«Қамшы» сайтында «1991-1995 жылдары өткiзiлген жекешелендiру қазiргiден жеңiл өттi деп санаймын. Жекешелендiруге қарсы тұрмау керек. Онсыз экономика әрi қарай қозғалмайды. Тек қана қажеттi мәселелер болса жарайды, басқаның барлығы жекенiң қолында болуы керек. Сонда ғана бiздiң бизнес өркендеп-өседі», - деген мемлекет басшысының пікірін оқыдым. Әрине Елбасының әр ісінен қазақ еліне, қазақ халқына деген жанашырлық ниетін танимын. Бірақ, менің де көптен көңілде қордаланып қалған жекешелендіруге қатысты өз ойым бар.
Иә, 1991-1995 жылдары өткiзiлген жекешелендiру қазiргiден жеңiл өттi деуге болады, өйткені нарықтың не екенін, капитализмның не екенін түсінбеген ел-жұрт жекешелендіру басталысымен жапатармағай колхоз бен совхоздың меншігінде тұрған тұрғын үйлерді көк тиынсыз бір жапырақ чек арқылы иеленіп мол олжаға кенелгендей болды. Бірақ ондай мол олжаға қазақтар ғана емес басқа ұлттар да ие болған еді. Біржағынан бұл жекешелендіру 1930-1932 жылдардағы жекеменшікті ортақтандыру (колхоздастыру) саясатымен сәйкес деуге болады. Бірақ ол «колхоздастыру» кесірінен қаншама халық қайғы-қасырет шекенін тарих беттерінен білеміз.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жекешелендіру ортақтандырылған дүниені жекеменшікке беру саясаты еді. Біз осы жерде мүлт кеткен сияқтымыз. Жалпы сол кезде Қазақстанда басқа ұлттың өкілдері басым тұратын. Жекешелендіру басталысымен бір жапырақ чек парағымен кеңшардың мемлекет есебінен салынған берекелі және берекетті үйлерін сутегін жекешелендіріп тарихи отандарына қайтқан «отандастар» қандастарымызға валютамен сатып жатқанда өкінгенім бар. Сол жылдары шет асып кеткен «отандастар» тарихи отандарына қанша валюта алып кетті екен!?. Ал сол кезде ел адамдары қаржы тапшылығынан қалай қиналдық. Өзім аудандық, облыстық газетке тұрғын үйлерді жекешелендіруді кідірту керек екенін себебі елге қажетті шетел валюталары шетел қазынасына кетіп жатқаны туралы мақала жазғаным да бар.
Мүмкін сол кезде тұрғын үйлер жекешеленбей колхоз, совхоздардың балансында тұрса, қазір оралмандарға үй-жай дайын, қалада үй мәселесі де өткір тұрмас еді.
Колхоз, совхоздардың жерлері жекешеленгенде қатты өкіндім, сонда да көппен бірге өзіме тиісті жекешеленген жерді иелендім де, аңырап қалдым. Себебі жерді өңдейтін өндіріс құралдарым жоқ, несиеге кепілге қоятын мүлкім де жоқ, содан жерімді амалсыз фирмаларға жалға беріп, соның ақысына үш қап ұн алып тұрамыз. Ал осы жекешелендіруден ауыл тұрғындары не ұтты!?. Өз ауылым кеңшар орталығы еді, Оның алты бөлімшесі болды, 30 мың қойы, 2 мың жылқы, 1 мың сауын сиыр, бұның ішінде мүше малдары есепте жоқ, 15 мың гектар егістік алқабы. Сондай-ақ, ауыл халқының барлық әлеуметтік мәселелері кеңшардың мойнында еді. Не керек кеңшар нарыққа төте бере алмай күйреді. Осылай даласы малға, алқабы егінге толы кеңшардан қазір өлер - өлмес үш ауыл қалды. Ең өкініштісі 400-500 жұмысшы жұмыссыз қалып, «самозанятый» болып ала дорба сүйреп кетті. Айтылмай қалған сөздің атасы өледі демей ме, «колхоздар» неге жекешеленіп кеткенін өз басым түсіне алар емеспін, себебі аталмыш шаруашылықтар кеңес одағы тұсынан ұжымдық меншіктегі шаруашылықтар еді ғой.
Мүмкін экономиканы ілгерлету үшін жекешелендіру емес қайтадан жеке шаруашылықтарды ұжымдастырып колхоз ұйымдастыру керек шығар. Сонда ер елін, жер иесін табар ма екен. Тек колхоздарды үкімет техника, қаражатпен демеп жіберсе олар аяғынан қаз тұрып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететіні сөзсіз.
Сөзімді қорытындылай келе аталмыш сайта экономист Әлібек Аллияров «жекешелендірудің экономикаға айтарлықтай үлкен әсері болмайтынын алға тартады.
-Жекешелендіру керек, бірақ кейбір табиғи монополиялық объектілер бар, олар мемлекеттің бақылауында қалуы тиіс. Жекешелендірудің экономикаға әсері шамалы, бизнес қалай бар, солай жұмыс жасайды. Экономиканы көтеру және ұстап тұру үшін шағын және орта бизнеске (ШОБ) салынатын салықты алып тастау керек. Сонда ғана бизнеске жан бітеді. Бюджеттің 80 % - ын ірі монополистер мен жер қойнауын пайдаланушылар толтырады, сондықтан ШОБ салығын алып тастаса, бюджеттен ештеңе жоғалпайды, - дейді экономист. Мен де оның пікіріне толығымен қосыламын.
Р.S. «Қамшы» сайтында Үржардағы пластикалық PVC құбыр шығаратын зауыт құрылысына 10 миллиард теңге инвестиция жұмсалып, бүгінгі таңда зауыт қаңырап бос тұр дегендін оқыдым. Мүмкін экономиканы ілгерлету үшін ақ ниет, тісқаққан тәжірибелі мамандар керек шығар. Әйтпесе «Болашақтың» тәжірибесі жоқ түлектері министр болып экономиканы ілгерлетеді дегенге сенбеймін.
Ерсін Ерғалиев