Кейінгі кезде елімізде ажырасу көрсеткіші өсіп кетті. Екіге айырылған ерлі-зайыптылардың нақты саны беймәлім болса да, ажырасқандар саны жыл санап емес, тіпті күн сайын өсіп жатқандай. Мамандар бұл үрдіс жылына 10 пайызға өсіп отырады дейді. Бұған қарап отбасы деген құндылықтың мәні кеміп бара ма дейсің. Төңірекке қарасақ, кілең ажырасқандарды көретін болдық. Әдетте ажырасуға кім кінәлі дегенде шаблонға айналған екі жауап бар, бірі — ене мен келіннің келісе алмауы, екіншісі — материалдық тұрмыстың қиындығы (еркектің жалақысының төмендігі, баспананың болмауы, т.б.) Заң жүзінде айырылыспаса да екі бөлек тұрып жатқан ерлі-зайыптылардың саны нөпір. Отбасы шаңырағының шайқалуына жоғарыда келтірілген екі себеп басты негіз бе? Осыған мән беріп көрейікші.
Кеткен келін байлықты қимай келе береді
Өзіміз куә болған жағдайлардан мысал келтірейік. Әкесі министрдің орынбасары боп тұрған өте ауқатты бір жігіт он тоғыз жасында үйленді. Тойына бардық. Алматыдағы ең қымбат мейрамхананың бірінде 500 адам жиналған, ең атақты эстрада әншілері қатысқан керемет той өтті. Қалыңдықтың көйлегі неше мың доллар екенін айтып жату артық. Аяғына дейін ақ етік кигізіп, үлде мен бүлдеге ораған сол қалыңдық бір ұл туған соң күйеуінен кетіп тынды. Себебі, тамақ пісіруге ерінеді екен. Бірақ ажырасса да әлгі үйдің тұрмысы қызықтырғаны соншалық, отбасы Қытайға барса, Қытайға, Америкаға барса Америкаға дегендей, қоса еріп жүреді. Күйеуіне тамақ жасауға ерінген келін шет елің курортында демалу үшін ата-енесінің ізінен қалмайды. Ажыраса тұрып, жігіттің үйіне анда-санда барып қонып кетеді екен. Күйеуі бірнеше қымбат көлікті де әперіпті, жеке дүкен де ашып берді. Сонда да бөлек кеткісі келмейді. Жігіттің ата-анасы ауқатты болғанымен қоса өте мейірімді, кеңпейіл кісілер. Міне содан бері он жыл өтті. Жігіт отыздан асты, басқа біреуге үйленейін десе бұрынғы әйелі қолбайлау.
Басына қонған бақты көтере алмайтын келіндер бар...
Бар кінәні тек қана жігіттің анасына жабуға да болмайды. Бүгінде кейбір енелер тіпті ұлының келінімен не үшін ажырасып жатқанын түсінбей де қалады. Үйленгеніне бір айт өтпестен екіге бөлінетін жастардың саны көбейіп кеткен. Қай ортаға барсақ та күйеусіз әйел, әкесіз баланы көретін болдық. Он шақты үйі бар, ірі кәсіпкерге келін болған бір танысым бір жыл өтпей әлгі үйден кетіп қалды. Себебін сұрасам: «Үйде ыдыс жуғыш мәшинеге дейін керек-жарақтың бәрі бар. Менің міндетім тек тамақ пісіру болды. Ата-енем қабақ шытпаса да кетіп қалдым. Өйткені, олар күн сайын мәнті, лағман сияқты құнарлы тамақтарды пісіруімді қалап тұрады. Оларға тамақ пісіріп отырамын ба? Өзім жұмыс істеп, дербес болғым келеді» деді.
Бұл келін қазір қандай жұмыс істейді дейсіз ғой? Күйеуіне шай құюдан қашқан ол жеке меншік фирмада әрі хатшы, әрі еден жуушы, оған қоса шет елдік бастықтың шай-суын дайындап, соның ыдысын жуумен айналысады. Жалақысы 40 мың теңге. Қала шетінде пәтер жалдап тұрады. Жұмысы мен үйінің арасы автобуспен 2 сағаттық жол. Құрбылары «Отбасыңмен ажыраспағаныңда қымбат мәшине мініп, шалқып жүрер едің ғой, автобуспен сенделмей» деп те айтқан.
Ата-ананың еңбегін елемей...
Қазіргі жастардың арасында ата-анасына жаны ашымайтындары соншалық, олар баласы үшін қаржыны тірнектеп жинап, жетпегенін банктен қарызданып, тойын өткізіп берген соң екі ай өтпей айырылысқандары да бар. Бір танысымның қызы мектеп бітіргеніне екі жыл өткенде өз қалауымен бір сұңғақ бойлы, көркем жігітке тұрмысқа шықты. Қыздың анасы (әкесімен ажырасқан) бар ақшасын жинап, банктен қарыз алып, намысқа тырысып, дүрілдетіп ұзату тойын жасады. Тойға барған біз екі жастың махаббаты шынымен де берік екендігіне куә болғандай едік. Бірақ қателесіппіз. Қарапайым қызметкер боп жұмыс істейтін жігіттің ата-анасы өмір бойы жинағанын тойына жұмсаған соң үш ай өтпей жатып, келін төркініне қайтып келді. «Ата-анамыз біз үшін тырысып бақты ғой» деген ой жігіттің де, қыздың да санасына келген жоқ.
Күйеуден гөрі өз күшіне сенеді
Бұрынғы әйелдер мен қазіргі әйелдерді теңестіріп салыстыру мақсат емес, ол заман мен бұл заманның арасы алшақ жатыр. Бірақ қазіргі қыздар неге өзі ұнатып шыққан жігітінен күндердің бір күнінде безініп шыға келеді? Тіпті, «Алименті құрсын, өзім асыраймын», «Күйеудің не керегі бар? Барынан жоғы жақсы, босқа масыл, не асырай алмайды, не сүйеу болуға жарамайды» деген сияқты еркектерді кінәлайтын сөздерді қыздардың аузынан жиі естиміз. Бұл қазіргі қазақ жігіттерінің дені босбелбеу, ұсақ, әлсіз боп кеткенін білдіре ме?
Кішкене кезімізде жазғы демалыста ауылда болатынбыз. Сонда 25-30 жасар көкелеріміз бізге сұсты көрінетін. Құрбы қыздар «әкем айтқан, әкемнің сөзі, әкем ұрсады» деп, шешелерінен гөрі әкелерін үлгі тұтатын. Сол үлгілі әкелер бүгінде немере сүйетін жасқа жетіп, елге сыйлы азамат боп отыр. Қазіргі 20-30 арасындағы жігіттерде бұрынғы қазақ азаматына тән қайсарлық, асқақ рух, өр мінез, айбар жоқ па сонда?! Қазіргі қыздардың дені ер азаматқа арқа сүйеуден гөрі өз білімі мен күшіне сенетіндей көрінеді.
Қазақ жігітінен шет ел азаматының несі артық?
Кейінгі жылдары белең алған тағы бір үрдіс қазақ қыздарының тұрмыс құруға келгенде қазақты емес шет ел азаматын таңдауға құштарлығы. 2014 жылдың 14 ақпанында Қазақстан бойынша шет ел жігітімен 429 қазақ қызы некеге тіркеліпті. АҚШ, Ресей, Қытай, Түркияны былай қойғанда сонау Зимбабведен келген жігітпен де отасқандар бар екен. Бір күнде тіркелген халықаралық неке саны осындай болса бір жылда қанша қазақ аруы жат елге әйел боп кетіп жатыр? Тіпті дәл сол 14 ақпанда Астана қаласында 65 жасар шет ел азаматымен бес жылдан бері тұрып жатқан қазақ қызының некесі рәсімделіпті. Теңіздің ар жағынан келген қарт кәсіпкерге тұрмысқа шыққан қыздың жасы — 21-де. Не деген ерлік десеңізші! Сонда ол қыз қазақ жігіттерін менсінбегені ғой. Бұл қыздың бір қазақ, екі шет елдік фамилиясы бар екен. Қарт кәсіпкерден бұрын Перу азаматымен отасқан көрінеді.
Жиенін «немерем» деп жүріп...
Екі жастың ажырасуына түрткі болатын тағы бір мәселе — жаңа туған нәрестені қыздың жағы «немереміз» деп, бауырына басып, жақын тартуы. Қазіргі қазақ жиен сөзін ұмыта бастағандай. Қыздың баласын «немерем» деп еркелетуге құмар. Қыз туған баласын құшақтап төркініне бара берген соң күндердің бір күнінде күйеуінің еліне бармай, өз үйінде қалып қоятын жағдайлар аз емес. Анасының туыстары тарапынан қамқорлықты көп көрген бала да әкесінің бірге туғандарынан гөрі нағашыларына жақын боп өсері анық.
Ажыраспаудың амалы бар ма?
Сүйіп қосылғандар ажыраспауы үшін не қажет? Әрине, үлкендер айтатын шыдамдылық, төзімділік, кешірімділік, т.б. қасиеттер өте маңызды. Ең бастысы ажыраспаудың немесе екі жасты ажырастырмаудың кілтін табу керек сияқты. Үлгі ретінде емес, мысал үшін бір оқиғаны келтірейік. Бір таныс көкеміз қырыққа келгенде әйелі алты жасар қызын алып төркініне кетіп қалды. Себебі, екеуі бір тойдан қайтып келе жатып, болмашы нәрсеге ұрсысып қалыпты. Әйел ауылдағы әкесіне емес, қала маңында тұратын әпкесінің үйіне барып тоғыз ай тұрады. Күйеуі оны іздеп бармайды да. Екеуі айырылысқанына тоғыз ай өткенде жігіттің шешесі «келінді алып кел» деп баласына айта беріпті. Неге десеңіз, келіннің әпкесі облыстық сот боп тағайындалыпты. Балама алимент төлетеді, соттатып жіберуі мүмкін деп қорыққан ғой. Сөйтіп жігіт шешесі екеуі келіннің артынан барып, оған Түркияға апаратын саяхат купонын сыйлап, кешірім сұрап, үйіне алып келеді. Бұл апамыз отбасы бүтіндігін ойласа керек.
Айғаным Біртуар