Бүгін 3 қыркүйектің тағы Өзбекстан таңы Ислам Кәрімовсыз атты. Елдің тұңғыш президенті Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлік-санитарлық бірлестігінің Орталық клиникалық ауруханасына 27 тамыз күні таңертеңгі уақытта жеткізілген болатын. Көп ұзамай тәуелсіз БАҚ Ислам Кәрімовтың қайтыс болғандығын жарыса жазды. Артынша президенттің кіші қызы Лола Кәрімова елді сабыр мен отбасының жекелігін сақтауға шақырып, әкесінің ауыр халде екенін хабарлады.
Осылайша Өзбекстан Республикасының 1 қыркүйек Тәуелсіздік күні қарсаңында елде сабыр-сабыр болды дегенімен, бұл елдің үкіметі атаулы күнді тыныш өткізуге барын салды. Тәуелсіздік күні өткен соң, екінші қыркүйек күні Өзбекстан Үкіметі елдің тұңғыш президенті өмірден озғанын қайғыра жеткізді. Осы кезде қызы Лола Кәрімова да инстагарм парақшасында «Ол бізді тастап кетті...» деп жазды.
Бұл бозала таң өзбек елі үшін ауыр болағын анық. Олай дейтініміз, Тәуелсіз Өзбекстанды ширек ғасырдан астам билеген Ислам Кәрімовсыз елдің ендігі тіршілігі мен саяси хал-ахуалы қандай болары әзірге беймәлім.
Саясаттанушылар өз билігіне келуі мүмкін деген үш тарапты айтып, Өзбекстан билігі президенттің туыстарына берілмейтінін болжап та үлгерді.
Осы орай да біз де Өзбекстаннан жырақ жүрген осы ұлттың өкідерінен елдің ендігі жағдайы туралы ойларын сұрап білуге тырыстық.
Анвар, құрылысшы:
-Мен Қазақстанда жүргеніме 3-4 жыл болды. Жылда жаз-күз мезгілдерінде осында жұмыс істеп ақша табамын. Қыз-көктемде отбасымның қасында боламын. Өзбекстан саяси жабық мемлекет дер едім. Солай болғанымен, біздің президент елімізді дамытуға, ислам діні мен өзбек тілін көтеруге бар күш-жігерін салды. Бүгіннен бастап Өзбекстан Кәрімовсіз дегенге аса қорқынышпен қараймын. Енді биікке талас күшейіп, елдің жағдайы ушықпаса деген жалғыз тілегім бар. Әйтпесе марқұм президенттің артынан жаман сөз айтатындай ол елі үшін жаман әрекет жасаған емес.
Шухрат, сатушы:
-Осы билікте ұзақ отыратын, қартайса да тағын бермейтін басшылар Орта Азияда ғана бар шығар. Ислам Кәрімов сондай ел тағын ұзақ билеген басшылардың бірі де бірегейі. «Өлмектің артынан өлмек жоқ», өзге елде нанымызды тауып жеп жүрсек те, еліміз үшін алаңдаймыз. Қарт кісінің соңғы уақытқа дейін келесі басшыға орын босатпауы сонша жыл билеген елін енді дүрбелеңге түсіре ме деп қорқамын. Бірақ тыныштық болуын тілеймін.
Зилола, аспаз:
-Қарт кісі ғой, қаза қайырлы болсын деймін. Біз бірдеңе дегенімен билік мәселесін заң мен биліктегі кісілердің өздері шешеді. Біздің қолымыздан еліміздің береке-бірлігін тілеу ғана келеді. Кәрімов ұзақ жылдар Өзбекстанның болашағы үшін жақсылы-жаманды жұмыстар атқарды. Оны тарихта тұңғыш президент болып қалатынын, ширек ғасырлық еңбегін жоққа шығара алмаймыз.
Нодир, аяқ киім жөндеуші:
-Ислам Кәрімовтың қайтыс болуына байланысты еліме қайғырып көңіл айтамын. Жырақта жүрсем де жүрегім еліммен бірге. Алайда елдің болашағы үшін алаңдауға еш негіз жоқ деп сабырға шақырғым келеді. Тұңғыш президентіміз бектікен заң бар, талап бар. Заң бойынша билікке кім келуі керек болса сол келеді. Билік пен заңдарда өзгеріс болса да, ел іші сол баяғыша қаз-қалпында тіршілік кеше беретініне сенем.
Айта кетейік, 2013 жыл 1 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстанда 520 мыңға тарта өзбек тұрады. Өзбек диаспорасына арналған 81 мектеп бар. Сондай-ақ, Қазақстан халықтары ассамблеясының құрамында өзбектердің ұлттық мәдени орталығы жұмыс істейді.
Естеріңізге салсақ, Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Кәрімов 78 жасында қайтыс болып, бүгін Самарқанға жерленді.
Ал Өзбекстан Конституциясының 96 бабына сәйкес, Сенат төрағасы Нигматулла Юлдашев Өзбекстан президенті міндетін уақытша атқаратын болды. Енді алдағы үш айдың ішінде Өзбекстан президентін сайлау өткізілуі тиіс.
Индира Қуат