«Сырласу» - театр мен көрермен арасындағы алтын көпір

/uploads/thumbnail/20170708152210975_small.jpg

Соңғы кезде театр төңірегінде жағымды жаңалықтар мен тың бастамалар көбейіп келеді. Сондай шаралардың бірі - М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрындағы «Сырласу» ұйымының ашылуы. «Сырласу» ұйымының негізгі мақсаты театрға көрермендерді, әсіресе жастар жағын көптеп тартуға, көрермен мен театр ұжымының байланысын жақсарту. Кеше М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрындағы «Сырласу» ұйымы актерлерімен кездесу өткізді. Кездесуге белгілі жас өнерпаздар: «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты Алмас Шаяхметов пен Гүлнұр Шыңғысова қатысып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Рухани әңгіме өрбіп, әртістер көрерменмен ой бөлісті. Әңгіме барысында «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, актер Алмас Шаяхметов өзінің өмірлік мақсаттары театрмен тығыз байланысты екенін айтады: «Біздің басты мақсаттарымыз да театрмен байланысты. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, еңбегіміздің жемісін көріп, театрдың арқасында жетістіктерге жетіп жатырмыз. Көрермендеріміз көбейе берсін, Қазақ театры жасасын! Біз жақсы, жарқын образдардың сахнаға алып шығып, ойнауға бармыз», - дейді. 381A2287 Ал, «Бір қойылымның дайындығына қанша уақыт кетеді?» деген көрермен сауалына Гүлнұр Шыңғысова: «Театр сахнасына бір қойылымды шығару үшін кемінде 3-4 ай уақыт арналады. Ең алдымен, бір ай уақыт бойы пьеса талданады, артық-кемі түгенделіп, кейіпкерлер белгіленеді. 2-3 айда сахнаға шығып, дайындала бастайса, соңғы айы толық дайындыққа арналады",- деп жауап берді. «Қай қаладағы театрларға жиі ат басын бұрасыздар» деген көрермен сұрағына қос актердің ойы бір жерден шыққан секілді. Екеуі де мүмкіндігінше өзге театрлардағы әріптестерімен үнемі байланыста екенін айтып өтті: «Әр театрдың ел руханиятында өзіндік орны бар, әр қайсысы өзінше қояды. Сондықтан, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театры мен М. Лермонтов атындағы орыс Мемлекеттік академиялық театрдың жақсы қойылымдарына барып тұрамыз», -деді. Айта кетер жайт, «Сырласу» ұйымының мұндай кездесуді алғаш өткізіп отырған жоқ. Осыған дейін «Сырласуда» қонақта белгілі актрисалар Салтанат Бақаева мен Бақтияр Қожа, Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева болған еді. Театрдың көрермендермен жұмыс жасау бөлімінің меңгерушісі театртанушы Салтанат Әбілғазиева аталмыш  шара туралы: «Сырласу» ұйымының негізгі мақсаты театр актерлері мен көрермендердің арасында алтын көпір болу. Өйткені, Әуезов театрының актерлерімен кездесіп, сұхбаттасып, сырласу ол күнде қайталана бермейтін жайт. Бұл әкемтеатрдың көрермендерге жасаған үлкен сыйы, жол ашуы. Бүгінгі кездесу ерекше өтті. Себебі, ән айтылды. Әртістер көрермендерге жаңа қырларымен танылды», - деп шараны қорытындылады.

Қатысты Мақалалар