Түркістан қаласының іргесінде Қарнақ деген ауыл бар. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі атақты «Тайқазан» осы ауылда құйылған. Қарнақтың тағы бір ерекшелігі, мұнда елдің айтуы бойынша 1300 жылдан бері өсіп келе жатқан тұт ағашы бар.
Мәдени құндылықтарды түгендеу, құжатқа түсіру мақсатында құрылған экспедиция құрамында болғанымызда осы тұт ағашына арнайы бардық. Бес-алты адам қол ұстасып құшағын жайса да еніне еркін бойламайды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі.
Осындағы ескі көз ағайындардың сөзіне қарағанда, бұл тұт ағашын мұсылмандықты уағыздаушы діндар Имам Бақли еккен көрінеді. Енді бірі Пайғамбарымыздың әскер сардары қадаған шыбықтан өнген деседі.
Қарнақ ауылының тұрғынлдарының айтуынша, олар бұл тұт ағашын өте қатты мақтан етеді. Ауылдың символына айналғандай дейді тұрғындар.
Бүгінде ортасын шірік кеулеп бой-бой жарылып жатса да жан-жағындағы бұталар жыл сайын бүршік жарады. Талай ғасырды артта қалдырған көнекөз ағаштың жапырағын жұлған адамдар өте жайсыз түс көріп, қиыншылықтарға ұшырайды екен. Сондықтан да тұрғындар мен саяхатшылар бұған зиярат етіп келеді. Бұл енді біздің кейбір ағайындар айтатындай Аллаға серік қосу емес, халқымыздың ырым-нанымы. Қалай дегенде де табиғаттың бір құпиясы осы тұт ағашының әлі күнге дейін өмір сүруінде болса керек