Таяуда сол Тоқтархан Қожағапанов деген қалталы барша түрік халықтарының асыл мұрасы «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» кесенесі тұрған жерді әкесі Жұман Қожағапанов атына өзгертуге бел шеше кірісіп кетті деп хабарлады Аягөз тұрғыны Амангелді Керімтаев. Естеріңізде болса, бұл жөнінде өткен жылы «Егемен Қазақстан» газеті бастаған басылымдар, www.Abai.kz, www.qamshy.kz, www.ult.kz, www.maidan.kz, www.qazaquni.kz, www.tanym.tv сайттары, т.б еліміздің ақпарат құралдары дабыл көтерген. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауына ие болып отырған бұл Тоқтархан Қожағапанов деген алған бетінен қайтатын емес. «Қозы-Көрпеш» кесенесі тұрған Қозы мен Баянның махаббатына куә болған қасиетті жер “Тарлаулы» ( тарлау – емдік, дәрілік қасиеті бар шөп атауы) ауылын әкем Жұманның атына ауыстырып алмақшы. Сонда бұл Тоқтархан Қожағапанов кімге және неге сеніп отыр?
Төменде осы бір өзекті мәселе туралы жазған Амангелді Керімтаевтың "Аягөзде «Ономастика туралы Заң» талаптары өрескел бұзылуда" мақаласын сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік...
Банкир Қожағапанов Тоқтархан деген Шығыс Қазақстан облысы әкімі Б.Сапарбаевтың ерекше құрметіне бөленген жан. Алақандай ауылда әкесі–Қожағапанов Жұманның есімімен аталатын Мәдениет Үйі, көше, анасы– Қожағапан келіні Көшжанның атымен аталатын мешіт үйі соның айқын белгісі. Мұны да місе тұтпай, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың мүрделері жатқан, Түркі әлемінің киелі мекені-Тарлаулы ауылын әкім-қаралардың көмегімен оны да әкесінің атына аударып алуға жан сала кірісіп жүр. Әкесі Жұман кішігірім шаруашылықтар мен МТС директоры, қой фермасынының меңгерушісі ғана болған екен. Тоқтарханның өзі Аягөз ауданының «Құрметті азаматы» атаныпты. Бұл атақ оған мектеп бітірген соң институтқа түсе алмай қалғанда бір жыл ғана жұмыс істегені үшін берілген бе екен? Бір жанұяның осынша «құрметке бөленуін» моральдық мешкейлік емес деп қалай айтарсың?
Аягөзде атаққұмарлықтың, дарақылықтың, кенеусіз мақтанның аты озып тұр. «Ауданның құрметті азаматы» деген атақты үлестіруде аягөздіктер Қазақстанда бәйгенің алдын бермеуде. Лауазымы биік, қалтасы қалың ұлдың қарапайым әкесі көзі тірісінде түсінде де көрмейтін құрметке бөленетін болды. Ел ішінде «Атаңның атағы олқы болса Аягөзге бар» деген мазақ-мәтел пайда болды. Көпшілік наразылығын тудыратын кемшілік көп-ақ.
Тарлаулы топырағынан қалса қазаққа, озса әлемге танымал тұлғалар жаралған. Үш бірдей министрдің кіндігі осы ауылда кесілген. Ондаған ғылым докторлары түлеп ұшқан мекен. Медицина бойынша дүние жүзіне мәшһүр екі бірдей ғылыми-зерттеу институттардың ірге тасын қалағандар осы Тарлаулы перзенттері. Солардың бір де бірінің есімін еншілеген бір де бір көше немесе нысан жоқ.
Бұдан біраз жыл бұрын көше және елді мекен атауын өзгертуге мораторий жарияланған еді. Өйткені, сол кезде есімін жалпақ ел тұрғай, көрші-қолаңдары да әрең-әрең білетін әлдекімдердің аттарын нысандарға беру жиілеп кетіп, қоғамның наразылығын тудырған еді. Елбасының: Көкесі үлкеннің көше атын, қалтасы қалыңның ауыл атын иемденетінін сынаған ескертпесіне елең етпегендер болған. Содан барып, «Ономастика туралы» заңға түбегейлі толықтыру мен өзгерту енгізу үшін зерттеу жүргізілді. Заңның кемшін тұстары анықталып, кейбір баптар қатаңдатылды. Келеңсіз, негізсіз берілген атауларды реттеуде осы құжат негізгі тетік болу керек еді. Алайда Заңды белден басуды әдетке айналдырып алған Шығыс Қазақстан облысы мен Аягөз ауданының әкімдері «Ономастика туралы Заң» талаптарына да пысқырып қарамайтын ескі әдетінен айнымауда.
«Ономастика туралы Заңның» 25-бабында Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайға, порттарға, вокзалдарға, теміржол, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға жеке адамдар есімін беру жөніндегі ономастика жұмысының критерийлері анықталған болатын. Ол бойынша тек Қазақстан Республикасының алдындағы сіңірген еңбегі үшін кентке, ауылдық округке, ауылға жеке адамның атын беруге негіз бола алмайды. Жеке тұлғаның еңбегі өз бағасын Халықаралық қауымдастық алдында алу керетігі тұжырымдалған. Жеке адамның Халықаралық қауымдастық пен Қазақстан Республикасының алдында сіңірген еңбегіне Заңмен шектеу қойылған. Халықаралық қауымдастық алдында тұлғаның еңбегі қай салада танылса, сол сала арқылы бағаланары белгіленген. Тұлғаның халықаралық қауымдастық пен Қазақстан Республикасы алдында сіңірген еңбегін бағалау Б.Сапарбаев пен Аягөздің әкімі Н.Нұрғалиевтың тәп-тәпел, бәкене өресімен өлшенбесі анық.
Амангелді Керімтаев,
ШҚО Аягөз қаласы.