Украина бас прокуроры Олег Махницкий: «Януковичтің мемлекеттен ұрлағаны - 100 млрд. АҚШ доллары» деп хабарлайды. Бас прокурордың сөзіне қарағанда, Украинаның қашып жүрген бұрынғы президенті Виктор Янукович бұл 100 млрд. доллардың белгілі бір мөлшерін Еуропа банктеріне салса, оның 32 млрд. АҚШ долларын жүк машинасына тиеп, Ресейге апарған. Қазіргі Шығыс Украинадағы бүлікшілер мен орыс сепаратистерін ұры Янукович осы ұрлық ақшамен қаржыландырып отырса керек. Оған Путиннің көк тиыны да шығып жатқан жоқ деген сөз, деп жазады Тенгриньюс.
Бұл - бір ғана Януковичтің лаңы. Ал, бұрынғы ТМД елдерінде қаншама януковичтер өз мемлекеттерінен, өз халқынан ұрлаған-жырлағандарын қайда апарып жасырып жатыр екен? Украинадағы жағдайдан кейін Ресей ұрыларының шетелдерге жасырған ұрлық ақшаларына санкциялар жарияланып, олардың есеп-шоттары жаппай бұғаулануда.
Осыдан қатты секем алған біздің мемлекет басшысы таяуда офшордағы ақшаларды елге әкеліп, заңдастыру керек деп бізде де ұры-қарылар бар екенін ашық мойындап, оны жалпақ жұртқа жайып салғаны белгілі. Кейбір ақпараттарға қарағанда, біздегі ұрылар ол ұрлық ақшаларын Батыс банкілерінен алып, Ресей мен Шығыс елдері банкілеріне салып жатқан көрінеді. Ертең Янукович сияқты олардың да бастарына күн туа қалған жағдайда, барып бас сауғалайтын жерлері – жалғыз Ресей екенін іштері сезеді. Оның үстіне Ресей олардың бар болса, барлық қылмыстарын жіпке түзіп жүрген ел. Ертең Ресейге қарсы шықса, олар бұл қылмыстылардың былықтарын біраақ күнді ашып тастайды деген сөз.
Биліктің неге «Еуроазялық одақ» дегенге соншама құштар болып жүргенін - көзі қарақты жандар енді аңғара бастаған шығар деймін. Жалпақ тілмен айтқанда, Қазақстан халқының есебінен ұрланған ол ақшалардың қызығын енді олардың туған халқы – біз қазақтар емес, негізінен Ресей халқы ғана көретін сияқты. . Бөгде тілде шүлдірлегіш шенеуніктері: «Мемлекет, отан, туған халық» деген түсініктің жоғы белгілі. Осы жылдың мамыр айының аяғында Ресей, Қазақстан, Беларуссия – «Еуразиялық одақ» құрады. Сөйтіп, бұл елдер тәуелсіздігін тәрк етпек. Беларуссия президенті Лукошенко ол «одаққа» қарсылығын білдіре бастағанымен, Путин алған бетінен қайтатын емес. Бұларға тәуелсіздіктен гөрі жеке бастарының амандығы керек болып тұр.
Жұмаш Кенебай,
Пікір қалдыру