал, жолың болсын бажа! Бажалығымызды жуайық. Еш нәрсеге ренжіме құда құдағи келмеді деп өкпелегендегісі ғой. Данайды шынын айтсам Ырыстының күшімен берді. Екеуі біраз айтысып тартысып Ырысты жеңді. Шаңырақтарың құтты болсын. Аман сау болып хабарласып тұрыңдар - деп тостыны алдырды. Қолтықтасып құшақтасып ризашылықпен қош айтысқан бажалар, апалы-сіңлілер ұзақ уақыт көріспейтіндерін сезісіп, көздеріне жас алды.
Бас білмеген асаудай тоңқи женелген Сейсенғалидың «кукушкасы» жерден теңселе көтеріліп Астраханға бет алды. Бағыстың атасынан естіген өкпе наздары, Данайға айтқан «жақын жерден біреу табылмады ма?» деген сөздері жүрекке тікенекше қадалса да, еркіндік алып көңілі аспандап ұшып келеді. Астраханға жетіп поезға үлгерсе бәрі ұмыт болып, бес сөтке сартылдаған, сықырлаған патшалық ресейден қалған ағаш вагон, будақ-будақ түтінін бұрқыратқан паравоз бақырған сайын, ұйқыңды шәйдай ашып Арқаның «Сарыарқа» стансасына жеткізеді.
Қаланың аты қала емес пе, аэропортта самсаған таксидің біріне мініп вокзалға жетті. Осы жерден «Келе жатырмыз» деп телеграмма беруге болар еді, одан өздері жылдам барары анық болған соң, кассадан Орынборға белет алып көңілдерін жайлады. Көп күттірмей жүретін Астрахан-Москва поезына отырып ертеңгі түстікке Орынборға жетті. Енді, Москва-Алматы поезына отырып Шу стансасына жету керек. Поез таңға жуық келетін болғандықтан қазақтың бұрынғы астанасы ретінде, қаланы аралап Алашордашылардың, Сәкен, Сәбиттің рабфакта оқыған жерлерін қыдыртып, журналист болған соң тарихтан хабары бар екенін танытып Данайға білгенінше түсіндіріп жүріп, күнді батырды.
Шу стансасына жеткен соң поез ауыстырып «Сарыарқа» бекетіне ертеңіне түс мезгілі болмай жетті. Таныс ағайындардың жеңіл машинасы кездесіп үйіне әкеліп «келін келді, келін келді» деп сүйіншілеп елді басына көтерді. Үйден жеңгесі «Қыстаубайдың қызы» шығып сасқанынан басындағы ақ жаулығын келіннің басына салып үйге, Бағыстың бөлмесіне кіргізді. Ел шақырусыз-ақ лек-легімен шашу табақтарын көтеріп «құтты болсын, құтты болсын» деген тілекпен келіп жатты. Бет ашар тойы басталып, бір-екі қой сойылып, екі-үш жерден қазан көтеріліп, ауыл мәре-сәре болды. Ертеңіне бір жылқы сойылып совхоз орталығына атпен бала шаптырылып «Жамбы ата келінді болды» деген хабар таратылды. Ресторанға, кафеге той жасау қалыптаспаған кез жақын туыстардың 4-5 үйіне қазан көтертіп, келін алғанын жария етіп, Жамбы ақсақал баласын үйлендіріп әкелік парызынан құтылды.
Арқаның алты ай қысы ақ боранымен, үскірік аязымен табиғат бар өнерін көрсетті. Қонақ күтетін бөлменің төбесіндегі терезенің неге керек екенін түсінді. Сыртқы есіктің маңдайшасына дейін омбы қар басып қалған. Таза қарды ойып тай қазанға салып астына тезек қалап от жақты. Еріген суын шелек-шелектерге құйып шәй қайнатуға тұндырып қойды. Жұмысқа, оқуға кеткендер келгенше Бағыстың жеңгесі «Қыстаубайдың қызы» далаға шығатын саңлау ашып қояды. Екі сиыр сауылып, одан алынған сүт сеператорға тартылып, алынған қаймақтан «бал қаймақ» қайнатылып атаға шәй беріледі. Сөйткенше түс, кеш болып көзге көрінбейтін тынымсыз шаруа бітпейді. Жаңа түскен келін күн көзін көрмей-ақ, алты ай қыс бітті. Алақандай ауылда, Қайрақты кентінде Данайдың мамандығына жұмыс табылмай, мектепте «орыс тілінің мұғалімі бол» дегенге көнбей үйде отыра бергенді дұрыс көрді.
Данайдың ауылы «Отшағыл» мен «Байсары» ыстыққа өртеніп мұнай исі танауды кептіріп тұрған кезінде «қарындасының барған жерін көреміз» деп ағасы Әмин, жеңгесі Ақзия келді. «Құтты қонақ келді» деп «Ақсарлы» жайлауында (№2 қой фермасы) араларын алшақтатып желі тартуға ыңғайлап отыздан астам үй тігілген-ді. Оның 5-6 үйі активтердікі. Әке шешелерін, бала шағаларын демалдырып, қымыз ішкізуге арнайы тіккізген. Сарыарқаның жайма шуақ шыбын шіркейсіз салқын самалды жайлауында отырған ел жұрт үй басы екі биеден байлап жан рақатына бөленген кез. Қарындасы Данайдың екі күн қонағы болған Әмин мен Ақзия басқа күндері үйден шәй ішуге мұршалары келмеді. Күнде қозы сойылып, ара кідік қой сойылып «Қызжібектің» ауылынан келген ардақты қонақтар болды. Әминнің домбырадағы төкпе күйлері төгілгенде, күй атасы Құрманғазының өзі келіп төрде отырғандай әсер қалдырды. Әр күйдің тарихын, шығу тегін тамылжыта айтқан әңгімесі тыңдармандарын үйіріп алды. Келіншегі Ақзияның әні мен термесі, әдемі күлкісі «құлақтан кіріп, бойды алып» жанды жадыратып тұла бойыңды сергітеді. Екеуі-ақ Алматыдан келетін әртістердің концертін үш орап алатын ағыл-тегіл ән термесімен, күнде жаңа екі-үш күй қосып тартып елді еліктіріп жіберді. Жатар орынға түнделетіп келіп жүрген Әмин мен Ақзия Бағыстың әкесіне:
- Жәке, біз қайтпасақ болмас. Қой мен қозының обалына қалдық күнде екі қозы, қойы тағы бар - деді Әмин.
- Шырақтарым, бұйырған несібелерің, демалыс деген бір ай болмаушы ма еді, неге асығасыңдар?
- Ертең Еспенбет, Доспанбет деген кісілер шақырып отыр. Соған барамыз. Сізбен әңгімелесіп отырмадық қой. Таңертең кетеміз, қонуға келеміз, ертең ел жұртыңыбен қоштасып келеміз - деп Әмин шын қайтқылары келгенін айтты.
- Ол екеуі ағалы інілі кісілер. Шертпе күйдің шеберлері, өнерлерін көрсетейін деген ғой - деп таныстырды Жамбы ақсақал.
Екі күйші Әминге қымыз дастарханын жасатып, үйіне ерте шақыртып алды. Қонағынан Құрманғазының бұрын естімеген үш күйін үйреніп алып Әминнің алдында қайталап тартып, қосылып тартып ескертпелерімен қолын жаттықтырды. Қызықты думанды жарты ай өте шықты. Қос қос шапан, көйлек жаулықпен сый сияпат алған қонақтар ертеңіне «Сарыарқа» бекетінен елдеріне апаратын поезға отырғызылып қош айтысты.
Жаз айы бітуге айналды. Келінінің жұмысы ойынан шықпай жүрген Жамбы ақсақал бар мәселенің түйінін шешуге баласын жеке шақырып алып:
- Балам, қолымда қолғабысым бар, тамақ істеп беретін адам бар. Шу қаласы деген алыс жер емес, сонда бірде екілі нағашың бар, өзіңе «екі қолға бір күрек» деген, келінге мамандығымен жұмыс тауып берер. Әуелі, барып келесің бе, шабаданыңды арқалап бірден кетесің бе, өзің біл - деп кесіп айтқан әңгімені директоры Сухибек ағаға айтып еді Жәкеңдікі дұрыс. «Саған мұғалім болатын келіншек табылмады ма» деп күлді де «әуелі, барып келісіп кел, жұмыстан шығу қашпас» - деді директор ағасы.
«Қайдан жүрген адамсың дегізбей, келіншегіңді ала бар» деген әкесінің ақылымен қол ұстасып Шу қаласына келді. Бұрын бір-екі рет көрген Құрмаш нағашысының үйіне тоқтап, апасы беріп жіберген сәлем сауқатын табыстап, дастархан басында жұмыс іздеп келгендіктерін айтты. Сөздерінің сыңайын түсінген нағашысы:
- Бір нағашың Аяған қаланы тіреп тұр, бір нағашың Ысқақ ауданды тіреп тұр, жұмыс табылар. Бүгін демалыңдар, ертең екеуіне де жолықтырайын - деді.
Ыстық басылған кешкі салқында орталыққа қарай барып қайтқан Бағыс пен Данай қамыспен жабылған үйлерді қызықтап орыстың көп екеніне көздері жетті. Есігінің алдында тауықтың неше түрі, Ғабитша (Мүсрепов) айтқанда талпақ танаулар, қаптап жүрген торайларын сыртқа шығарып қорасын тазалап, қи топанын дарбазаның алдына үйіп қойған.
- Тезірек жүрейікші, мынау иіс тұншықтырып барады - деп Бағыстың жеңінен тартып алға озды. Сасық иіс көшенің ұзына бойынан үзілер еиес.
- Ертең сен эпидемолог болып орналассаң СЭС - тің тазалатуға шамасы келе ме?
- Неге келмейді? Екі-үш штраф салсаң шошқасын сатып құтыла алмайды.
- Онда ертерек жұмысқа тұрып, жолымызды тазалап алайық - деп қаттырақ жүргенмен иістен арылмады. Орыстардың шіркеуіне дейін келіп сыртынан тамашалап қайтарда ішінен шыққан қарт орыс шалдан «қашан соғылған» деп сұрап еді.
- Ой, давно деп алды да 1821 жылы соғылған. Арғы бетінде жазуы бар - деді қазақша. Әкем 1900 жылдары Украйнадан көшіп келіпті. Содан бері осындамын. Қалай, қазақша білмеймін, білемін - деді қарт. Қол ұстасқан екеу жаңағы көшемен жүрмей, сырт айналып, өзен жақ көшемен үйдің тұсынан бір-ақ бұрылды.
Ертеңіне Құрмаш ағасымен іелсіп, көшенің топырағын бұрқылдата жүріп Аудандық партия комитетіне келді. Ұзыннан ұзақ ғимраттың ең түкпіргі бұырышындағы бөлмеде отыратын Шеденов Ысқақтың кабинетіне үшеуі де кірді. Аман саулықпен, таныстықтан соң телефонмен звондап:
- Мамед Салимович - деп амандасып алды да «Менде Алматыдан оқу бітірген Астрахан облстық СЭС-інде эпидемолог болып жұмыс істеген маман қыз маған келін болып келді. Телефоннан «құтты болсын» деген дауыс естіліп тұрғанда трубканы орнына қойып:
- Қазір бас дәрігерге барыңдар. СЭС-тің меңгерушісін шақыртып сөйлесемін - деді. Сөзіне қарағанда бос орын бар көрінеді. Жылдам барыңдар деп шығарып салды. Аурухана алыс емес екен, үшеуі тездетіп келіп, Бас дәрігердің есігін қағып, ішке кірді. Көп күттірмей СЭС-тің меңгерушісі де келді. Данайдың еңбек кітапшасын сұрап дипломын көріп:
- Молодец с красном дипломом - деп Бас дәрігерге көрсетті.
- Теперь, работу найдечь? - деді ауданның Бас дәргері М. С. Абдуллаев.
- Да, по ее спицальности вакантные место есть. Завтра можно приступить.
Сәтін салған іс оңынан келіп сыртқа шыққан соң СЭС-тің қайда екенін көріп, жаяулап үйге қайтты.
Ертеңіне жұмысқа бармақ болған Данайды СЭС-тің бастығына жолықтырып нағашысы мен Бағыс Шу қаласына автобуспен жетті. Қалалық атқару комитетінің төрағасы Аяған Оспановтың кабинетіне келді. Отырып жайғасқан соң Құрмаш аға келген бүиімтайын айтып жиенін таныстырды.
- Бұл жігітті мен танимын ғой. Алматыда Исекеңнің (Исал Бағыстың шешесінің інісі) үйінде көргенмін. Қазір Г.К. Осиповқа (қалалық партия ұйымының бірінші хатшысы) кірейік, нұсқаушылық бір орын бар деп еді, сөйлесіп көрейік. Сіз отыра беріңіз - деді Құрмашқа.
Ойламаған жерден Бағыс партия қызметкері, «Үгіт насихат бөлімінің» нұсқаушысы болып шыға келді. Құрмаш нағашысы үйге қайтып өзі Борис Андрейевич Ткачьев деген бөлім меңгерушісінің қасында қалып жұмыспен танысты. Б. А. Ткачьев өте білімді, сауатты жігіт екен, екі-үш күннің ішінде Бағыс арыз айтушылармен де, ақыл айтушылармен де партиялық принциппен сөйлесе алды. Оған екі жылдық мұғалімдік тәжірбиесі, журналистік білімі, табиғи шешендігі көмектесті. «Баланың жақсы болмағы нағашысынан» дегендей нағашыларының арқасында жас семьяның жұмыс қихметтері оң да, тез шешілді. Жұмысқа келіп кету қиындық туғызғанмен қызметтің абройлылығы дәтке қуат болып көңілді өсіріп тастады. Өкініштісі қызмет жасағанына бір жыл толмай қалалық партия комитеті тарап ауданға қосылатын болды.
1964-ші жылдың басынан бастап партиялық құжаттарды өткізу басталды. Ауданның бірінші хатшысы Жапар Түебековтың келуі жиілеп, Бағыс та сәлемшіл болып алды. Сондай бір кездесуде:
- Аға, енді менде ауданның азаматымын ғой, келініңіз де ауданның дәрігері, жұмыссыз қалдырмассыз деп еді.
- Сөзің жақсы екен. Неге, Аяған нағашыңмен Мойынқұмға бармадың - деп қарсы сұрақ қойды.
- Әке, шешем жасы келген кісілер. Қатнасып тұруға темір жолдың бойы болған соң, осы жерде қалғым келеді.
- Жарайды, көшіп қонып болайық - деп, бұрылып есіктен шығып кетті.
Г. К.Осипов та, А. Оспанов та қызметкерлерінің барлығына мінездеме беріп, жұмыссыз қалдырмауын тапсырғанын Ж. Түебековтен естіп, жылы сөзіне көңілі жайланды. Бір жылдық демалысының тиесілі ақшасын алған соң елге барып қайтуға ниет етіп ол кездегі базарлықтың үлкені қолға түсе бермейтін 2-ші сортты үнді шәйі болатын. Ауданаралық базаға (дир. Р. Жексембин) барып қоймадан үш келісін, нағашысының шешесіне бір келісін бөлек оратып тор сеткеге салып, директор мінгізіп жіберген мәшинамен үйіне жетіп алды.
Жұбайымен ақылдасып, үй ішіне ескертіп ертеңіне кешкісін поезға мініп таңертеңгісін ертелеп әке шешесіне келді. Жұмысқа орналасқандарын айтып, күн жылыса бөлек үйге шығатындарын жеткізді. Үш күн болып қайтатын Бағысқа соғым етінен арқалатып, сыбаға беріп «еншіңді алуға қашан келесің» деп қалған әке шешесі және жеңгесі «Қыстаубайдың қызы» вокзалға апарып салуға келген жүк мәшинесіне шығарып салды.
Жаңа жылды туған туыстарымен өткізіп Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының қабылдау бөлмесіне келді. Отырған қызға жөнін айтып, хатшыға хабарлатты. Алды бос екен көп кешікпей, «кірсін» деген звоноктан секретарь қыз сыпайы ғана «кіріңіз» деп хатшының есігін ашты. Бағыс кіріп сәлемдесіп қабырғадағы тізіліп тұрған орындықтардың хатшыға жақындауына отырды. Столындағы кнопканы басып секретарь қызға «аудандық газеттің редакторын қостыр» деді. Хатшы столындағы төрт телефонның бірін алып «қалдарың жақсы ма деді де, саған қазір бір жігіт барады. Сөйлесіп, көріп сендерге облыстан «радио оргонизатор» деген бір штат берілген. Ұнаса, осы жігітті қабылда» деп трубканы қоя салды. «Ұнаса» деген сөзіне шамданып қалған редактор Қ. Қазыбаев Бағыстың арызына көңілсіздеу бұрыштама қол қойып, «жауапты хатшыға апар» деп жұмыстың жай жапсарын түсіндірмей, қатулы қабағын жазбай столға тіреліп орнынан тұрды. Есіктің сыртына шыққан Бағыс «мені ұжыммен таныстырар» деп күтіп, шықпаған соң, қарсы есікті ашса, шашы әппақ қудай үлкен кісі отыр екен, еріксіз кіріп сәлем берді.
- Сәлемші болсаң отыр. Қайдан жүрген баласың? - деп бетіне тесіле қарады да, танымадым ғой - деді.
- Танымайсыз, аға. Бұл жердікі емеспін - деп еді.
- Сонда, қайдан келдің?
- Қарағанды облысы, Шет ауданы деген жерден.
- Менің туған жерім ғой. Арғынның төресі боламын. Мұнда кімге келдің?
- Аяған, Ысқақ, Құрмаш деген нағашыларым бар еді.
- Еее, жөн, жөн. Аяған қалай нағашы болады, ол Қожа ғой.
- Апамызға үйленген, жездеміз.
- Солай деп айтпайсың ба? Ал, мұнда неғып жүрсің?
- Жұмысқа тұрғалы келіп едім - деп қолындағы арызын көрсетті.
Өзін «Нұрмағамбет» деп таныстырған Ордабаев редактордың орынбасары болып шықты. Аудандық газеттің «Кировшы» аталып, бірінші нөмірінен бастап Редактор болып қол қойған. Зейнетке шыққан соң орынбасар болып отырған беті. Жасы жетпіс алтыда, қолынан қаламы түспей бас мақала жазып, хаттарды қорытып, редакцияға бас көз болып отыр. Бағыстың арызын қолына алып телефон соғып, аржағынан дауыс шыққан кезде:
- Көкіш - деді қырылдаған дауысын білдірмей жөткірініп - мына біздің елдің баласын «радио оргонизаторлыққа» қабылдапты. Ешкім жөнін айтып түсіндірмеген. Адам жіберіп бағыт бағдар бересіңдер ме, қайтесіңдер?
- Ертең адам жіберемін, күтсін - деді.
Бағыс қолындағы арызын жауапты хатшыға беріп, бұйрық шығартып, көшірмесін алды. Ертеңгі түскі автобуспен келген облыстық радионың тілшісін редакциядан күтіп алып, танысып біраз мәліметтер алды. Қолдан келетін шаруа екеніне көзі жетті. Жазу жазатын стол, орындық жоқ болып бос орындарды пайдалану ұсынылды. Поштаның бастығына барып, радио торабтың бас инженері еврей Либенсон Герек деген жігітпен хабар тарататын орынды көрді. Магнитофон, диктофон деген ол кезде жоқ. Тікелей эфирде жұмыс істеу керектігін түсіндірді. Бағыс бірінші хабар жүргізуді Геректің көмегімен эфирге шығармай, үй ішінде естілетін етіп, микрофоннан дауыстап оқып, тыңдатып жаттықты. Екі күн бойы «Шу өңірі» газетінің тігінділерінен бірінші хатшы Жапар Түебековтың мақалаларын тауып оқыды. Аудан экономикасын көрсететін цифрлар келтіріп мал төлдету, көктемгі егіс науқанының жауапты екенін тілге тиек етіп, он минутқа деп бес бет мақала дайындады. Оқытып редакциялатуға хатшының қабылдауына кіріп жұмыс жағдайынан мәлімет берді. Әр жұма сайын, кешкі 17-50 де 10 минуттан тікелей эфирде хабар беру керектігін айтты. Мақаланы оқып көріп, бірнеше жеріне түзету кіргізіп, «Мақаланы менің атымнан өзің оқы. Мен жұмыста отырып тыңдайын» деп тапсырма берді. Бұл Бағыстың жауапкершілігін күшейтті. Мақаланың басына анотация қосып жазып, бірнеше рет дауыстап оқып жаттықты. Сонымен, бірінші хабар эфирге шығып тыңдаушыларынан жақсы бағасын алды. Ертеңіне шақыртып кездескен хатшы: «Мен Түебековпін деп оқи беруіңе де болады екен» деп баға берді. Бағыстың бойындағы өнерінің бір қыры біреудің дауысын акцентімен айнытпай келтіріп телефонмен пәленше, түгенше болып сөйлесе беру болатын. Сол тәсілмен Жапар Түебековтің сөйлеу мәнерін сақтап, оқығанын редакция жігіттері де тыңдап (оларға ескертілген) «хатшыны сөйлетуің үлкен жетістік» деп даурыға құттықтап жатты. «Мен ғой оқыған» деп айтпады.
«Коммунизм» қой сохозының 62 мың қойы бар екенін, директорының бұрынғы «халық жауы» екенін біліп зерттеп алған Бағыс аудандық комитетке келген порторгына жолықты. «Совхоздарыңыздың малшаруашылығын аралап, мамандарымен танысқым келеді» деген өтнішін қабылдап жиналыстан соң ала кететінін айтты. Совхоз директорымен танысып өзі де мал аралауға шығатынын білдірді. Шу өзенінің бойымен жағалаудан едәуір қашық отырған, малды ауылды аралай отырып шопандардың азық-түлік, қант, шәйінің жеткіліктілігін сұрап, малға жем беріліп тұруын табыстап «күзде күйлі, қоңы қалың болған қой қыста қиналмайды» деді. Директордың сөзін мұқият тыңдап қасында тұрған Бағысқа «сұрағыңыз бар ма» деді.
- Автоклуб, автолавка, дәрігерлік көмек, газет жұрнал уақтылы келіп тұрама деп сұрады Бағыс.
- Автолавка, дәрігер, газет жұрналдан кенде емеспіз. Қойлы ауылдар жиі отырған соң бала шаға көп автоклубы жетісіне бір келсе деген өтініш бар. Айлап келмейтіні өкінішт-ақ. Бастықтарының құлағына саларсыз - деді ұзын бойлы, сақалын ақ шалып алпысты еңсерген Дәуіт Абдрахманов ақсақал.Үлгергендерінше 16 отар қойды аралап, қоңын байқап, шопандармен сөйлесіп ауылға қайтар жолда Бағыс:
- Әбеке, сіздің «Алға» совхозындағы директор құрдасыңыз Қадекеңнің есебінше қойының саны 57 мыңнан алдағы жылы 60 мыңға жетеді деп отырғанын айтып еді.
- Ол шал қызылшасымен озбаса, қой санынан оза алмайды. «Коммунизм» совхозында қой саны 70 мыңға жетеді екен деп газетіңе жаз. Қадекең оқысын.
- Жарайды, аға!
Жолда Қосқұдық орман шаруашылығының бастығы Глазов Юрии Анатольевич кезікті. Бұл кісімен Бағыс қалалық комитеттен таныс-ты. Директордың машинасын аудан орталығына әурелемей кездескен ГАЗ-69 пен қайтқанды жөн санап Әбекеңмен кездескеніне қуаышты екенін айтып, қош айтысты.
Бағыстың қазіргі жұмысы нағыз творчестволық жүмыс. Жұма күні 10 минуттық хабар дайындап өзінің қазақша 7 әріп салдырып алған «Москва» машинкасымен 4-5 беттік жазу жазуға төселіп алған. «Әбекеңнің тағылымы» деген атпен газетке көлемді мақала дайындап берді. Өзінің радиосына да екі-үш жұмалық азық. Шу тарихынан деректер жинап 2-3 белгілі кәриаларды іздеп, сұрастырып жүріп кездесуді әдетке айналдырды. Негізгі дерек көздері Шу ауданының ежелгі тұрғындары Қаден Қабышов (Алға совхозының директоры), Әбимолла Көшенов (Коммунизм совхоының директоры) Әлжан Әлішов (Мемлекеттік мал тұқымын асылдандыру станциясының бастығы) ақсақалдардан алынып «Елдің елдігі ерінен» деген көлемді очеркі газеттің екі нөміріне бір беттен жарияланды. (Кейін ауданның құрылғанына 50 жыл толғанына байланысты) «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Қазақ» газеттріне Жапар Түебековтің түрлі суреттерін пайдаланып, мақаланы қайта өңдеп, толықтырып тақырып-тақырыппен бастырды.
Аудандық комитеттің үгіт насихат бөлімінің меңгерушісі Асқар Адамбеков Бағысты шақыртып алып:
- Келесі жылы Октябрь революцияның 50 жылдық тойына қарсы ақындар айтысын дайындау керек. Сен елді көп аралап жүрсің, жазғандарыңнан байқап жүрміз Смайл Қалипанов, Сұлтан Кенбаев, Балтабай, Атабай деген ақын шалдар бар екен соларды ұйымдастырып, жастарды қосып аудандық айтыс өткізу керек. Бұл бірінші хатшының тапсырмасы. Керек болса Мәдениет бөлімінен бір автоклуб бөлдіріп береміз. Бағысты «мақұлға» көндіріп бірінші хатшыға алып барды. А. Адамбеков Бағысқа айтқанын қайталап түсіндірген соң, бір нәрсеге ризашылықпен жымиып:
- Бағыс - деді - Орақбай ақынның өлеңдерін, өмірбаянын қайдан тауып жариялап жүрсің. Ол біздің аталарымыз болады, ұрпақтары біздер, әдебиетші ініміз Уәш те білмейді. 28 өлең деген көп өлең ғой, тағы ұзақ өлеңдер, поэмаға бергісіз «ашық жүрсе насыбай сасымайлы» деген жері бар екен, өзгертпедің бе?
- Ғұламалардың орнымен айтылған сөздерін неге өзгертемін - деді Бағыс.
- Асқардың айтып отырғаны дұрыс. Д.Арқабаеваны (мәдениет бөлімінің меңгерушісі) шақырып алып уақытша айлығымен бір автоклуб бөлгізіп бер. Шұрқырап жүрген қыздарынан кем жұмыс істемейді. Өзіне көмекші де болады - деп сөзін аяқтап, біраз ақыл кеңестер айтты.
Бірде Бағысты хатшының шопыры Кәмелжан келіп «ертең сені өзімен бірге ала кетеді» деп ескертті. «Бағыты қалай екен» деп сұраған Бағысқа «шеткі Жайсан», «Шатырқұл» барлау экспедициясына, «Тарылған» жайлауын араламақ» деді Кәмекең. Ол жақта жеті шаруашылықтың ірі қарасы, қойы, жылқысы барынан бұрыннан хабардар Бағыс фотоапарат, қалам қағаздарын дайындап уәде бойынша редакциядан күтті. «Шеткі Жайсанды» беттеп Ленин колхозынан шыққан соң шопырына «мына бала журналист жұмасына 10-ақ минут жұмыс істейді. Қолы бос болған соң шаруашылықпен, адамдармен таныссын деп ала шықтым.
- Бұл баланы танимын. Газетке шыққан мақалалары артқы терезенің алдында жатыр. Сізді күтіп отырғанда оқып, әсіресе, ауданның құрылуынан көп мағұлмат алдым. Орақбай ақынның өлеңдерін оқып тұшындым. Ескі ақындардың өлеңдері өткір ғой.
(Жалғасын мына сілтемеден оқисыздар)
Садық Смағұлов
Пікір қалдыру