Өткен жыл елдің есінде көші-қон жолының жабылуымен қалды. Ата-жұртқа оралған қандастарымызға азаматтық беру талабы бұрынғы алты айдың орнына төрт жыл мезгілден кейін деп өзгертілді. Яғни, елге оралған этникалық қазақтарға елде төрт жыл қоныс тепкеннен кейін ғана азаматтық беру мәселесі қарастырылатын болған. 1992 жылы Қазақстан үкіметі сырттағы қазақтарға айқара құшағын ашып, қандастарымыздың елге үйлесіп кетуі үшін №791 қаулысын қабылдаған болатын. Қаулыға сай көптеген жәрдем мен жеңілдіктер қарастырылған. Осы қаулының талабы кейін мың өзгеріске түсті. Айталық 2003 жылы «оралман» мәртебесі пайда болған еді. Оралман мәртебесі қандастар үшін қиындығы көп құжат болды. Оны алмаған қандастардың құқығы келімсектемермен бірдей-ақ болып қалды. Тоқаев үкіметі кезінде №136 қаулы қабылданып, қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына, ем алуына, балаларын оқытуына қосымша жеңілдіктер қарастырған. Өз кезегінде Мәсімов үкіметі 2010 жылы №307 қаулысын шығарып, көптеген жеңілдіктерді алып тастаған. Оның ішінде квоталық жәрдем мен Қазақстан азаматы емес қазақтардың магистрлік, докторлық оқуына арналған жеңілдіктер бар. Сондай- ақ азаматтық алуға талап етілетін құжаттардың тізімі әр жыл сайын өзгеріп отырды. Осындай мың құбылған заңдардың зардабынан 90 жылдардағыдай емес, заман кеңіп, елдің әлеуеті көтерілген тұста елге ағылған қандастарымыздың көші саябырсып қалды. Өткен жылы болса азаматтық беру тәртібі мүлдем күрделеніп, елде ең кем дегенде төрт жыл қоныс тебу шарты енгізілді. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарына түсу үшін оралмандарға бөлінген 2% гранттан басқа жеңілдік пен жәрдем атаулы түгелдей алынып тасталды.
Қазақстанның ертеңгі болашағы ұлттың денсаулығымен, өсіп – өнген демографиясымен ғана жарқын екені даусыз. Қазақ демографиясының өсуі халықтың табиғи өсіміне ғана емес шетелде тұрып жатқан қандастарымыздың тездетіп елге оралуымен де маңызды. Сондай – ақ этникалық қазақтардың тұрып жатқан өңірлерінде жергілікті халықтарға жұтылып, мәдениеті мен тілінен айырылып бара жатқаны да өзекті мәселе болатын. Осы орайда, қазақ баспасөзі, оның ішінде «Абай», «Қамшы» сайттары көші-қон туралы үздіксіз жазып, этникалық қазақтардың елге оралуын кешеуілдететін заң жобасына наразы азаматтардың пікірін тынбай жариялап отырған еді. Енді, міне сең қозғалып, азаматтық алу жеңілдетілген қуанышты жаңалықты да оқырманынан сүйіншілейтін күн туды.
Қайта сайланған Мәсімов үкіметі атқа мінген жиырма күн ішінде үлкен іс атқарды кеше. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Президент жанындағы орталық коммуникация қызметі брифингінде қандастарымызға бір жылда азаматтық берілетіні жайлы мәлімдеме жасады. Барша ақпарат құралдары жарыса жазған мәлімдемеге сай, елімізге оралған қандастарымыздың азаматтық алуына үлкен тосқауылдар енді болмайды. Соған қарағанда «Сотталмаған туралы анықтама», «Қытай азаматтығынан шығып келу» деген сияқты қитұрқы қағаздар талап етілмейтін көрінеді.
Әлеуметтік желілерде қуаныштың желдей ескен сөздері жаңбырша жауып – ақ жатыр. Қазақтың көші енді елге қарай жөңкіле түсетіні анық. Басын тік ұстап, қайқаңдай желген қара нарлардың екпіні басылмас ләйім. Алыста бабасы туған топырақты аңсаған барша қандастарымызды елге оралуға шақырамыз. Мәңгілік елдің маңызды қадамдарын бірге басайық, бауырлар!
Нұрғали Нұртай