Еліміз тәуелсіздігін алып, ұлттығын ұлықтап, жоғын түгендеп, жоғалтқанын қайта таба бастаған жылдары осы елдік мақсаттарды жүзеге асыратын ұлттық басылымдар да жарық көре бастады. Оның бірі, әрі бірегейі, халықтық мүдде мен елдік мұратты ту етіп ұстаған апталық "Түркістан" газеті еді. 1994 жылдың 28 қаңтарында 4 бет қана болып шыққан "Түркістан" газеті қазіргі таңда қазақ ақпарат айдынан ойып орын алар пәрменді басылымға айналды.
Басылымның алғашқы белестері туралы белгілі журналист Көлбай Адырбекұлы былайша еске алады: «Заман-Қазақстан» газеті берген уәделерін орындамағаннан кейін, жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов оның орнына «Түркістан» газетін ашты. Бұл халықаралық газет болды. Қалтай Мұхамеджанов ең қиын кезеңдерде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, қаржының тапшы кезінде газетті шығарып отырды. Сол кездегі газет қызметкерлері де айлап жалақы алмаса да, газетті шығарды. Бұл тіл үшін күрес болды. Тәуелсіз елдің мүддесі үшін күрес болды. Осының бәрінің басшылығында Қалекең тұрды. «Түркістан» газеті қазір іргелі газеттің біріне айналды. Өз оқырмандарын тапты. Бұнда қоғамдық өмірдің барлық саласы қамтылады: экономика, тарих, саясат, дін, өнер. Дін, тарих, мәселесіндегі ол кісінің публицистикалық шығармалары оқырмандар көкейінен шығып отырды. Әсіресе, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында елімізде өте толғақты мәселелердің біріне арналған көші-қон проблемасына арнап, арнайы «Қоныс» қосымшасын жүргізуді қолға алды. Қосымшаның редакторы Айтан Нүсіпхан Қазақстанның көші-қон саласындағы іргелі саясатының қалыптасуы жайында көп проблемаларды сөз етті,- дейді (http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/40983)
Расында, "Түркістан" газеті негізі қаланған алғашқы жылдардан бастап, күні бүгінге мемлекеттің қалыптасуы мен қазақ руханиятының жандануына еңбек етіп келеді. Газет бетінде қаншама шетенді, күрмеуі қиын проблемалар жазылды, елдің тізгінін ұстаған азаматтармен бірге қоғамдық мәселелер талқыланды. Халқымыздың даңқты перзенттері "Түркістан" арқылы қазақ қоғамына жаңа қырынан танылды. "Түркістан" газеті Мұстафа Шоқайдың "Түркістан" идеясының атын өшірмей, бүгінге дейін жеткізді. Түркі жұртының қара шаңырағы - Қазақстанның басты басылымдарының біріне айналды.
Биыл "Түркістанның" жарық көре бастағанына 20 жыл толып отыр. Басылымды мерейтойымен "Қамшы" порталы редакциясы атынан құттықтай отырып, "Түркістан" ұжымына тек шығармашылық шабыт, телегей табыс, ерен еңбектеріңіз жемісті болсын деп тілейміз!