Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылдық мектебінің директоры мен мұғалімі Айман Сағидулланың арасындағы дау-дамайға қатысты сот отырысы өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz тілшісі сот залынан.
Сотқа мектеп мұғалімі Айман Сағидулла талап арыз түсірген. Арыз иесі өзін «өткен жылы мектеп мұғалімдеріне қара жұмыс істетуге қарсы шығып, мұғалім мемлекеттің құлы емес деп мәселе көтергені» үшін негізсіз қудаландым деп санайды.
Оның айтуынша, 2016 жылдың 19 мамырында Жаңатұрмыс мектебіне Қарасай ауданының ақсақалдары жиналыс өткізген. Ақсақалдар «Айман өзіне қатысы жоқ мәселелерге араласып, қоғамға іріткі тудырып жүр» деген айып тағып отыр. Осыдан кейін 2 маусым күні мектеп басшылығы ақсақалдар алқасы жиналысында педогогикалық әдеп нормаларын сақтамағаны үшін берілген ескертуді, түстен кейін сөгісті қолына тапсырады. 7 маусым күні А. Сағидуллаға мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова тарапынан 10 акт беріледі.
Сотқа берген арыз талабында Айман Сағидулла 10 актінің жетеуін негізсіз деп тануын сұрады, судья мұны алдыңғы сот отырысында дәйек ретінде тіркегендіктен қанағаттандырмады.
Ал, жауапкер тарап мектеп директоры Б. Нүсіпбекова педагогтың әдеп нормаларын сақтамағанын растайтын куәгерлер шақырған. Директордың айтуынша, мұғалімге әдеп сақтамағаны үшін ғана емес, мемлекеттің саясаты мен басшысына тіл тигізгені үшін сөгіс жарияланған.
Мектеп директорының хатшысы А.Мұрат мұғалімнің ақсақалдар жиынында әдеп сақтамағанына куәгер болса, мектептің мейірбикесі А.Муликова А. Сағидулланың мемлекет басшысына тіл тигізгеніне куәлік етті.
Қос тарапты тыңдаған судья Айгүл Жаңбырбаева аудандық әкімдіктен еңбек кодексін түсіндіріп беретін құзырлы орган мен аудандық білім бөлімінің өкілдерін шақыру туралы шешім қабылдады. Соттың келесі отырысы 29 тамызға қалдырылды.

Айта кетейік, аталмыш сотқа әділдік іздеген мұғалімді қолдауға бірқатар қоғам қайраткердлері мен белсенділер қатысты. Сондай-ақ, А. Сағидуллуаның адвокаты мұғалімге қолдау білдірген ақын Мұхтар Шаханов пен қоғам қайраткері Жанұзақ Әкімнің хаттарын оқып берді.