Хан Кененің қазасы туралы кітап жақында жарық көреді

/uploads/thumbnail/20170708152016870_small.jpg

"Хан Кененің қазасы - Алашымның азасы" деп аталатын кітап Мұхан Исахан, Рашид Оразов секілді зерттеушілердің авторлығымен жарық көрмек. Жинаққа Кенесары ханның қазасы туралы ғылыми экспедиция, мақалалар, толғаулар енгізілген. Және бір айдың көлемінде жарыққа шығуы мүмкін.  Автор Мұхан Исахан оқырмандарына кітап туралы ойын былай жеткізді:

"ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында күнбатыстағы көршіміз отты қаруымен сайын даламызға басып кіріп, қазақтың боз бетеге, сұр соқпағын мелдегінен қанға батырды. Қадым заманнан өзгенің озбырлығына көніп көрмеген асау халықтың тақымына қыл-бұрау салып қинап, басына темір бұғау кигізіп, біржолата бағындырғысы келді. Осы сын сәтте қасиетті атамекенді жаттың табанына бастырмаймын деп, Алашқа сауын айтып, қалың қол жиып, жауына қарсы тұрған, басын бәйгеге тігіп, бар ғұмырын ат үстінде өткізген нар тұлға – Қасымұлы Кенесары хан болатын. Алаш баласы Абылайдың ақ туының астында қайта басы бірігіп, Кенесары ханның соңынан еріп, жауына бүйідей тиді. Қоңыраулы найза қолға алып, қорамсаққа қол салып, дұшпанына қарсы он жыл бойы атой салды. Хан Кененің төсегінен түңіліп, халқының тәуелсіздігі жолындағы жүргізген қасиетті күресі түгел қазақтың рухын көтеріп, көңілін тұтастандырды. Алайда, қан майдан, күркіреуік соғыстың нағыз қызған шағында тілеуі бөлек...тіреу болуға жарамаған ағайынның әлсіздігінен ханымыз қапияда қаза тапты. Хан Кенеге қосшы болған батыр бабаларымыз да ақтық демі шыққанша жауының алдында тізе бүккен жоқ. Алланың алдында ақ өліммен шахид болды. Иә, Хан Кененің һәм оған ерген ержүрек батырлардың қайсар рухы, күрескерлік ғұмыры – азат елге айбар беретін рухани күш, намыстың желбіреген байрағы, жігеріміздің мұқалмас татаусыз қайрағы десек қателеспейміз. Өйткені, олар қара орман халқының қамы үшін жанын садақа қылған, сөйтіп ерліктің қас үлгісіне айналған ақберен алмас, нағыз алып-ерендер еді. Әйткенмен, елі үшін қылша мойны талша кесілген Хан Кененің тағдырда кеткен талайының орнын толтыруда Қазақ жұртшылығы әлі дәрменсіздік танытып келеді. Хан Кененің басы мен сүйегін елге әкеліп арулап жерлемесек, елдік атымызға сын екендігі қаншама рет ашына айтылса да, бұл мәселенің басы әлі күнге дейін ашық қалып отыр. Осы олқы тұсымыздың орнын толтыру мақсатында осыдан бес жыл бұрын Кенесары хан һәм Наурызбай батырдың сүйегін іздеп Қырғыз еліне ғылыми экспедиция жасаған болатынбыз. Сапар барысында Хан Кененің кегін қуған ғалымдарымыздың осы күнге дейінгі бірсыпыра ғылыми ізденістерін саралаудан өткізіп, тыңнан ой-қорытып, жаңа байлам жасауға тырысып көрдік. Сондай-ақ, көп жылғы зерттеудің желісінде жазылған бірнеше ғылыми мақалаларымызды да ізденісіміздің тиянақтылығын арттыра түсер деген оймен кітапқа кіргізіп отырмыз. Ендеше, зерттеу барысындағы көңілге түйген ой-тұжырымызды оқырманмен бөліспекпіз. Қабыл алыңыз құрметті оқырман!

Мұхан Исаханның фб-парақшасынан

Қатысты Мақалалар