ПАН ГИ МУННАН КЕЙІН БҰҰ-ның БАС ХАТШЫСЫ КІМ БОЛМАҚ?

/uploads/thumbnail/20170709062447489_small.jpg

БҰҰ-ның Қауіпсіздік жөніндегі Кеңесінде Бас хатшыны сайлау жөніндегі дауыс беру кезеңі өткізіледі. Бұл шара Ресей Федерациясының ұйымдағы тұрақты өкілі Виталий Чуркиннің жетекшілігімен өтеді. Дауыс берудің төртінші кезеңі 9 қыркүйекке жоспарланған. Бесіншісі 26 қыркүйекте болады.  Одан кейінгі дауыс беру кезеңі қазан айының алғашқы аптасына белгіленген.

«Бұл туралы БҰҰның Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы, Жаңа Зеландияның ұйымдағы тұрақты өкілі Джерард ван Бохеман хабарлады» деп жазады, БҰҰ-ның «Жаңалықтар орталығы». 1 қыркүйектен бастап Жаңа Зеландия Кеңестің басшысы боп бекітілді. Джерард ван Бохемен журналистерді Кеңестің қыркүйек айына белгіленген жоспарымен таныстырды. Бұл айдағы ең басты оқиғалар: 21 қыркүйекке белгіленген Кеңес мүшелерінің Оңтүстік Суданға сапары және Бас хатшыны сайлау кезеңі.

Болашақ Бас хатшыны таңдау рейтингісі бойынша сөз сөйлеген Жаңа Зеландия елшісі  дауыс беру барлық ережелерге сай өтетінін айтты. Дауыс беру жабық есік жағдайында өтпек. Бес тұрақты және он тұрақты емес Кеңес мүшесіне дауыс беру үшін бірдей түске ие бюллетендер берілмек. Ал қазан айындағы дауыс беруде Кеңестің тұрақты мүшелері мен тұрақты емес мүшелеріне берілетін бюллетендер әртүрлі болады. Жаңа Зеландияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілінің айтуынша, қыркүйек айында оның орнына дауыс беруді Ресейдің тұрақты  өкілі Виталий Чуркин өткізеді.

«БҰҰ-ның Бас хатшысы лауазымына Жаңа Зеландиядан үміткер қатысатындықтан мен қыркүйек айындағы дауыс беру шарасына жетекшілік жасамаймын» деді, Джерард ван Бохемен.

Қазіргі таңда  БҰҰ-ның Бас хатшысы лауазымына 10 үміткер тіркелген. Олардың алтауы Шығыс Еуропадан: бұрынғы югославиялық Македония Республикасынан Срджян Керим, Словенииядан Данило Тюрк, Болгариядан Ирина Бокова, Молдова Республикасынан Наталья Герман,  Сербиядан Вук Еремич, Словакиядан Мирослав Лайчак. Сондай-ақ бұл лауазымнан Антонью Гутерриш  (Португалия) те үміткер боп отыр. Жаңа Зеландиялық Хелен Кларк, аргентиналық Сусана Малькорра және Коста-Рика өкілі Кристиана Фигерес  де сайлауға қатыспақ.

БҰҰ-ның жарғысына сәйкес Бас хатшыны Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысымен Бас Ассамблея тағайындайды. Жетпіс жыл ішінде ұйымға сегіз Бас хатшы жетекшілік еткен. Дауыс беру кезеңдері Кеңестің барлық 15 мүшесі бір шешімге келгенше немесе бір үміткерге Кеңес мүшелерінің басым бөлігі дауыс бергенше жалғасады.

Естеріңізге салайық, Пан Ги Мун — ұйым тарихындағы сегізінші Бас хатшы. Ол Кофи Аннанның орнын басқан, осы лауазымға тағайындалған жалғыз азиялық азамат. Кофи Аннанға дейін Бас хатшы қызметін 
Бутрос Бутрос-Гали (1992-1996), Хавьер Перес де Куэльяр (1982-1991), Курт Вальдхайм (1972-1981), У Тан (1961-1971), Даг Хаммаршельд (1953-1961)  Трюгве Ли (1946-1952) атқарған.

Сарапшылардың пікірінше, БҰҰ-ның Бас хатшысы лауазымына Шығыс Еуропалық өкіл сайлануы мүмкін.

Шарафат Жылқыбаева

Қатысты Мақалалар