Рио төрінде топ жарған спортшылардың соңы елге оралды. Олимпті бағындырған боксшы Данияр Елеусінов, жүлдегерлер Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко және Гюзел Манюрованы Астана жұрты түн жарымға қарамастан ыстық ықыласпен қарсы алды. Қала әкімі де чемпиондардың қасынан табылып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етті. Елорда атынан шықққандар тіпті тап сол жерде тарту етілген қымбат көліктерін үйлеріне мініп кетті. Ал әуежай алдына арнайы сахна құрылып, жанкүйерлер алаңға сыймай қалды, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Бұл – елге жеңіспен оралған олимпиадашыларды сыртта тағатсыздана күткен астаналықтар. Түн жарымға қарамастан тәтті ұйқысын қиып келген жұрттың қарасы қалың. Ал әуежай ішінде спортшылардың тек ет жақындары мен қаптаған тілшілер ғана. Данияр Елеусіновтің суретін ұстаған балғын да әкесін көруге асығып тұр. Олимпті бағындырған батырлар да көп күттірмей жетіп, бірден сырттағы сахнаға бет алды.
-Спорт жұлдыздарын қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Ду қол шапалақпен қарсы алайық.
Елге оралған спортшылар арасында алтын алған боксшы Данияр Елеусінов, күміс жүлдегерлер – боксшылар Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, балуан Гюзель Манюрова, қола жүлдегерлер – боксшылар Иван Дычко, Дариға Шакимова, балуандар Эльмира Сыздықова және Екатерина Ларионова. Жеңімпаздарды жанкүйерлермен бірге қала әкімі Әсет Исекешов те қарсы алып, Елорда атынан шыққан Елеусінов, Манюрова және Левитке элиталық пәтер сыйлайтынын айтып, қымбат көліктің кілтін табыстады.
Ал елге мақтанышпен оралған спортшылардың, әрине, қуанышында шек жоқ. Қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтып, қатты толқып кетті.
Данияр Елеусінов, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жеңімпазы:
-Ассалаумағалейку,м жиналған қауым! Қолдауларыңызға рахмет көп-көп. Жанкүйер болғандарыңызға. Сезіндік мұхиттың арғы жағында болсақ та. Жеңіске жетуге мүмкіндік жасап отырған Елбасыға мың да бір алғыс.
Гюзель Манюрова, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері:
-Түнгі уақытқа қарамай бізді күтіп алғандарыңызға рахмет. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында осы медальдарға қол жеткіздік.
Осылайша, Астана әуежайында таң атқанша тыным болған жоқ. Иін тірескен жұрт Рио төрінде топ жарған чемпиондардан қолтаңба алып, суретке түсуге таласты.
Қаптаған жанкүйердің астында қала жаздағанн спортшылар кейін сыйға алған қымбат көліктерін көрсетті. Сүліктей қара джип Даниярға, қалған сұр түсті екеуі Василий мен Гюзельге тиесілі. Бірақ олар үшін қазір жақындарымен қауышып, үйде тынығу маңызды. Сондықтан әрқайсысы сыйға алған көліктеріне отырып, үйлеріне тарап кетті.
Пікір қалдыру