Адамзат баласы бүгінде баламалы энергия көздерін дамытуға бет бұрды: жел, күн энергиясын кәдеге жарата алсаңыз, оның пайдасы көп-ақ. Әлем елдері бұрыннан-ақ мұндай энергияның пайдасын көріп келеді. Жаңа ғасырдағы жаңа игіліктерді пайдалануда бізде де бетбұрыс бар. Жер-жерде күн, жел энергиясын өндіретін стансалар салынып жатқаны мәлім. Бүгінде Шымкенттің Орталық көшелерінің бойына күн сәулесінен қуат алатын қондырғылар орнатыла бастады. Әсіресе, жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңғыртуда мұндай жобаның пайдасы көп болып тұр.Ел Үкіметі «Жасыл экономикаға» көшудің тетіктерін қарастырып жатқаны да рас. Келесі жылы өтетін «Экспо 2017» халықаралық көрмесі де осы тақырыпты арқау етіп отыр.
Жуырда Созақ ауданында күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін станция салынатыны мәлім болды. Жобаны іске асыруға германиялық «Green Energy 3000 Holding» компаниясы ниет танытқан. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, станцияның құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айында басталады. Келер жылы толық қуатымен жүзеге асатын жобада 50 адам жұмыспен қамтылмақ. Жоспар – 50 МВт электр энергиясын өндіру, ал жобаның тұтынушысы «KEGOC» АҚ болмақ.
Жаңа инновацияның игілігі көп. Әсіресе, бұл технологияны жыл бойы күннің көзі ысып тұратын Оңтүстікте дамыту қолайлы. Бүгінде қаладағы жаяу жүргіншілер өткелі бойында күн батареялары орнатылғанын байқап жүрміз. Яғни, қауіпсіздікті сақтау мақсатында қойылған жол белгілерін осы күн батареялары қуаттандырады.
Пікір қалдыру