Біз қазақ біртүрлі ырымшыл халықпыз ғой. «Итің жаман» десе өкпелейміз, балаңды «иии, жаман» десе мәз боламыз. Сондағымыз, көз тимесін деген ырым. Сөйтеміз де, «жексұрын», «жетпегір» одан қалса, «хайуанға» теңеп сөгетін әдетіміз тағы бар. Әсіресе, қазіргі жас ата-аналардың көбі сәбилеріне қалай болса, солай сөйлей салады, боқауызды өздері үйретіп жатады.
Кішкене кезімде әжемнің «Құдай төбеңді көрмесін» дегенін естіп, неге олай дейтінін сұрағанымда, «Құдай бұзықтың төбесін көрмесін. Көрсе тас төбесінен бір қояды» деп айтқан еді. Бұрынғылар баланы балағаттамаған ғой. «Ой, береке тапқыр» деген, ұрысып тұрса да. Өйткені періштелер әрдайым «Әмин» деп тұрады. Не үшін жақсы тілек естісек «періштенің құлағына шалынсын» дейміз де, жаман сөз айтып жатқанда осыны ескермейміз? Жалпы Алланың жаратқан адамына «маймыл», «есек», «ит», «шошқа» деуге болмайды. Ақыретте сұрауы ауыр болады.
Ұнамаған адамға «кәпір-ай» деп оп-аңай айта салатындар бар. Бұл аздық қылса, намаз оқымағанның бәрін «кәпір», шошқа санап уахабилер шықты. «Кәпір» деп – дінсізді, яки, Алланы «Раббым» деп мойындамайтын имансыз адамды айтады. Мейлі ол намаз оқысын, оқымасын, ораза тұтсын, тұтпасын «Лә илаһа илла Аллаһ» деп тілін кәлимаға келтіргеннің бәрі мұсылман. Пайғамбарымыз с.а.у айтқан: «Лә илаһа илла Аллаһ, Мұхаммад Расулаллаһ» деп кәлимасын айтқан адам жаннатқа жетеді» деп. Бұл хадиске қарап Ислам ғалымдары иман келтірген адам жүз жерден күнәһар болса да, оны «кәпір» деп діннен шығара алмайтындықтарын, күнаһар боп өлсе де, оның жаназасы шығарылатынын айтқан.
Ел ішінде жүрген сәләфи-уахабилердің ата-бабаларымыз ұстанған игі дәстүрден жеріп, намаз оқымағанның бәрін «кәпірге» теңеп, жүріп-тұру, ойнап-күлу, музыка тындау, домбыра тарту, тіпті ақындықты да харам санап, қоғамнан бірден жиреніп шыға келді. Ал, жиһадшылар адамдарды, оның ішінде мұсылмандарды да «кәпір» деп малша бауыздап жатыр? «Аллаһу Акбар» деп қоятындарын қайтерсің, олардың. Осы тұста Пайғамбарымыз с.а.у Хазіреті Алиге р.а «Қатыгездік адамды кәпір етеді» дегенін ескеруіміз керек. Мұсылман мұсылманға мейірімді болу керек.
Сондай-ақ, «Кімде-кім біреуді кәпір десе, егер оның кәпір екендігін дәлелдеп бере алмаса, ақыретте өзіне қайтады» деген де хадис бар. «Жақсы сөз жарым ырыс», «Жақсы сөз жан семіртеді» дейді, халық. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деу қателік. Жаман сөйлемек тұрмақ, «жаман ойлаған адам – талай жақсылықтан қағылады» деген, шариғатта. Балаға да, басқаға да дұрыс әңгіме айтайықшы. Бәрінен де «кәпір» деген сөзге сақ болайықшы. Білмегенді Раббымыз кешірсін, иманымызды берік етсін, әрдайым!
Мөлдір Нұрман