Қазақ танымында жезде деген сыйлы ағамен қатар аталатын құрметті атау. Балдыздар жездеге еркелеп, өзара әзілдесіп жатады. Дегенмен осы жезде деген әдемі этнографиялық ұғымның реалды өмірде нәзік жандыларға қатысты зорлық-зомбылықпен байланысты болатын жағдайлардың кездесетіні өкінішті. Иә, туған-туысқа сыйлы, дос-жаран ортасында абыройлы, жақсы жар, балдыздарының да білім алып, қызметке орналасуына көмектесетін тамаша жан ұғымындағы жезделерге құрметіміз де ерекше ғой. Бірақ кейбір еркектер өздерінің "жезде" деген құрметті атқа лайық екенін ұмытып, намыс пен абыройды аттап өтіп, бүлдіршіндей балдыздардың абыройына нұқсан келтіретіні несі?
Ақпарат кеңістігінде өзінің жездесі обалына қалғаны туралы жазған қыздардың хаттары жиі жариялануда. Бұрын нәзік жандылар өздерінің зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрін бастан өткергені туралы көпке ашық айтпайтын. Жақын құрбысы, әпкесі немесе жеңгесіне сыр ақтарғаны болмаса. Бүгінде қыз-келіншектердің ерлер тарапынан көретін «абыройы тапталу фактілері» қоғамдық құбылысқа айналғаны сонша, жалпақ жұртқа бүкпесіз жариялайтын болды. Ақпараттың бұндай ашықтығы бәлкім зорлық-зомбылықтың алдын-алу немесе оған қайткенде тосқауыл қою үшін жүргізіліп жатқан болар.
Қыз-келіншектерді ар-абырой тұрғысынан қорлаған ерлердің арасында өкінішке орай жезделер де кездесіп қалады. Енді жездесінен зәбір көрген қыз-келіншектердің бастан өткерген оқиғаларын қаз-қалпында (есімдерін ғана өзгертіп) баяндайық.
Жездем тойы бітпей жатып маған қырындады
(Айткүл апайдың әңгімесі)
Мен отбасында жалғыз қыз боп ер жеттім. Төрт балалы жақын туысымыз бар еді. Үш ұлдың ішінде әсіресе Байжан ағамыз бәрімізге қамқоршы боп жүретін. Ол үйдің кенжесі Сағира хас сұлдың нақ өзі. Мен мектептің жоғары сыныбына көшкенде ол ЖОО бітіріп жұмысқа тұрған. Қараторының әдемісі, шашы өріп қойғанның өзінде жерге дейін жететін. Оның шашына қатты қызығатынмын. Қап-қара, қалың, жібектей. Сол Сағира әпкемнің соңынан Бекен деген біреу қалмай жүрді. Бекен ЖОО-ның бірінде істейді. Сағира университетке жаңадан жұмысқа тұрған. Өзі тәккаппар, қандай сырбаз жігіттер сөз салса да қарамай жүрген Сағираның әрбір қадамын аңдып, ізінен қалмаған Бекен көп ұзамай әпкемізді жүкті етті. Сағира Алматыда Байжанмен бірге басқа да бауырлары, жеңгелері бар, бір үйде тұратын. Іштен тынып жүрген Сағираның қарны үлкейе бастағанда болған жайт әшкере болып, қаһарына мінген Байжан Бекенді тауып алып, жазасын беріпті. "Қарындасымды алмасаң өлтіремін" депті. Бекеннің өзі жасы отызға тақап қалған. Әйелі он сегізде екен. Бір жасар баласы бар.
Ол кезде тұрмысқа шықпай балалы болу деген өліммен тең еді ғой. Байжаннан қорыққан Бекен Сағираны алды. Байжан ағамыз үйінде той жасап, бәрімізді шақырды. Мен университеттің бірінші курсында оқитынмын. Мақтанғаным емес, әңгіме болған соң айтайын, жас кезімде жүзім аппақ, көзім мөлдіреген көркем қыз болатынмын. Содан той аяқталар шақта Байжан ағамыз мені шығарып салуды Бекенге тапсырды. Қасына бір досын ерткен Бекен (енді жезде ғой) аялдамаға жеткенше қырындап мазамды алып бітті. "Қарындас қайда оқисыз? Телефон нөміріңізді беріңізші" дейді. Ашулансам да жаңадан жезде болып отырған кісіге дөрекілік көрсетпейін деп, өзімді өзім ұстадым. Аялдамаға келіп, автобусқа мінгенімде Бекен де соңымнан кіріп, түспей қойды. Атымды, телефон нөмірімді, жатақханадағы бөлмемді сұрап қоймайды.
Неткен жексұрын деп қоямын ішімнен. "Өзі он сегіз жасар әйелін жас нәрестесімен бірге тастап, менің ару әпкемді бұзып, енді маған қолқа салмақ. Ой, оңбаған!" деймін өзімше. Бірақ мәдениеттілік сақтап, үндемедім. Әйтпесе ашулансам, әлгіні періп жіберер едім. Бірде университетке таңертең ерте барғанымда бір еркек мұғалімнің тиіскені бар. Жұдырықпен ұрып жібердім. Байқұс, шалқалақтап барып, баспалдақтың жақтауынан ұстап қалды. Егер жақтаудан ұстамағанда тас еденге құлап басы жарылар еді. Отбасылы еркектің жас қызға қырындағанын көрсем зығырданым қайнайды. Бекенді ұрсам, жазым болар, деп, жездесымаққа тіл қатпадым. Оның әлгі әрекеті ішімде тас түйін болып қатып қалды. Содан кейін де Бекен түрлі той-жиындарда кездескен сайын қылжақтап жүрді. Әпкеме оның әрекеті туралы айтпадым. Онсыз да жаны жаралы, жүрегін сыздатып қайтемін.
Арада көп жылдар өтті. Байжан ағамыз бен Бекен бір университетте қызмет істейді. Байжан ағам ғылыми атақтарға ие болып, қызметі өсті. Бекен жоғары қызметке жеткісі келе ме, әйтеуір сол ағамызды жағалап жүретін. Мен оқуымды аяқтап, аспирантураға түсіп, диссертация қорғадым. Ғылыми кітап жазып, баспаға ұсындым. Менің кітабымды неге екені Байжан аға істейтін университеттің баспаханасы шығаратын болды. Содан Байжан аға бір күні дос-жаран, туыстарға мені мақтап айтқан ғой: "Қарындасымыз ғалым болды, кітабы шығайын деп жатыр" деп. Сөйтсе Бекен "Сол кітабына мені қосымша автор етіп сыртына аты-жөнімді жаздыртсыншы, маған ғылыми атақ алу үшін керек боп тұр" депті.
Ойында ештеңе жоқ Байжан аға маған келіп, әлгінің тілегін айтты. Сонда мен көп жыл ішіме сақтап келген ызамды ақтарып салдым: "Аға, сол Бекенді мен алғаш көргеннен жек көремін. Иә, жек көремін. Шиеттей баласын әйелімен тастап, Сағира әпкемді алғанымен қоймай, тойы аяқталмастан жатып маған тиісті" деп, жиырма жыл бұрынғы оқиғаны бастан аяқ айтып бердім. Үнсіз қалған Байжан ағам "Мейлі жарайды" деді де шығып кетті. Содан бір-екі күннен кейін бір жеңгем айтты, Байжан аға Бекеннің үйіне барып, жер-жебіріне жетіп, ұрсыпты. «Оңбаған, опасыз екенсің өзің» деп. «Өңшең сұлу қарындастарды шетінен пайдаланайын дедің ғой" деп тұрып жағасынан алыпты. Содан кейін Бекен мені көрсе анадайдан теріс айналатын болды.
Сол жездеміз жетіспеді. Қартаймай жатып, көзі алайып, қант диабеті дейсің бе, неше түрлі ауруға шалдықты. Сол жездеміз ұзақ жылдар ЖОО-да мұғалім болып жүріп қаншама студент қызды зәбірледі екен? деген ой келеді кейде. Бүйткен жездесі құрысын.
Балдызының өліміне себепкер болған
Алматы облысындағы бір аудан орталығында Жолдасбек деген кісі отбасымен тұрды. Бұл оқиғаны маған сол Жолдасбектің бәйбішесі әңгімелеп берген. Кеңес Үкіметі кезінде ауданда жоғары қызмет атқаратын Жолдасбектің үйіне Павлодардан Тастан деген партия қызметкері көшіп келеді. Тастан жасы елулердегі, оқыған азамат болса да қыз-келіншек көрсе қырғидай тиетін әдеті бар екен. Отбасын көшіріп әкелмес бұрын өзі екі-үш ай Жолдасбектің үйінде тұрады. Бірде ол Жолдасбектің үйіне он күнге қыдырып келген туысының қызын оңаша бөлмеде шешіндірмек болыпты. Қыз айқайлап жатып, бар күшімен өзін-өзі қорғайды. Әйтеуір үйге Жолдасбектің әйелі кіріп қалып, Тастанның арам ойы жүзеге аспай қалыпты. Ол ол ма, Тастан отбасы толық көшіп келіп, көрші үйге орналасқан соң да зорлық әрекеттерін қоймапты. Павлодардан Тастанның балдызы Алматыға оқуға түсуге келген ғой. Бір күні сұмдық оқиға болады. Әйелі балаларымен емханаға кеткен кезде Тастан балдызын аяусыз зорлайды. "Біреуге айтсаң азаптап өлтіремін" деп қорқытқан соң балдызы бұл туралы ешкімге тіс жармапты. Сөйтіп үйде ешкім жоқ кезде балдызын зорлауды әдетке айналдырады. Күндердің күнінде балдыздың іші біліне бастайды. Кімге мұң шағарын білмеген 17 жасар мұңлық жуынатын бөлмеде өзіне өзі қол жұмсайды.
Сол Тастан өмірінің соңында қор болды. Ұзақ өмір сүрген жоқ, алпысқа жетпестен аласұрып ауырып, жаман аурудан мерт болды.
Негізі зорлық-зомбылық қасиет әкеден балаға беріледі деген рас сөз. Бірде Жолдасбектің тұрмысқа шықпаған бір қызы Алматыда жұмыс істейтін. Бірде ол жұмыстан шығып автобусқа мінеді. Автобус ішінде артынан біреу итере береді. Қыз кісі көп болып, сыймай бара ма деп, ілгері жылжиды. Артына итеру сонда да тоқтамайды. Итергені былай тұрсын, арт жағынан етек көйлегін көтеріп, жанаса берген сәтте жалт бұрылып қараса Тастанның баласы ауын уқалап тұр дейді. Отыздар шамасындағы жігіттен зәресі кете қорыққан қыз дереу автобустан түсіп кетіпті. Болған жайды анасына айтқанда "Әкесі қандай болса баласы да сондай" деген екен.
Балдыз кінәлі ме әлде жезде ме?
Кейде жезделер бүлдіршіндей балдыздарына қырындаған сыңайда әзілдеп жататыны бар. Тұрмыс құрмаған қыз бен жездесінің арасындағы ойынның отқа айналып кетуі мүмкін екенін көп жағдайда ескермейміз. Жуырда ақпарат порталына оқырман әйелдің халықтан ақыл-кеңес сұраған хаты жарияланды. Хат иесі сіңлісі мен күйеуінің қарым-қатынасы туралы жазыпты. Туысының өзіне сатқындық жасап, ал күйеуінің опасыздыққа барғанына налыған әйел сырын ақтарыпты.
Ол күйеуімен университетте танысыпты. Күйеуі өте пысық, қамқоршы жан, тамаша азамат. Өзі бір жерде мекеме басшысының орынбасары. Үш бөлмелі пәтері, қызметтік көлігі бар. Әйелін сыйлап, кішкентай қызын да қатты жақсы көретін ол отбасына керек жағдайдың бәрін жасап отырған көрінеді. Екінші бала — ұлды дүниеге әкелерде бөтен күтуші жалдағысы келмеген әйел ауылдан мектеп бітірген сіңлісін шақыртады. Әйелдің денсаулығы бұрыннан нашар екен. Ұлын үлкен қиындықпен босанған соң көру қабілеті төмендеп кетеді. Дәрігер шет елге барып ота жасатуға кеңес береді. Ұлы бір жасқа толған соң күйеуі оны шет елге емделуге жібереді. Бірнеше ай ем қабылдаған әйелдің денсаулығы аздап болса да жақсара бастайды. Содан бір күні ол жұмыстан келген күйеуі мен балдызының құшақтасып, сүйісіп отырғанын көреді. Қатты налыған келіншек сіңлісі мен күйеуінің қарым-қатынасына қатысты қандай шешім қабылдау керегін оқырмандардан сұрайды.
Ол сіңлісін ауылға қайтармақ болыпты. Бірақ күйеуі балаға қарайтын адам керек деп, келіспейді. «Бұлардың қатынасы тым тереңдеп кетпеді ме деп қауіптендім. Не істеуім керек?" деп аяқталыпты хат.
Иә, өзі алыстағы елде емделіп жатқанда үйдегі бойдақ сіңлісінің күйеуімен жақын болып кетуі, онсыз да науқас адамға соққы боп тигені сөзсіз. Бұл бір айтылған жайт. Ал белгісіз боп, айтылмай қалғандары қаншама? Кім кінәлі? Кім жазықты? Балдыз ба әлде жезде ме?
Жезде дегеніміз ең алдымен еркек...
Жезде. Біз бұл сөздің мағынасын әйелінің жас сіңлісін көргенде тарпа бас салатын лас еркектерге апарып тірегіміз келмейді. Тек болған оқиғаны өз қалпында баяндап, ұйыған отбасының ойрандалмауына, туыстар арасында реніш, наланың болмауына тілектестік білдіру ғана.
Сіңлі болған соң жезделер де болады. Енді қауіпті жезделерден қалай сақтануға болады? Соған тоқталайық.
1. Егер сіз үлкен қызыңызды ұзатқан үлкен жастағы келіншек болсаңыз кіші қызыңыз бен жездесінің қарым-қатынасына сақ болыңыз. Қызды қандай жағдай болса да жездесінің үйіне түнеуге жалғыз жібермегініңіз дұрыс. Қазақтар көбінесе қалаға оқуға кеткен қыздарын «жатақхана қауіпті ғой, жылы үй, жайлы орын, үлкен қыздың қасында болсын, баласына қарасып, көмектеседі, екеуіне де жақсы» деп жіберетін жағдайлар жиі кездеседі. Бірақ ол үйде де бөтен еркек (жезде қанша жақын, жақсы адам болғанмен ол ең алдымен еркек қой) барын ұмытпаңыз.
2. Егер сіз жас қыз болсаңыз жездеңізге аса жақын боп, онымен жеке қыдыруға бармағыныңыз дұрыс. Араларыңызда сүйіспеншілік оянуы әбден мүмкін. Оған жездеңіз емес, алдымен өзіңіз себепкер болуыңыз ғажап емес. Кейде сезімді адам басқара алмай кететінін ұмытпаңыз. Сондықтан әпкеңіздің бар екенін ойлап, жездеңіз қандай тартымды жан болса да әйел заты ретінде көзіне түспеу керегін ескеріңіз.
3. Егер сіздің әпкеңіздің күйеуі сізге қандай бір қылжақ сөз айтып, қырындаса, мейлі ол дөрекі түрде немесе сыпайы түрде болсын, міндетті түрде отбасы мүшелеріне жария етіңіз. Жездеңіздің қырындағанын жасырсаңыз өкінішке әкеп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан отбасы мүшелері жиналған ортада жездеңіздің бейәдеп әрекет еткенін немесе сөйлегенін жайып салыңыз. Осы арқылы сіз болатын қауіптің алдын аласыз.
Бұл әрине, жезде атаулыдан безініп, оның отбасымен қатынаспай, ат ізін кесісу деген сөз емес. Туыстарды құрметтей отырып, кейбір қауіпті адамдардан, мәселен балдызына қырындаудан арланбайтын жезделерден де сақтану керек екен.
Айғаным Біртуар