Ерболат Беделхан шынымен де қызтеке ме?

/uploads/thumbnail/20170709070235704_small.jpg

Qamshy.kz редакциясына Кереку өңіріндегі бір оқырман хат жолдап, соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланып жүрген «Ninety One» тобына қатысты пікірін білдіріпті. Хат иесі әнші жігіттер мен оның жетекшісі Ерболат Беделханға қатысты айтылып жатқан тоқсан түрлі сынның тобықтай түйіні іштарлық пен көреалмаушылық деген қорытынды шығарған. Порталдың өзге оқырмандарын да сол хатпен таныстыруды жөн көрдік.

Құрметті «Қамшы.kz» ұжымы! Сіздердің порталдарыңызда бірнеше рет әнші, продюсер Ерболат Беделхан мен оның «Ninety One» тобы туралы сыни мақалалар жарияланды. Соған байланысты өз ойларымды жариялауларыңызды сұраймын.

Қазақ эстрадасына «Ninety One» тобы шыққалы ондағы жігіттер мен топ жетекшісі Ерболат Беделханға қатысты сыни пікірлер қарша борады. Өнер болған соң, шығармашылық болған соң сынсыз болмайды. Қайта сын өнерді өрге сүйрейтін күш. Алайда, «91» тобына қарата айтылып жүрген айыптарды әділ сын дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Олай дейтініміз, әншілерді сынаушылар олардың әндеріне, ән мәтіндеріне, билеріне қатысты бірде бір тұщымды сын айтпады. Тек, киген киімдерін, шаш үлгісін, кейбір қимылдарын ғана жерден алып жерге салуда. Сондықтан, ол айтылғандарды сын деп қабылдаған дұрыс емес деп ойлаймын.

Әнші жігіттерге қатысты қазақ өнерінің ақсақалы Нұрғали Нүсіпжанов, әнші апаларымыз Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сын айтып жатса жарасар еді. Алайда, «ұлт», «дін», «дәстүр» ұғымдарын желеу етіп тас атушылардың барлығы дерлік өнерден алыс адамдар болып отыр. Әншілер қауымы дін мәселесіне араласпайды ғой осы. Сол сияқты әркім өзі білетін іспен айналысып, білетін сөзін айтпай ма? Жоқ, көп шуылдақ арзан абырой жинағыштардың айтағына еріп кете барды. Әйтпесе, «Ninety One» тобының мына әні мәнсіз, мына әні ұрланған, анабір әнінің сөзі мынадай талаптарға сай емес» деген пікір естімедік. Киген киімін сынаймыз. Айналайындар-ау, сахнаға қара костюм-шалбармен шығатын әншілерден жалықпадыңдар ма? Өнер деген еркіндік емес пе? Бұл жерде діни, философиялық ой-толғамдарды тоғыта беру орынсыз. Өнер адамдары сахнада киген киімін былайғы уақытта да киеді, сән үлгісін қалыптастырады. Тек сахна саңлақтары ғана емес, ақын, жазушы, суретшілерге қараңыздар.

Ал, сол сыншылар топтың қысқа мерзім ішінде өнер сахнасынан өз орындарын мықтап иеленгені, тыңдаушының, әсіресе, жастардың зор махаббатына бөленгенін неге көрмейміз?

Енді Ерболатқа келсек. Ерболатты мен өте жақсы танитын, жастайынан араласқан адаммын. Әңгімені әріден бастасақ, Ерболат мені Қазақстанға өзі арнайы шақырған, мұнда келгенде таныс ешкімім жоқ болды. Елге сіңісіп, үйренісіп кетуіме көп көмектесті. Баспанамды реттеп берді, жұмыс мәселесін шешуге де көп септігін тигізді. Ерболаттың көмегі тиген адам бір мен еместігімен де сенімдімін. «Айтып берген садақаның сауабы кетеді» дейді ғой қазақ. Амал жоқ, Ерболаттың ерге тән сол ісін айтуға тура келді. Ерболат ел айтып жүргендей ұлттық құндылықтардан қол үзген, «мәңгүрт», «шіріген жұмыртқа» болса, арғы беттегі ағайынға мұндай қамқор көңіл танытар ма еді? «Орда» тобы Қазақстанның өнер сахнасында әлдеқашан өз биігін бағындырған. Мен сияқты қазақтарға Ерболат менсінбей қараса да ешкім ренжімес еді. Алайда, ол азаматтығын биік қойды бәрінен. Әлі де солай деп сенемін.

Қазақ қоғамы не үшін жаңа үлгідегі өнерпаздарға қарсылық танытып жатыр? Әріден ойласақ, қоғам ол топқа, ондай әншілерге қарсы емес. Жекелеген адамдар, мүдделі топтар, керітартпалар сондай пікір қалыптастыруда. Бар болғаны сол. Ел үшін бір көкжал туса, оған шабатын төрт ит қоса туады. Мына жерде де сол. Өнерімен оза алмаған, таланты асып түспегендер бәсекелестікті бақталастыққа айналдырады. Не өзі ештеңе бітірмейді, не қолынан іс келетіндерді көре алмайды. Оны осы «Ninety One» туралы дау-дамай дәлелдеді.

Редакцияға хат жазудағы бар айтпағым осы. Қазір оқшау ой айтып, шындықты сөз етсең ел жексұрын жасайды. Көптің аты көп. Ақ-қарасын ажыратып жатпайды. Бірақ, солай екен деп үндемей отыруға тағы болмайды ғой. Ал, енді «Ерболат қызтеке екен. Анандай екен, мынандай екен» деген сөздер өнер түгілі адамдыққа жат айыптаулар. Қаласа Ерболат сондай әңгіме таратқандарды заң органдары арқылы анықтап, жауапқа тартуына да болады. Заң Ерболаттың жағында. Адамның абыройын аяққа таптауға еш жерде жол берілмейді. Қазақстанда да солай. Мен замандастарымнан (әлгі «дәстүр жанашырларының» айтағына еріп жүрген жастар аз емес( даурықпа әңгімені одан әрі қоздырмауды, негізсіз айыптауларды оңды-солды таратпауды, салмақты болуды өтінемін.

Мұрат Елжан

Павлодар облысы Екібастұз қаласы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар