Алматы іргесіндегі Көксай ауылының тұрғындары бағдаршамға зар болып отырмыз дейді. Қарасай ауданына қарасты ауыл тұрғындары көлік кептелісі салдарынан көптеген қиындықтар туып отырғанын айтады. Qamshy.kz редакциясына жолданған көксайлықтардың хатын толық күйінде жариялап отырмыз.
Алматы облысы Қарасай ауданына тиесілі Іргелі, Көксай т.б. ауылдар мен елді мекендердің көпшілігі Алматы қаласының іргесінде орналасқандықтан, тіпті қаланың жалғасы іспетті. Бұрын Қарасай ауданына қараған Алғабас секілді оларды да қаланың құрамына қосу талабы уақыт озған сайын туындап жатқан сыңайлы. Қала мен облыстың шекарасында тұрған бұл жердегі халық қай жаққа барып мәселесін шешу керектігін де кейде түсінбей қалады. Бұл жалпылама мәселе болғанмен, бүгінгі біз көтеріп отырған жайтпен мазмұндас болған соң, айтып отырмыз.

Жоғарыда айтып өткен елдімекендерде тұрып жатқан халықтың негізгі мәселесінің бірі – жол кептелісі.
Қарасай ауданы Көксай ауылындағы Қожабеков пен Арай көшелерінің қиылысындағы, халық тілінде «түріктер айналмасы» деп аталып кеткен айналма жол көліктің жүру саны жағынан қаланың кейбір көшелерінен асып түседі.

Себебіне үңілсек, Қазақстан бойынша ең үлкен мегаполис – Алматы қаласының өзінде тіркелген көліктердің саны қазір 600 мыңға жуықтаса, күніне 300 мыңнан аса көлік өзге өңірлерден келіп кіреді екен. Олардың 40-50% - Алматы-Бішкек бағытынан, яғни Алтын Орда базары жақтан келеді. Райымбек даңғылындағы жол кептелісінен «қашпақшы» болғандар да «түріктер айналмасы» арқылы қалаға кіруге және кешке қарай шығуға тырысады.
Бұл өз кезегінде таңертең 7:30-9:30 арасында кешке сағат 17:30-21:00 ға дейін сағаттап жалғасып жататын жол кептелісін тудырады. Машиналар бірінің артынан бірі сигнал беріп, айқайды салып, тіпті бір-бірімен ерегесіп жататындарда үйреншікті жағдайға айналған. Бұл айналма жолдың бойындағы күнделікті көрініс осы. Ешкімнің де біреумен кеңірдек жыртысып ұрсысқысы жоқ әрине. Тек, жүйкені тоздырған жол кептелісі таңертең жұмысқа, кешке жұмыстан шаршап үйге қайтуға асыққан жандардың сабырын тауысып жібереді.
Көлік кептелісі қазіргі заманда әрине барлық көшеде кездеседі. Дегенмен дәл осы «түріктер айналмасындағыдай» күніге сағаттап созылмайды. Жолын тапса, әкімшілік тиісті орындар нақты іс әрекетке көшітін болса шешілмейтін қиын шаруа емес.
Көксай ауылында орналасқан айналма жолдың бойында орын алып отырған, халықтың жүйкесін әбден жұқартып біткен бұл жайттың шешімі – бағдаршам қою. Сондай-ақ бағдаршамға зар болған айналма жол бойында жол-көлік оқиғалары да жиі орын алады. Оның салдарынан туындаған кептелістер тіпті сағаттап созылады.
Жергілікті халық қарапайым ғана мәселе ұзаққа созылмай, Қарасай ауданы әкімшілігі, аудандық Жол полиция басқармасы тарапынан көңіл бөлініп, бағдаршам қойылатынына үміттенеді.